Театр • 26 Қазан, 2020

"Астана Балет" үш спектакль премьерасына билет сата бастады

427 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сегізінші маусымын дәрігерлердің құрметіне үш қайырымдылық концертпен ашқан соң, "Астана Балет" театрының әртістері үш премьералық спектакльге дайындығын жалғастырды. Олардың көрсетілімі 30-қазан мен 6 қарашада өтеді. Жаңа маусымдағы спектакльдерге билет сатыла бастады. Ол тек театр сайты арқылы онлайн жүзеге асырылады, деп хабарлайды Egemen.kz

"Астана Балет"  үш спектакль премьерасына билет сата бастады

30 қазанда көрермен қауым қос премьераны тамашалайды. Бір кеште театр сахнасында шақырылған хореограф Рикардо Амарантенің жаңа туындысы – "Longing" ("Құштарлық"), сонымен бірге, Дэвид Джонатанның "Instinct" ("Инстинкт") бір актілі балеті көрсетіледі.

Рикардо Амаранте қазақстандық көрерменге біршама таныс: оның қойылымдары театрдың концерттік және гастрольдік бағдарламаларында тұрақты түрде көрсетіледі. Аргентиналық композиторлар Астор Пьяццолла мен Пабло Циглердің музыкасына қойылған тың туындысы - "Longing" балетінде көрермен қауым қимылмен өрілген эмоцияның толқыны мен көркемдік безендірудегі минимализмге куә болады. Бұл туындысында балетмейстер: "осы өмірден, махаббаттан, жалпы, өзара қарым-қатынасымыздан, шын мәнінде, не қалаймыз?" деген сұрақтың жауабын іздегендей. Әйтсе де, осы тақырыпты қозғай отырып, ол біржақты жауап бермей, көрерменнің өз бетінше ой қорытуына мүмкіндік береді.

Театрдың жетекші солисті Дэвид Джонатан үшін, "Instinct" "Астана Балет" Театрына арнап қойған алғашқы балеті. Бұған дейін, ол балетмейстер ретінде Австралияның Батыс балеті мен Фландрия Корольдік балетінің труппаларымен шығармашылық әріптестік орнатқан. Хореографтың айтуынша, балетті жасау идеясы бір жыл бұрын пайда болғанымен, қазіргі таңда өзектілігі арта түскен.

"Пандемия балеттің идеясына ерекше әсер етті. Карантин кезінде қандай күй кешкенімізді айтамын. Либреттода да осы жайлы жаздым: көптеген адамдар өздерінің жақын туыстарымен, сүйікті жандарымен кездесе алмады. Осы сезім, бір болуға деген ұмтылыс ерекше маңызға ие. Балеттің аты "Инстинкт", себебі, осы пандемия мен локдаун күтпеген жерден орын алып, біздің инстинктивті әдеттеріміз өзгеріске ұшырады. Осы жайлы ойлар мені мазалады. Біз бұрынғыдай өмір сүре алмадық, бірақ, бәрібір өмір сүруіміз керек еді", дейді Дэвид Джонатан.

Ал 6 қарашада көрермен қауым тағы бір премьераны тамашалайды. Астаналық театр сахнасында қазақстандық хореограф Анвара Садықованың "Желтораңғы туралы аңыз" бір актілі балеті көрсетіледі. Қуат Шілдебаевтың музыкасына қойылған балет желтораңғы ағашы жайлы баян етеді. 

Спектакль премьералары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.