19 Қараша, 2013

Мың жасаған шаһардың шамшырағы

350 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

01-aa-25-5Әу баста өзінің қызмет ету үрдісін ұлттық құндылықтарды құнттау мен қазақ қоғамының тыныс-тіршілігіне тікелей араласуға, тәуелсіздікті көксеген халықты жақсылыққа шақырып, жаман­­­дықтан жирендіруге бағыт алып бастаған «Алматы ақшамы» басылымына 25 жыл толып отыр. «Мың жасаған шаһардың шамшырағына» айналған басы­­лымның ширек ғасырлық мерейтойына орай газеттің бас редакторы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қали СӘРСЕНБАЙМЕН әңгімелескен едік.

01-aa-25-5«Алматы ақшамы» газетіне – 25 жыл

Әу баста өзінің қызмет ету үрдісін ұлттық құндылықтарды құнттау мен қазақ қоғамының тыныс-тіршілігіне тікелей араласуға, тәуелсіздікті көксеген халықты жақсылыққа шақырып, жаман­­­дықтан жирендіруге бағыт алып бастаған «Алматы ақшамы» басылымына 25 жыл толып отыр. «Мың жасаған шаһардың шамшырағына» айналған басы­­лымның ширек ғасырлық мерейтойына орай газеттің бас редакторы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қали СӘРСЕНБАЙМЕН әңгімелескен едік.

– Өзіңіз басқарып отырған басылымның 25 жылдық мерейлі тойы құтты болсын! «Алматы ақшамының» жарық көру тарихы қалай басталған еді?

– «Бұл ән бұрынғыдан өзгерек» демекші, газетіміздің өткелі отырған тойының ерекшелігі бөлек. Желтоқсан оқиғасынан кейін қоғамдық пікірлердің өрістеп тұрған кезі ғой. Сол кездерде ұлттық мәселелер, елдік мәселелер алдыңғы қатарға шықты. Жұрттың қайта құру лебімен демократия мен жариялылыққа талпыныс жасалып жатқан уақыт-тын. Осы кезде қоғамда болып жатқан әлеуметтік-саяси ахуал, идеологиялық ахуал – осылардың барлығының өрши түсуі мен басқаша сипат алуы бұл былайша айтқанда тәуелсіздіктің хабаршысындай болды.

01-КСарсенбайСол уақытта күн тәртібіне мемлекеттік тіл, ұлттық құндылықтар туралы мәселелер қойыла бастады. Соның ішіндегі бір мәселе қазақ тіліндегі қалалық газет ашу болды. Мысалы, Алматы – Қазақстанның астанасы. Ал енді, осы астанада неге қазақ тілді кешкі газет шықпайды деген мәселе қойылды. Бұл ұсыныс мінберлерден айтылды, жекелеген зиялы қауым өкілдерінің мақалалары көп шықты. Сол кездегі билікте отырған Қазақстан басшылары бұл мәселеге назар аударды. Өйткені, 86-шы жылғы оқиғадан кейін ұлттық мәселелерге жол ашу керек болды. Желтоқсанда жастардың ереуілге шығуы да орталық биліктің ұлттық мәселелерге немқұрайды қарауынан туған жоқ па! Сондықтан да, бұл жерде ешқандай саяси-ұлттық сипат болған емес еді. Бұл тек қазақ ұлтының өз құқығын талап етуі ғана. Сондай талаптарды қанағаттандырудың бір шарасы осы қалалық газетті жарыққа шығару болды.

1989 жылы наурызда Алматыда айтыс өтті. Сонда Әселхан мен Әзімбектің сөз қағыстыруына осы «Алматы ақшамы» арқау болды. Әселхан былай дейді:

«Рахмет, құттықтаулар қаулар тағы,

Әйтсе де басылмайды даулар жағы.

Әйтеуір зиялылар оқып жүр ғой,

Күніге «Вечеркадан» аударманы».

Соған Әзімбек марқұмның жұлып алып берген жауабы:

«Жеңеше жібердіңіз оталдырып,

Шын қайны Әселханға атандырып.

Сол «ақшам», шіркін, жеңеше, шықса қайтер,

Бөлініп өз алдына отау құрып? – дейді.

«Отау болып» дейтін себебі, ол кезде «Алматы ақшамы» «Вечерняя Алматының» ішінде қосымша болып шығатын. 1988 жылдың 1 шілдесінен бастап. Міне, осындай қоғамдық пікірдің қозғауымен, оған биліктің көңіл бөлуімен «Алматы ақшамы» өз алдына отау болып жеке шыққан еді.

– Бұл басылым өз оқырманына несімен ыстық деп ойлайсыз?

– «Алматы ақшамының» ерекше ыстық болатыны, қымбат болатын себебі әлі күнге дейін республиканың әр түкпіріндегі адамдардың жаздырып оқитындығы. Бұл – қазіргідей қаптаған газеттер шығатын заманда емес, Кеңес Одағының құрсауында отырған кезеңде шыққан газет болғандығынан. Одан кейін «Ана тілі», «Түркістан» апталықтары бірінен кейін бірі шыға бастады.

Алматыны сағынбайтын пенде жоқ. Әлі күнге дейін іштегі жұрт та, сырттағысы да «Алма­тым» деп қарайды да отырады. Алматы – қазақ ин­теллигенциясының байырғы мекені! Алаш зиялыларының табанының ізі қалған қасиетті жер. Кешегі Ахмет Байтұрсынов жүрген жер, Сәкен Сейфуллин көшеде кетіп бара жатқан кезде бүкіл ел бұрылып қарап тұрған қала. Тектілер мен тау тұлғалы азаматтардың рухы жаңғырып тұрған жерде ұлттық құндылық мәселесінің көтеріліп, қалалық қазақ тілді басылымның жарыққа шығуы заңды құбылыс еді.

«Алматы ақшамы» алғашқы жарық көрген кезінен бастап мемлекеттік, ұлттық, рухани мәселелерге батыл бет бұрды. Біздің студенттік шағымызда газет сататын дүңгіршектердің алды қаптаған кезек болатын. Ел ентелеп «вечерканы» алуға асығушы еді. Қалада не жаңалық болып жатыр, кинотеатрларда нендей қойылым болады, соның бәрін білгіміз келетін. Кейіннен сондай күй «Алматы ақшамының» басында да болды.

– Өз алдына отау тіккенде басылым бірден «Алматы ақшамы» болып кетті ме, әлде басқа да атаулар ұсынылды ма екен?

– Газеттің атауы жөнінде де сол кезде біраз тартыс болған. «Кешкі Алматы» деп атайық деушілер де табылған. Кей кісілер «ақшам» деген діни атау ғой деп, діни сипат бар деп ат-тонын ала қашқан сәттер де болған. Енді бір қызығы, газеттің атауынан үркіп отырған кей адамдар сол кездің өзінде «Лениншіл жас» газетінде «Ақшам» деген сенбілік бет шығатынын қаперге де алмаған. Соны көрмегендей болып, жоқ жерден секемшілдік танытқанымен, үлкен тартыспен әйтеуір газеттің атауы «Алматы ақшамы» деп аталған еді. Бұл ретте де зиялы қауым өзінің жеңісіне жетті.

– Кешегі «ақшам» мен бүгінгі «ақшамның» арасында нендей өзгерістер бар? Кімдер басқар­ды, қандай жаңа айдарлар пайда болды?

– «Алматы ақшамы» алғашқы нөмірінен бас­тап күні бүгінге дейін өзінің әдемі үрдісі мен халықшыл ұстанымын жалғастырып келе жатыр. Газеттің алғашқы редакторы Исламғали Бейсебаев деген азамат, одан кейінгі редакторы Ерғали Сағат қазақтың танымал қаламгерлері, елжанды, ұлтын сүйер азаматтар. Құдайға шүкір, газет әлі сол өз жолы, өз үрдісімен келе жатыр.

Газеттің көтерген мәселелері, бертін келе пайда болған тақырыптары ол өз алдына бір төбе әңгіме. Қазір аптасына 60 бетпен, менеджменттік талаптарға сай, жаңаша дизайнмен көркемделіп жарыққа шығуда. Әр газеттің өз оқырманы болады, қазір менің қуанатыным, алматылық зиялы қауым да бұл басылымға бет бұрды. Алматы – қаржы мен туризмнің, мәдениеттің астанасы десек, қазақтың біршама зиялы қауым өкілдері мен тұлғалы азаматтары осы қалада тұрады. Ал енді осындай адамдардың біздің газеттің оқырманы болуының өзі де бір бақыт. «Зиялының сөзі» деген айдарымыз бар, осы айдар бойынша көптеген қаламгерлеріміз газетке атсалысады, ой айтады, идея, пікірін ортаға салады. Қадыр Мырза-Әлі ағамыздың өзі өмірінің соңғы жылдарында осы газетте жұмыс істеп кетті.

Газет ұжымы мақсатты түрде іс атқаруының арқасында демеушілер тауып «Алматы ақшамы» кітапханасы» деген сериямен біраз кітаптарды жарыққа шығарып үлгердік. Оның ішінде өзімізде қызмет ететін жігіттер мен қыздардың шығармашылығы бар, белгілі адамдардан Асанәлі Әшімов, Қадыр Мырза-Әлі, сосын Алматыны басқарған басшылар туралы «Алматыны басқарғандар» деген секілді кітаптар шықса, дәл осы уақытта Сәбит Оразбайдың «Өмірдің өзі – театр» атты кітабы жарық көріп отыр. Бұл нені білдіреді? Бұл – газет журналистерінің тек ақпарат беріп қана қоймай, әрбір ұлттық құндылығымызға ұқыптылықпен қарап, өздерінің шығармашылық қуатын еркін қолданып отырғанын және әр тарапта ізденіс үстінде екенін көрсетеді.

– Иә, «Алматы ақшамы» жан-жақты ақпаратпен қатар өмірдің өзінен сарапталған, талай тәжірибенің тезінен өткен салиқалы дүниелерімен де оқырманын баурап отырғаны рас. Елдің ой-өресін көтеретін ең әуелі баспасөз екенін осындайда еріксіз мойындайсыз.

– Интеллектуалды ұлтты қалыптастыруды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жиі айтып жүр. Неге десеңіз – халық өсуі керек, халықтың білімі, білігі жоғарылауы керек. Халықтың санымен қатар сапасы да артуы тиіс. Білімді, білікті ел алысқа барады. Міне, халықтың рухани деңгейі жоғары болуына сол себепті Елбасы айрықша назар аударып отыр. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында «Мәңгілік Ел» деген идеяны неге көтерді? «Мәңгілік Елді» осындай интеллектуалды адамдар ғана жасай алады, бұл қағиданы жүзеге асыру білімі, білігі бай, парасат-пайымы зор адамдары бар елдің ғана қолынан келеді. Бұл идеяны қалыптастыратын да, дамытатын да, жүзеге асыратын да дәстүрлі басылымдар.

Әңгімелескен

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар