Бағдарламада спортшы соңғы жаңалықтарымен бөлісті. Алдағы жекпе-жегі жайлы сөз қозғалды. Жүргізушілер әңгіме барысында одан қашан үйленетінін сұрады.
"Мен қайда барсам да, бұл сұрақ қойылады. Ата-анам да уақыт келді дейді. Немере керек дейді. Олар бұған дейін айтқан жоқ, бірақ қазір жиі айтады. Мен спортшымын, қазір уақыт жоқ. Төрт-бес ай бойы шетелде жүрмін. Қазір менің мақсатым 4 желтоқсандағы жекпе-жекте жеңіске жету, содан кейін келесі жылға мақсаттар бар. Келесі жылы, жазда, егер мен UFC-мен келісім жасасам, Америкаға барсам, содан кейін үйлену туралы ойлана аламын", деді ол.
Сондай-ақ спортшы бала кезінен бойының қысқа екенін, дене шынықтыру сабағында ең соңғы болып тұрғанын және әкесіне неге биік әйел алмағанын айтып, жылап, шағымданғанын еске алды.
"Әкем "егер сен ертең кішкентай қалыңдық алып келсең, екеуіңді үйден шығарып жіберемін", деді. Қазір мен қарап жүрген қыз бар. Ол ұзын бойлы. Біз аздап сөйлестік. Одан басқа үйленетін қызды көрмеймін", деді Қуат Хамитов.
Ол бұл жаңалықты ешкімге айтпағанын, бірінші рет жариялап отырғанын мәлімдеді.
"Ол спортшы… Ол – волейболшы Сабина Алтынбекова. Менің ойымша, бізде жақсы, чемпион балалар болады. Достарым "Егер үйленсең, Дэвид Бэкхэм және Виктория сияқты боласыңдар" дейді", деп бөлісті спортшы.