19 Қараша, 2013

Шиырып сілтер құлжаның асығындай

490 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Күнде көріп, қолын алып жүрген адамның жан дүниесіне терең бойлап, дәл сипаттама беру оңай емес екен. Ізеттілік танытып, құрметімізді көрсетеміз де, «жақсы кісі» дей саламыз. Өйткені, қырық құбыла адам табиғатына кесімді анықтама беру бос әурешілікке саятындай. Бірақ, осыған жақындатып сипаттама беретін азаматтар болады екен. Оны құрдастар, мұңдастар, сырластар айтады. Мәселен, жазушы Төлеген Қажыбаев «Өнегелі өмір жолдары» деген арнау кітабында былай деп жазыпты: «Құлжаның асығындай қалай шиырып лақтырсаң да қашанда елгезек, шапшаң, уәдесіне берік, ісіне мығым Сапанның асығы алшысынан түсіп жатады». Көз алдыма, жоғарыда айтқандай, Сапан ағамыздың талас-тартыс тудырмайтын, нанымды суреті тұра қалды. Осындай суретті сала білген, осындай суретке лайық болған бүгіндері жетпісті жағалатқан екі ағамызға қатты риза болдым.

 

Күнде көріп, қолын алып жүрген адамның жан дүниесіне терең бойлап, дәл сипаттама беру оңай емес екен. Ізеттілік танытып, құрметімізді көрсетеміз де, «жақсы кісі» дей саламыз. Өйткені, қырық құбыла адам табиғатына кесімді анықтама беру бос әурешілікке саятындай. Бірақ, осыған жақындатып сипаттама беретін азаматтар болады екен. Оны құрдастар, мұңдастар, сырластар айтады. Мәселен, жазушы Төлеген Қажыбаев «Өнегелі өмір жолдары» деген арнау кітабында былай деп жазыпты: «Құлжаның асығындай қалай шиырып лақтырсаң да қашанда елгезек, шапшаң, уәдесіне берік, ісіне мығым Сапанның асығы алшысынан түсіп жатады». Көз алдыма, жоғарыда айтқандай, Сапан ағамыздың талас-тартыс тудырмайтын, нанымды суреті тұра қалды. Осындай суретті сала білген, осындай суретке лайық болған бүгіндері жетпісті жағалатқан екі ағамызға қатты риза болдым.

Әйткенмен, өмір иесінің асығы үнемі алшысынан түсіп жатпайтыны анық. Мұны жазушы ағамыз біліп тұрып жазып отыр. Мәселе, жан дүние асығыңды дұрыс ұстай білуде. Өзі де асықтай Сапан Жапаровтың дүние есігін ашуы соғыстың сұрапыл 1942 жылымен тұспа-тұс келуі де біраз жай­ды аңғартады. Сол жылы әкесі Қажыбай соғысқа аттанып, сәби жүрегіне жүдеулік түсірсе, көп ұзамай анасы Майраның қайтыс болуы балаң жүректі оңдырмай жаралағанын айтып жеткізу қиын. Ең ауыры, Са­пан анасының түр-әлпетін де есіне түсіре алмай сағыныш сарын­дарында күн кешіп келе жатқандығы. Майра Мағжан ауылы Сарытомардың қызы екен. Сапан ағамыздың бойындағы жақсы қасиет тәлім­дерді осынау жағдаятпен де байланыстыруға болады.

Бір қызығы, өзіміз отыз жылдан астам танитын Сапан Қажыбайұлының өн-бойынан, жүріс-тұрысынан, әңгіме-ауа­нынан жетімдік ізін бір сәт те байқамаппыз. Жан-жағын жады­ратып жүретін ағамыз, менің ойымша, өзіміздің ұлы халыққа тән ұрпақ қамын жоғары қоятын рухани қайнарлардан нәр алып, қуаттанған бақытты жандар қатарында. Атасы Рамазан мен әжесі Қайыржанның мейір-мар­хабаты, ынта-ықыласы сә­би Сапанның үстінде болды. Қол­ға іліккен тағамның тәттісін немересінің аузына тосып, киімнің ең тәуірін осының үстіне жапсырды. Сөйтіп, бұрынғы Чкалов ауданындағы Шұңқыркөлде туып, Тақыршақсай ауылында өсіп-өнген Сапанды ата-әжесі оңы мен солын танып білгенше бауырына періштедей басып ұстады. Жай ұстаған емес... Қайыржан әженің бүкіл аналарымызға тән мына өлең жолдарын оқып көрсек, біраз жайды зерделерміз:

Ермекпен Сапан бала бірдей жасың,

Әрнәрсе еске түсер отырғансын.

Үстінен оныншының

төрт жыл оқып,

Апаңды күні ертең асырарсың.

Аман жүр қайда жүрсең,

балапаным,

Ісіне бір Алланың келмес қалым.

Ұшырған өз қолымнан

көк қаршығам,

Дабылдап көкке қарап

отырғаным...

Сол Сапан «үстінен онын­шының төрт жыл оқып», Алма­тының халық шаруа­шы­­лығы институтының қар­жы-несие бөлімін үздік бітір­ді. Арнайы жолдамамен туған елге оралып, Көкшетау облыс­тық қаржы басқармасына маман­дығы бойынша қызметке орналасты. Еңбекқорлығымен, табандылығымен, ширығып өскен болмысымен әріптестер құрметіне бөленіп, жақсы аты шыға бастады. Қызмет сатысында жоғарылады.

Ағамыз «өзім болдым, өзім толдымның» адамы емес. Іс үстінде қамқорлық танытып, ақыл қосып, тәжірибе бөліс­кен басқарма басшылары Алексей Черебаевтың, Рүстем Шерияздановтың, Қайыр­жан Сәбитовтің тәрбие-тәлімін аузынан тастамайды. Өйткені, осы қасиеттер өзі де басшы болған жылдары алдынан шығып, көмек-тіренішке айналғанын қалайша ұмытар.

Әсіресе, Көкшетау теміржол бөлімшесінің кәсіподақ ко­митетіне жауапты хатшы болып ауысқан жас жігіт адамдармен тіл табысу, солардың мұң-мұқтажын қорғау сияқты сан қырлы жұмыста іскерлік қабілетін барынша таныта білді. Бейнелеп айтқанда, мемлекет ішіндегі мемлекет дегенге келіңкірейтін теміржол саласындағы мыңдаған адамның мүддесін жоғары ұстау, қалыпты тіршілігін қалыптастыру әсте оңай шаруа емес десек керек. Сол жылдары Көкшетау теміржол бөлімшесінің еңбектегі табыстары ғана емес, әлеуметтік-мәдени тұрмыстағы жетістіктері байтақ елімізге озат тәжірибе ретінде таратылғанына жұртшылық куә. Теміржолшылар сарайының думаны тарқамайтын. Сыртқы паркте балалардың теміржол стансасы жұмыс істеп тұрды. Әкімшілік тарапынан тұрғын үйлер, жатақханалар салынғаны да есімізде. Бұл істерде кәсіподақ жетекшісі Сапан Жапаровтың қол ізі, жаңашыл бастамашылдығы барын ешкім жоққа шығармайды.

Әрқашан қарапайым, жұ­мы­сына адал азамат өзінің облыстық партия комитеті деп аталатын үлкен үйдің кадрлық резервінде тұрғанын білмеген де шығар. Олай дейтініміз, Сапан Қажыбайұлы Көкшетау облыстық партия комитеті жанындағы партия комиссиясына шақырылғанда азар да безерге түскенін айтады қатарластары. Бірақ, партиялық этика, өзінің табиғи қасиетіне сай осынау аузынан жалын шашқан комиссияда атандай сегіз жыл мінсіз қызмет атқарды. Мұндағы талаптың күштілігін Сапан ағамыздың екі бірдей Социалистік Еңбек Ерінің қаҺарлы басшылығында жұмыс істегенімен-ақ дәлелдеуге болады.

Биік бедел иесіне 1985 жы­лы үлкен лауазымды қызмет ұсынылып, облыстық сақтандыру басқармасының бастығына жоғарылатылды. Мұнда да 13 жыл қатарынан үзбей еңбектенген Сапан Жапаров іргелі өзгерістерге жол ашып, Көкшетаудың беделін асқақтатты. Ол басқарған облыс­тық басқарма 1989 жылғы Бүкіл­одақтық социалистік жарыстың қорытындысымен КСРО Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы орталық комитетінің ауыспалы қызыл туымен, бірінші дәрежелі ақшалай жүлдесімен марапатталды. Өлкеде бұрын-соңды мұндай оқиға болған емес. Облыста ешкім мініп көрмеген Жапонияның желдей ескен «Тойото» автокөлігін қызмет бабында ерттеп мінген де осы Сапан ағамыз еді.

Көпшілік Көкшетаудың қақ ортасында облыстық сақтандыру басқармасының заманауи сәулет­тегі бес қабатты ғимараты бой көтергенде қайран қалған. Бұл да Сапан Қажыбайұлының жарғақ құлағы жастық иіскемеген бақыт­ты күндері екені даусыз. Көптеген аудандарда мекемелік ғимараттар тұрғызылды. Бурабай курортты аймағында 50 орындық шипажай құрылысы аяқталуға тақағанда Көкшетау облысы жабылып, жұмыстың аяқсыз қалғаны ғана өкінішті. Уақыт ырғағындағы нарықтық экономиканың талап-талғамы басқаша болып шықты.

Сапан Жапаров облыс жабыл­ғанда беделін саудалап, басқа жақ­тан қызмет іздемеді. Сол 1999 жылдан Көкшетау қалалық жұмыспен қамту орталығының бастығы дәрежесінде тәуелсіз мемлекетіміздің игі саясатын жүзеге асыруға септігін тигізіп, аянбай еңбектенді. Зейнеткерлікке шыққанымен үйде қарап отыра алмайтын ағамыз қалалық әкімдіктің шақыруымен қазір де әкімдік қарауындағы диспетчерлік қызметті атқаруда.

...Көкшенің көкөрім көшесінде бүгін де кездестік. Ықылас-ын­та төгіп, ақжарқын кейіппен амандық білді де «ал, жұмысыңа тарт» деді. Уақыттың қадірін біл дегені. Сайран жеңгемізден айырылғанымызға көп бола қойған жоқ. Асықтай ұлдары Руслан мен Сержанына тәубе қылатын ағамыз көңілдің көлеңкесін байқатпады...

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан».

КӨКШЕТАУ.

Соңғы жаңалықтар