Қоғам • 27 Қазан, 2020

Көне көліктері көз тартады

481 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұстаздық қызметте жүрген Нұржан Солтанбеков бір жыл бұрын ағаштан ретро көліктердің макетін жасауды қолға алған. Астау ойып, домбыра шабатын шеберлер бар, ал көне көліктерді ағашқа айналдыру көп өнерпаздың ойына келе бермейді.

Көне көліктері көз тартады

Жас суретші Нұржан Сол­танбековтың негізгі бағыты кескіндеме өнері мен графика еді. Кәдімгі қаламсаппен салған иллюстрациялық суреттері ерте­гі кітаптарға сұранып-ақ тұр. Батырларды салған бейнесіне қарасаңыз, сырт келбетін көріп қана қоймайсыз, ішкі рухын да сезінгендей боласыз. Әр суретіне жауапкершілікпен қарайтын Нұржан атүсті жүріп, қолына қарындаш алмайды. Жайланып-толғанып барып, асықпай кіріскен жөн деп есеп­тейді өзі. Сондықтан да шы­ғар, әр жұмысы сапалы, тартымды болып шығады.

Замандастары Нұржанның салған суреттеріне қарап, ертегі кітаптардың иллюстраторы бо­луға әбден лайық екенін айтады. Рас-ау, бүгінде бүлдіршіндер қызығатындай қазақы суреттер жоқтың қасы. Баланың санасын «Человек паук», «Халк», «Буба» сынды қайдағы жоқ кейіпкерлер жаулап алған заманда ұлттық болмысымызға жақын, өскелең ұрпаққа тәрбие беретіндей көр­некіліктер керек-ақ.

Графика, кескіндеме жанрында жұмыс істеп жүрген Нұр­жан Солтанбеков Семейдегі №19 мектепке жұмысқа орналас­қан­нан бері ағаштан ретро көлік жасауды ермек етіп жүр.

– Ағаш өнерімен айналысу ойымда болған емес. Осы мектепке келген соң ағаштан жасалған ретро көліктің шағын макетін көрдім. Аяқталмаған екен. Оны осы мектепте мұғалім болған бір ағамыз бастап, кейін қайтыс болып кетіпті. Соны аяқ­таған соң осындай макеттер жа­сауға кірістім, – дейді жас су­ретші.

Қазіргі уақытта Нұржанның қорында ретро көлік макетінің бесеуі бар. Жиырма шақты жұ­мыс жиналған соң көрме өткі­зуді де ойластырып отыр. Ол көне көліктерді ғаламтордағы суреттеріне қарап жасайды екен. Жүз пайыз ұқсатпаса да мөл­шерін келтіреді.

Семей қаласының тумасы Нұржан Солтанбеков колледж­ден соң жоғары білім алу үшін 2012-2015 жылдары Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетіне түсіп, «Бейнелеу өнері және сызу» мұғалімі ма­мандығын алып шыққан. Бүгінде Семейдегі №19 мектепте көркем еңбек пен бейнелеу өнерінен сабақ береді. Ағаш, графика жанрынан бөлек сәндік қолданбалы өнермен де шұғылданады.

 

Семей