Аймақтар • 27 Қазан, 2020

Алаңдатарлық ахуал – күшейтілген күрес

164 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысындағы ахуал алаңдатарлық халде қалып отыр. Осыған байланысты облыс әкімі Құмар Ақсақалов да үндеу жариялап, халықты сақтануға шақырған еді. Осыдан кейін тиісті қызметтер де жағ­дайдың оңай емес екенін жеткізіп, коммуникацияның аймақтық қызметінде брифинг берді. Тауарлар мен қызмет­тер­дің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бас­тығының орынбасары Татьяна Горлова мен облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Құмар Күсемісов жағдайдың оңай емес екендігіне назар аударды.

Алаңдатарлық ахуал – күшейтілген күрес

 

Бүгінгі таңда барлығы 4 326 адам науқасқа шал­дық­қан. Соның ішінде соңғы тәулік­тер­де ғана 9 адамның бойынан вирус табы­лыпты. Ресей Федера­ция­сынан келіп жат­қан­дар арасынан вирус тасушылар көптеп табылуда. Осы 9 адамның 3-еуі сол елден келгендер. Ең сорақысы сол, соңғы екі аптада жаман індетке ұшырағандар саны 1,5 есе артқан. Яғни 103-тен 157-ге жеткен. Соның 37 пайызы, яғни 58-і сырттан келгендерден шық­қан.

Медицина қызметкерлері індет­ті анықтау жолындағы жұ­мыс­тарын жетілдіре түс­кен. Бүгінгі таңда облыс­тың 117 мың тұрғыны тес­ті­леуден өткі­­зілген. Бұл бар­лық тұр­ғын­­дардың 21 пайызы деген сөз. Соңғы аптада алдыңғыға қарағанда тестілеуден өткендер саны 1,6 есе артық болған немесе алдыңғы аптада 4 541 адам өтсе, соңғыда 7 414 адам тес­тілеуден өтіпті. Соның нә­ти­­жесінде бо­йынан індеттің бел­гілері табылған адамдар саны 17 пайызға артқан.

Жаман індеттің бір ерек­ше­лі­гі – ол иммунитеті әлсі­ре­ген, қартаң адамдар ара­сында көп кездеседі. Сол­түс­тікте де бар­лық нау­қас­тардың арасын­да 60-тан ас­қан­дар­дың үлесі 26%, ал 50 мен 59 жас ара­­сын­­да­ғылар 20%, 30 бен 39 жас ара­сын­да­ғылар 18% болып отыр. Ал 15 пен 18 жас ара­лы­ғын­да­ғы­лар­дың үлесі – 2%.

Індеттің жұмыс істей­тін­дер, зей­нет­керлер, жұмыс істе­мейтіндер ара­сын­дағы тара­­лымы да назар аудартады. Ауруға ұшырағандардың ең көбі жұмыс істейтіндер екен. Бұлардың жұмыс пен үй мәселелері арасындағы алаң­дау­шылықтары им­му­нитетті әлсірететін болса керек. Сон­дық­тан да олардың барлық науқастардың ара­сындағы үлесі 30%-ды құ­рап отыр. Ал жұмыс істе­мей­тіндердің үлесі – 19%. Зейнеткерлер 21 па­йыз­дық үлесті қамтыған. Ме­ди­цина қызметкерлері ара­сын­дағы таралым – 9%, ал мектеп оқушылары ара­сын­дағы үлес – 4%. Осы­ның бәрі індеттің қалай қоз­дануын, кімдерге айрық­ша әсер етуін анықтау үшін керек дейді мамандар.

Қазір облысқа сырттан келе­­тіндер мұқият тексеруден өте бастады. Әсіресе, Ресей Фе­де­рациясынан кел­ген­­дер ыждаһатты тек­сері­леді. Мемлекеттік шека­ра­­ның бо­йында 3 бекет ашыл­ған, онда карантиндік стацио­нар­лар бар. Соңғы аптада мемлекеттік шекарадан барлық үш бекеттен 4 509 адам өткен. Күдік келтіріліп, карантиндік стационарларға орналастырылған 352 адам­ның 20-сының бойынан індет табылды. Бұлар Қазақ­стан азаматтары болса, күдікті делінген 8 шетелдік азаматтың шекарадан бері өтуіне рұқсат берілмеген.

Індетке ұшыраған облыс тұрғындарының 56 пайызы Петропавл қаласының тұр­ғын­да­ры болып отыр. 3 ауданның тұр­ғын­да­ры бес пайыздық үлестен асты. Соның ішінде Қызыл­жар ауданында – 7 па­йыз, яғни – 321, М.Жұмабаев ауданында – 6 пайыз, яғни – 276, Тайынша ауданында – 5 пайыз, яғни – 233 адам.

Облыс әкімінің жанын­да­ғы аймақтық комис­сияның оты­ры­­сында жаман індетке ұшы­­рағандар саны 7 адамнан асса, аудан орталықтары мен елді мекендерді жабу тура­лы шешім қабылданған. Осы талапқа сәйкес алты аудан­да­ғы 10 елді мекен жабылды. Соның ішінде Булаев, Мам­лют, Явленка сияқты аудан орталықтары бар. Онда эпидемиялық жағдай жақ­сар­­ған­ша карантин алынбайды.

Жаман індетке байланысты шектеулердің орындалуын тексеру жөніндегі мони­то­ринг­­­тік топ бүгінге дейін 969 хаттама толтырды. Оның 884-і жеке адамдарға жасалды. Ал шаруа­шы­лық субьектілерінің 83-і осындай жаза тартты. Соның ішінде екі лауазымдық тұлға бар. Барлық салынған айыппұл көлемі 53 млн теңге болып отыр.

Індеттің балалар арасын­да­ғы таралымы да аз емес. Оқу жылы басталғаннан бері 30 оқушының індетке ұшырағаны анықталды. Оның жартысы мектепте оқи­тындар болса, қал­ған жар­тысы қашықтан оқи­тын­дар. Мектептердің карантин талабын орындауын тексеру барысында 10 мектепте оқуды тоқтату жөнінде қаулы қабылданған. Онда талаптарды бұзушылыққа жол берілген. Алайда жуырда ондағы шектеу шаралары алы­нып, мектептер қайта ашылды. Барлығы 126 мектепке мониторинг жасалды.

Облыстағы жаман індет­тің ахуалы әзірге осындай.

 

Солтүстік Қазақстан облысы