Оқиға • 27 Қазан, 2020

Табиғат қорғаушыларының тұңғыш сыйлығы тапсырылды

262 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында үздік инспекторларға, орманшыларға және табиғатты қорғауға атсалысып жүрген белсенді азаматтарға орман шаруашылығы мен жануарлар әлемін сақтау саласындағы «Елім-ай» сыйлығы берілді.

Табиғат қорғаушыларының тұңғыш сыйлығы тапсырылды

 

Шараға Экология, геология жә­не табиғи ресурстар министрлігі (ЭГТР) мен «Республика. Аймақ. Да­му» қоғамдық қоры ұйытқы бол­ды.

Марапатталушыларға сыйлық­ты ЭГТР министрі Мағзұм Мыр­зағалиев, Мәде­ниет және спорт министрі Ақтоты Райым­құ­лова, Сенатор Нұртөре Жүсіп, Мә­жі­ліс депутаттары Павел Казанцев, Ольга Шишигина, Микаелян Наринэ, Халық Қаһарманы Айдын Айым­бетов, Олимпиада чемпионы Василий Левит, Nur Media хол­дингінің басшысы Болат Кальян­беков және басқа да қоғам қайрат­керлері табыстады.

«Елімізде Президентіміз Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың бас­та­масымен тұң­ғыш рет орман ша­руашылығы мен жануар­лар әлемін қорғау саласындағы «Елім-ай» сыйлығын тапсыру арқы­лы біз саладағы үздік мамандарды, жануар­ларға, жабайы табиғатқа, экологияға жаны ашып, өз еріктерімен қоғамдық істердің басында жүрген азаматтардың еңбегін атап өткіміз келді», деді Эко­логия, геология және табиғи ресурс­тар министрі Мағзұм Мыр­за­ғалиев.

Экология министрлігі «Елім-ай» сыйлығы шарасын дәстүрлі түрде жыл сайын өткізбек ниетте.

«Біздің министрлік алдына эколо­гия саласындағы қызмет­керлердің, эко­бел­сенділер­дің мәртебесін көте­ру мін­­детін қо­йып отыр. Сала маман­дары­ның материалдық жағдайын жақ­­­­сар­­­туға қатысты қадамдар жа­сал­ды. Бра­коньерлік үшін жаза қатаңдатылды. Өткен жы­лы ақ­бөкендерді қорғау жо­лын­да қо­рықшыларымыз – Ер­лан Нұр­ғалиев пен Қаныш Нұр­тази­нов­тың браконьерлер қолынан қаза тапқанын еш­кім ұмытқан жоқ. Бұл – инспектор­лардың мәртебесін жоғарылату жолындағы бел­­сенді жұмысты жалғастыруымыз қажет­­тігінің үлкен белгісі», деп атап өтті М.Мыр­­зағалиев.

Мәдениет және спорт ми­нистрі Ақто­ты Райымқұлова 18 қазанда ата­­лып өт­кен орман ша­руашылығы қыз­мет­кер­лерінің күнімен құттықтады.

«Төл мереке өз жалғасын бү­гінгі күні де табуда. Бұл өзде­рі­нің табандылық­тары арқылы елі­міздің орман байлығын қорғап, көбейтіп жүрген азаматтардың мерекесі. Еліміздің баға жетпес байлығы – табиғаты. Орман-тоғай – Жер-Ана­ның адамзатқа бер­ген сыйының бірі. Сондықтан табиғатты аялау мен оның қадір-қасиетін сезіну – адамзатқа, ұрпа­ғымызға парыз», деді ол өз сөзінде.

«Елім-ай» сыйлығы 16 номинация бойынша берілді. «Браконьерлермен күрестегі ерен ерлігі үшін» «Охот­зоопром»­ Ақ­мола облыстық тірек пункті­нің инспекторы Достай Балғабекұлы марапатталды. Ол 2016 жылы браконьерлермен бетпе-бет келіп, мойнынан пышақ жарақатын алып, ажалдан аман қалған еді. «Охотзоопром» ӨБ орталық аймақтық филиалының инс­пекторы Мұрат Қабиденұлы «Жануарлар дүниесін қорғауда «үздік инспектор» деп танылды. Орман шаруашылығы саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан «Самар орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Еркен Қабдырғалиев «Үздік орманшы» атанды. Орман шаруа­шылығын дамытуға барын салып атсалысқаны үшін «Семей орманы» мекемесінің Семей қалалық филиалы Батпаев орманшылығының жетекшісі Александр Трушин марапатталды. «Орман шаруашылығына ең­бегі сіңген ардагер» номина­циясына «Көлсай көлдері» мем­лекеттік ұлттық табиғи пар­кінің аға ғылыми қызметкері Хамит Ағабекұлы ие болды. Био­логия ғылымдарының кандидаты, 30-ға жуық ғылыми мақала жазған, «TMT GROUP» ЖШС бас­шы­сы Марлен Тұрсынәліұлы «Үздік балық өсіруші» деп танылды. Ал «Карагандинский рыбопитомник» ЖШС «Үздік балық тәлімбағы» атанды. Бас­шысы – Денис Муштаков. «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық та­би­ғи паркі – «Үздік ұлттық парк», «Барсакелмес» мемлекеттік қоры­ғы «Үздік қорық» аталымын алды. Сыйлық мекемелердің басшылары Дамир Малгелдиев пен Зәу­реш Әлімбетоваға берілді. «Kazakh Tourism» ұлттық ком­паниясының басшысы Ержан Еркінбаевқа «Экотуризмді насихаттау бойынша үздік жоба» номинациясы берілді. «Тамыр» жабайы табиғатта серуендеу мек­тебі экологиялық мәде­ниетті кө­теру және адамдардың жабайы табиғаттағы қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге қосқан үлесі үшін ма­рапатталды.

Итбалықтардың қорғаушысы ретінде танылған Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері Әсел Бай­мұқанова «Экологиялық н­а­си­хат бағытындағы маман» аталымына ие болды. «Аманат пен ерік-жігер» аталымымен екі қолы­ның жоқтығына қарамастан Ақ­мола облысында 18 мың ағаш отыр­ғызып, үлгілі іспен өмірден өт­кен Александр Карповичтің ең­бегі аталып өтілді. Сыйлық ұлы­на табысталды. «Өлкетануға қосқан үлесі үшін» номинация­сын «Баянауыл» мемлекеттік ұлт­­­тық табиғи паркінің инспек­торы Алтынбек Жұматұлы ал­ды. «Жабайы аңдарға жасаған қам­­­қорлығы үшін» «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық та­би­ғи­ паркінің биолог-аңшысы Нұр­­жан Сайранбайұлы марапат­талды. Жа­нуар­­ларды қорғау қауым­дас­тығының прези­денті Лилия Сәр­се­нова «Үй жануарларын қор­ға­ғаны үшін» номинациясын ал­ды. Ол жануарлар паналайтын орта­лық ашқан.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа биыл­ғы Жолдауында қоршаған ортаны қор­­ғау және экологиялық даму еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе еке­нін айтқан. Көгалдандыру ауқымын кеңей­тіп, «Жануарларды қорғау туралы» заң жо­басы қа­был­данатынын жеткізген. Ал 22 қазандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында Ұлттық мемлекеттік таби­ғи парктерде экотуризмді белсенді дамыту қажеттігіне тағы да тоқталды.