Қоғам • 27 Қазан, 2020

«Нұрлы жердің» құты – баспананың кілті

17 рет көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған міндеттер аймақтағы жұмысты ширата түскендей. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламалардың іске асуына жаңаша серпін беріліп, істің нәтижесі көріне бастады. Соның бір көрінісі баспана кезегінде тұрған адамдарды тұрғын үймен қамту ісінен байқалуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­қына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей бай­ланысты. Нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі адам­дардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабі­летіне орай жүзеге асады. Биылдан бастап «5-10-25» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оған 390 млрд теңге бөлінді. Үкімет осы бағдарламаның жүзеге асырылу барысын үнемі қадағалап отыруы керек» деген болатын.

Қазір кезекте тұрған адам­дар­дың баспана мәселесін тезірек шешу жолы да айқындала түс­кен­дей. Мысалы, Алматы облысында биылғы маусым айынан бастап «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты – «Шаңырақ 5-10-20» бағыты іске асып жатыр. Жал­пы, бұл бағдарлама 1986-2017 жылдар аралығында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға қолжетімді несие беруді жолға қоюы­мен ерекшеленеді. Бүгінде осы санатқа кіретін 39 809 жетісу­лық баспана кезегінде тұр екен. Ал оларды баспанамен қамту үшін республикалық бюджеттен тұр­ғын үй құрылысына 6,4 млрд теңге бөлінген. Басталған істің ал­ғашқы нәтижесі де көріне бастады. Мәселен, осы бағ­дар­лама арқылы биыл 476 адам өз шаңырағында қоныс то­йын тойлайды.

Жалпы, өңір халқын қолже­тімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағ­дарламалардың ішінде басым­дыққа ие болып отырған да осы «Нұрлы жер» бағдарламасы. Облыста бағдарлама аясында 119 жобаны жүзеге асыруға 40,8 млрд теңге қарастырылған болса, оның 30 млрд теңгені құрайтын 52 жобасы тек қана тұрғын үй құрылысын қамтымақ. Ал биыл «Нұрлы жердің» шарапатымен 938,8 мың шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 136 мың шаршы метр үй пайдалануға беріледі. Демек, 519 тұрғын үйдегі 1 714 пәтер иелерін табады деген сөз. Жыл со­ңына дейін «Нұрлы жер» бағ­дар­ламасының барлық бағыттары бойынша 2 843 отбасы баспаналы болады деген үміт бар. Оның ішінде 725 көпбалалы отбасының тұрғын үй мәселесі толықтай шешіледі. Әлеуметтік қолдау картасы аясында бұл отбасылардың барлығы тұрғын үй сертификаттарына ие болады. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлінген болатын.

– «Нұрлы жер» бағдарламасы дегенде, Алматы облысында тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылым құрылыстарына 39,8 млрд теңге бөлінгенін айтуға болады. Бүгінде аймақта барлығы 1 630 пәтерлік 532 тұрғын үй салынуда. Қазірдің өзінде 640 пәтерлік 32 үй Талдықорған, Қапшағай қалалары мен Іле, Қарасай, Жамбыл, Талғар және Қаратал аудандарында пай­далануға берілді. Одан бөлек же­кеменшік құрылыс компания­лары Талдықорған, Қап­шағай қалалары мен Іле, Қарасай, Жамбыл, Көксу аудандарында 1 163 пәтерлі 34 үйдің құрылысын жүргізіп жатыр, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Сондай-ақ Жетісуда өткен 9 айда құрылысы аяқталған 365 баспана «7-20-25» бағдарламасы бойынша өз иесін тапса, «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 511 отбасы тағы тұрғын үйлі болды. Мұнан бөлек, несиелік тұрғын үй құрылысы бойынша жалпы ауданы 51,4 мың шаршы метр болатын тұрғын үй құрылысы басталған. Бұған 10,4 млрд теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде 648 пәтерлік 51 зәулім үй бой көтермек. Айтпақшы, несиелік тұрғын үй бағдарламасына қатысуды көздейтін тұрғындар саны облыстың мегаполиспен шектесетін аудандарында көбейіп отыр екен. Сұранысқа сәйкес, биыл Алматы агломерациясының шеткері бөлігінде жалпы ауданы 52,5 мың шаршы метр болатын құрылыс басталған. Нәтижесінде, 740 пәтерден тұратын 88 үй салынады. Бұл мақсатқа 7,1 млрд теңге қарастырылса, оның 6,2 млрд теңгесін облигациялар құраған, ал бірлесіп қаржыландыру құны 9 млрд теңгеге жетіп отыр.

 

Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар

Саңлақтар сыр бермеді

Спорт • 27 Қараша, 2020

Тұрғын үй алаяғы қолға түсті

Қоғам • 27 Қараша, 2020

Алматы облысында жер сілкінді

Оқиға • 27 Қараша, 2020

Ұқсас жаңалықтар