Пікір • 27 Қазан, 2020

Мақсат – халық сенімін ақтау

589 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Полицияның халық санасындағы образы – ол мемлекеттің күштік құралы» деген ойдан арылып, шын мәнінде халыққа шынайы қызмет көрсететін, сервистік модельге көше отырып, азаматтардың қауіпсіздігі мен конституциялық құқығын қамтамасыз ететін органға айналуы қажет деген тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі басшылығы 2020 жылдың соңына дейін Әкімшілік полиция комитетінің кейбір құрылымдарын заман талабына сай қайта құру іс-шараларын жүйелендіру жұмыстарына кірісіп кетті.

Мақсат – халық сенімін ақтау

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

«Полиция – бұл халық, халық дегені­міз – полиция». Ішкі істер министрлігі басшылығының бұл ұстанымы тек жалынды сөздер мен ұрандар ғана емес, шын мәнінде тыныштық сақшыларының жұмысын бұқара халыққа жақындату және тұрғындардың толық қолдауына сүйене отырып, жаңа модельге көшуге деген талпынысын, заң үстемдігі орнаған құқықтық мемлекет болу үшін қоғам болып қолдауға мүдделілік танытуымыз қажет.

Құқық қорғау органдарының жүйе­сінде түбегейлі реформа жасау – бұл заман талабы. Қазақстан полициясының құқық тәртібін қамтамасыз етудегі азамат­тардың конституциялық құқы­ғын қорғаудағы, қылмыстық әрекет­тер­­дің алдын алу мен орын алған қыл­мыс­тарды әшкерелей отырып, анық­тау, тергеу әрекеттері арқылы дәлел­деп, кү­дік­тілерді сот органдары тиісті заңды шара көру үшін жолдаудағы жұ­мыс­тарын, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ерен еңбектерін ешкім жоққа шығара алмайды. Әсіресе тыныштық күзетінде тапжылмай, өз уақытымен санаспай, бар күш-жігерін, білімін, тәжірибесін, керек болса, денсаулығы мен өмірін сарп ете отырып, қабылдаған қызметтік антына адал қаншама қатардағы полиция қызметкерлерінің арқасында еліміздегі қоғамдық қауіпсіздік өз дәрежесінде сақталып отырғандығы баршамызға аян. Полиция қызметкерлерінің жан­қия­рлық еңбегі мен ерлігі өз қызметтік міндеттеріне деген адалдығы ел басына күн туғанда, бүкіл әлемді жайлаған COVID-19 инфекциялық індетіне байланысты Мемлекет басшысы елімізде 2020 жылдың 14 наурызында Төтенше жағдай жариялаған тұста осы вируспен күресте жанға араша болған дәрігерлермен қатар, әскерилер, волонтерлер және полиция қызметкерлері ең алдыңғы сапта болып, халықтың шынайы ризашылығына бөлене отырып, полицияның оң имид­жінің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Өз кезегінде ел Президенті әлі де қауіптің сейілмегендігін және де қауіпсіздік шараларын карантиндік режімде де жалғастыра беру керектігін баса айта отырып, құқық қорғау органдарына басқа да құзырлы мемлекеттік орындар мен үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер мен тығыз байланыс орната отырып, індетті жоюдағы жүйелі іс-шараларды жалғастыруды қатаң тапсырды.

Халқымызда «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген бар. Сөз жоқ, поли­ция қызметі саласында да әртүрлі қыл­мыстық әрекеттерге барып, қоғамға жат қылықтарға жол беру деректері кездесетіндігі  ащы да болса шындық. Кейбір қызметкерлер тарапынан орын алған осындай заңсыз әрекеттер қоғам тыныштығы үшін бар­лық күш-жігерін сарп етіп жүрген полиция қызметкерлерінің оң имиджіне кері әсерін туғызатындығы белгілі. Ішкі істер министрлігінің барлық деңгейдегі басшы қызметкерлері мен өзіндік қауіп­сіздік қызметі өз қатарындағы қолы, ары таза емес қылмыс пен тәртіп бұзу­шылыққа бейім қызметкерлерден арылуға бағытталған жүйелі іс-шара­лар­ды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сала­ларымен бірлесе отырып жүр­гізуде және өз қызметінде қылмыстық әрекет­терге жол берген азаматтар жөнін­де мәлі­меттерді барлық бұқаралық ақпа­­рат­тық құралдары мен әлеуметтік желілер­де ашық түрде жариялауы Ішкі істер министр­лігінің кадр саясатындағы ашық­тығын, халықпен тығыз байланыста екендігін білдіреді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Бүкіл прогрессивті әлемде полиция инс­титуты сервистік модель негізінде дамуда. Біз сондай-ақ осындай модельге көшу туралы мәлімдедік, бірақ әзірге жұмыс тек фрагменттік нәтижелерге әкелді. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңды түрде арттырып, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін барлық мүмкіндіктерді ұсыну қажет. Ол азаматтар үшін танымал, қолжетімді, беделді болуға, олардың құқықтарын белсенді қорғауға тиіс. Құқық қорғау органдарының қыз­мет­керлерін адамдармен ашық диалог жүр­гізуге үйрету маңызды. Бұл бағыт кадр­ларды даярлау және іріктеу жүйесінде басым бағыт болуға тиіс», деп көрсете отырып, тиісті тапсырмалар жүктеді.

Әлеуметтік желілерде Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Е.Тұрғанбаевтың Үкімет басшысы А.Маминге жолдаған қызметтік хаты жарияланды. Онда Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бағытталған іс-шаралар легі нақтыланып, Әкімшілік полиция комитетінің саласын түбегейлі қайта құруда ешқандай бюджеттік қосымша қаржының қажеті жоқ екен­дігі көрсетілген. Бұл елімізде оң өзгеріс­терге қол жеткізуде Ішкі істер министр­лігінің түбегейлі реформалық өзгеріс­терге және қоғам тыныштығын қамтамасыз етуде халық үнін тыңдауға мүдделі екендігін көрсетіп отыр.

Осы орайда, Ішкі істер органдарындағы 30 жылдан аса қызметтік тәжірибемді пайдалана отырып, төмендегідей ұсы­ныс­тарымды білдіруді жөн деп санадым:

Ішкі істер министрлігінің жол қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету саласындағы профи­лактикалық іс-шараларды ұйымдастыру, үйлестіру және бақылауға тиісті дербес департамент немесе басқарма құру жөніндегі бастамасы өте құптарлық. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында меншік иесіне қарамастан барлық көлік құралдарының техникалық жағдайы, әсіресе жолаушылар тасымалымен айналысатын автобустар, индрайвер жүйесі, такси қызметі, балалар мен оқушылар тасымалымен, вахталық және шетелдік еңбек мигранттарының тасымалымен айналысатын көліктердің техникалық жағдайын бақылау, жол жүру қозғалысын ұйымдастыруда қалалар мен елді мекендерде заманауи цифр­лы озық технологиялар мен автоматты қондырғыларды енгізуді жоспарлау, ұйымдастыру, магистральді автомобиль жолдары мен қала көшелерінің сапасы мен жол белгілері, жолақ сызықтарының басқа да жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған техни­калық қондырғылар мен өлшеуіш құрал­дарын енгізуге байланысты нормативті құжаттарды дайындай отырып, тиісті жол-коммуналды шаруашылықтармен, құ­зырлы органдармен бірлесе отырып, үйлестіретін құрылым болуы тиіс.

Сон­дай-ақ жол жүру ережесін жас ұрпаққа балабақша, мектеп қабырғасында терең­детіп оқып-үйрету арқылы жасөс­пірім­дерді қарапайым ереже сақтау арқы­лы өз өмірі мен денсаулығын сақтау­ға шақы­рып, құқықтық мәдениетін қалып­тас­тыру өте маңызды. Сондықтан да жол қа­уіп­сіздігін қамтамасыз етуде мемле­кеттік бақылау жасаудың рөлі өте жоғары;

Қазіргі таңда экология мен қоршаған ортаны қорғау өте өзекті мәселе. Корона­вирус індетінің шарықтап өршуі, басқа да жұқпалы аурулардың таралу қаупі халықтың қарапайым сақтық шараларын сақтамауы, карантиндік режім талаптарын қамтамасыз ететін экология, жо­йылып бара жатқан жануарлар дүниесі мен табиғатты қорғау, елді мекендер мен қалаларда санитарлық жағдайларға бақылау жасайтын Әкімшілік полиция комитеті құрамында дербес құрылым болуы керек деп есептейміз.

Ішкі істер министрлігі еліміздегі саяси-қоғамдық ахуалды зерделеп, қоғамның тыныс-тіршілігін, аза­мат­тардың сұраныс-талаптарын, наразы­лықтың туындау себептерін анықтай отырып, тиісті құзырлы органдарды алдын ала  ақпараттандыру, азаматтық-қоғамдық институттар мен қоғам белсен­ділерін қатыстыра отырып, шиеленіс ошақтарын залалсыздандыру, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде үнемі мониторинг жасай отырып, мемлекеттік құрылымға және қоғамға жат арандатушылық, жалған ақпарат тарататын тұлғаларды анықтап, тиісті құзырлы органдармен бірлесе отырып, шара көретін дербес құрылым болуы тиіс. Жергілікті полиция департаменттерінде баспасөз қызметінің жұмысын жандандыру мақсатында осы бөлімдердегі қызметкерлерді қайта аттес­таттаудан өткізіп, офицерлік лауазым­дарға тағайындау арқылы халыққа қыл­мыстық ахуал мен оқиғалар жөнінде тәулік бойы шұғыл ресми ақпараттан­дыру, тұрғындар арасында жалған ақпараттардың таралуына жол бермеу және полицияның қызметкерлерінің шұғыл әрекеттері жөнінде қылмыс орын алған аумақтан және оқыс оқиға орындарынан тікелей репортаждар жүргізу тәртіп сақшыларының оң имиджін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.

Заң үстемдігі орныққан жағдайда ғана азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік беріле отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа сатысына шығатыны сөзсіз.

  

Әмірбек ШАЙМАҒАМБЕТОВ,

Қазақстан Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері, запастағы полиция полковнигі