Білім • 27 Қазан, 2020

Сынға шыдаған жастар шыңға шығады

568 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміздің әр аймағында дарынды да жалынды жастар жетерлік. Білім алып, біліктілігін артты­рып, қолынан келгенше қо­ғам­дық шараларға араласып, ма­ман­дығының маңызын түсі­ніп, елге еңбек етуде. Жас маман д­еп жатырқамай, мемлекет те мейлінше мейірім таны­тып, жанам дегендерге от, шабам дегендерге ат беруде. Өз саласы бойынша өрісін кеңейтіп, қатарластарын көбей­тіп, іздену­ден іркілмейтін, жаңашыл­дық­қа жаны құмар жастардың бірі – Алматы қаласы №36 гимна­зияның математика пәнінің мұға­лімі Алтынбек Сұлтанқұлов.

Сынға шыдаған жастар шыңға шығады

Алтынбектің алғырлығы мен өзіне деген сенімі, табандылығы мен талпынысы талай биіктерді бағындырып, жеңіске жетуіне ықпал еткен. Ол 2013 жылы Алматы қаласында өткен студенттер конференциясында «үздік баяндамашы» аталымын, студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық конференциясында «Үздік жоба» номинациясын еншілеп, Жас педагог­тердің «Өз жұлдызыңды жақ» қалалық байқауында І орын, «Жаңа мектепте – жаңашыл ұстаз» ІІІ Республикалық жас педагогтар байқауында І орынды жеңіп алған.

Бүгінде «Жас ұстаздар» қауым­дастығының төрағасы. Қауымдас­тықтың негізгі мақсаты – жас ұстазды қолдау, оған бағыт-бағдар беру, қоғамдық іс-шаралардағы белсенді­лігін арттыру. Оның құрылу тарихы бар, дейді біздің кейіпкер.

«Былтыр Ақмола облысы, Щучинск қаласында орналасқан  «Бал­дәу­рен» оқу-сауықтыру орталығында Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен «Жаңа мектепте – жаңашыл мұғалім» атты ІІІ Рес­пуб­ликалық жас мұғалімдер сайы­сы­на Алматы қаласының атынан 3 мұ­ғалім жолдама алып, өз бағы­мыз­ды сынап, жүлделі І және ІІІ орынға ие болдық. Сайысқа республи­ка­ның әр түкпірінен 58 жас мұғалім қатыс­ты. Конкурс барысы бізді жарыс­тырып қана қоймай, өзара тәжі­рибе алмастырды. Үш күнге ұлас­қан бұл конкурста дүниетанымы кең қатар­ластарымды көріп, білім сала­сындағы көш тізгінін ұстайтын жас мамандардың барына көзім жетті», дейді А.Сұлтанқұлов.

Сонымен қатар ол Щучинскіден алған шабыты Алматы қаласында жалғасып, іргелі істер атқаруға жол ашқанын жеткізді.

«Осындай білім жолында жүрген жас педагогтердің басын қосып, оларға дұрыс бағыт-бағдар беретін  ұйым құрсақ деген ой пайда болды. Осы ұсынысымызды Алматы қаласының Білім басқармасы, Білім берудегі жаңа технологиялардың қа­ла­лық ғылыми-әдістемелік орт­а­­лы­ғының басшысына ұсындық. Бас­шылық бірден қолдады. Арман іске асты. «Жас ұстаздар» қауымдастығы құрылды. Қауымдастықтың негізгі мақсаты – жас ұстазды қолдау, оған бағыт-бағдар беру, қоғамдық іс шара­лардағы белсенділігін арт­тыру. Қауымдастық қалалық әдістеме­лік кабинетпен, аудандық білім бас­қар­масымен және мектеп әкімшілігімен тікелей жұмыс істейді. Қалалық әдіс­темелік орталық әдіскерлері қауым­дас­тықтағы жас мамандармен тығыз байланысып, әдістемелік тұрғыдан қиындық туған жағдайда әркез жанымыздан табылады», дейді жас маман.

Иә, заман өз ағымымен қарқындап дамуда. Сәйкесінше ұстаздық қыз­мет те жаңашылдықты талап етеді. Мек­теп қабырғасында тағайын­дал­ған тәлімгер жас маманға жұ­мыс бабын түсіндірсе, жастар жастар­ға жа­ңа­шылдықты үйретеді. Руха­ни жаңғыру үстіндегі жас елге энер­гиясы мен идея­сы мол жас маман­ның берері көп-ақ. Тек осы қызмет жолы­ның ал­ғашқы уақытындағы қиын­дық­тар­ға төтеп берсе болғаны. Қауым­дас­­тық­тың атқарған жұмыстарын тізбе­л­ей келе Алтынбек Мұрзатайұлы ұ­с­таз­­дық қызметті абыроймен алып жү­ру үшін ардагер ұстаздармен байланыс­та болу маңызды екенін атап өтті.

«Жас ұстаздардың тұлғалық дамуы мақсатында Қазақстанның тұң­ғыш Еңбек Ері, «Отан» орденінің иегері Аягүл Миразовамен кездесу өткіздік. Шара барысында жалынды жастардың бола­шағына сенім оянды. Айрықша атап өтетін тағы бір жайт, Алматы қа­ласы жас педагогтері Абай мұра­сын насихаттаудың жаңа жобасын бастады. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында өтіп жатқан «Абай оқулары» челенджінде Абай өлеңдері оқылып, жас ұрпақтың дұрыс қабылдауы мақсатында сол өлеңдерге түсіндірме жүргізілді», дейді жас ұстаз. 

Аталған қауымдастық Алматы қаласы Білім басқармасының қол­дауымен «Іскер ұстаз» және «Жас ұстаздар» қауымдастығымен бірлесіп әртүрлі кездесу ұйымдастырған.

«Ұстаздық мінез-құлық маман­дық­ты меңгеру барысында қалып­тасуы тиіс. Әлемді әурелеген пандемия елімізді де айналып өткен жоқ. Білім беру қашықтан оқыту жүйе­сіне көшті. Шыңдалып үлгер­меген жас маман сынға түскен кезеңде Әдісте­мелік кабинет пен Қауымдастық көмекке келді. Әдістемелік орталық үлгі ретіндегі қысқа мерзімді сабақ жос­парларымен қамтамасыз етті. Ұс­таз­дық қызметтің еңбегі көрінбей қалып жатады. Дегенмен қашанда же­місі биік бағаланатыны анық. Осы тараптан барша ұстаздардың, ата-аналар, шәкірттердің  рухын көтеруге талмай еңбектенуіміз керек. «Қашық­тан оқытуда оқушылардың жетіс­тігін бағалаудың тиімді тәжірибесі» вебинарында «Quizizz» бағдарламасы жөнінде толық ақпарат берілді», дейді А.Сұлтанқұлов.

Қауымдастық қысқа мерзім ішін­де жоғары нәтижелерге қол жеткі­зіп үлгерген. Дәлірек айтсақ, жас маман­дардың өздеріне деген сенім­діліктері күшейіп, басқа қырларынан таныла бастаған, мамандыққа де­ген қы­зығу­шылықтары артып, Республикалық, қалалық конкурстардың жүлдегерлері атанған, қоғамдық шараларды ұйым­дастырудағы белсенділіктері артқан.

«Тарихтың әр кезеңінде ұстаз­дың алар орны бөлек болған. Олар өз міндеттерін атқарып шықты. Жаһан­дану кезеңі қазіргі жас ұстаз­дардың қолында. Рухани жаңғырған жастарды жан-жақты қолдау керек. Сонда ғана кейінгі толқын ұрпақ­тың ұлтжанды һәм патриот болып тәрбиеленетініне сеніміміз мол болады. Сөзімнің соңын қазақ әліпбиінің негізін қалаушы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен аяқтағым келеді: «Қазаққа қызмет қыламын деген жастарға жалғыз-ақ айтарым: істеген істерің халық үшін болсын. Менің ісім тарихтың сынына түсер, бірақ өз тәжірибемше. Жастар түзу жолмен барады. Менің сүйенішім осы». Менің де сүйенішім осы», дейді біздің кейіпкер.

Алматы қаласы, Бостандық ауданы, №94 гимназиясының фи­зика пәні мұғалімі Жансая Нұралы­қызы қауым­дастықта жүріп көптеген мәсе­лелерім өз шешімін тапты дейді.

«Мен 2019-2020 оқу жылында мек­теп табалдырығын мұғалім ретін­де аттадым. Әрине, жұмыс бары­сында өзіндік қиындықтар кездес­ті. Сол мәселелердің біраз бөлі­гін осы қауымдастықта жүріп, шеші­мін таптым. Өзім сияқты жас әріп­тес­теріммен де бөлісіп, бір-бірі­мізге қолдау білдірдік. Қауымдас­тық жұ­мысы қызу жүруде. Шығарма­шы­лық жолындағы әртүрлі шаралар бізге қосымша мотивация береді. Ұстаздық қызметке деген қызығушылығымды одан сайын арттырады. Қауымдастық жұмысы ғұмырлы болып, өз жалғасын табады деп сенемін. Өсемін, өрлеймін деген жастарға осындай орта ауадай қажет», дейді жас маман.