Қоғам • 27 Қазан, 2020

Тыңғылықты дайындық бар

143 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Түркістандық дәрігерлер пандемияның қайталанбағанын қалайды. Тұрғындарға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, карантин режімін сақтап, өзін де, жақындарын да қорғап жүруі үнемі ескертілуде. Дегенмен бүгінде эпидемиялық жағдай тұрақты Түркістан облысы індетке төтеп беруге толықтай дайын.

Тыңғылықты дайындық бар

Облыстық қоғамдық денсау­лық басқармасының басшысы Марат Пашимов өңірде коронавирус инфекциясының ықтимал белең алу жағдайлары ескеріле отырып, медициналық ұйымдарда 6 мыңға жуық төсек­тік орынмен қамту қарасты­рылғанын айтады.

«Ауруханаларда материал­ды-техникалық база жақсар­тылды. Өкпені жасанды тыныс­тандыру аппараттарының саны 65 пайызға артты. Сонымен қатар қуаттылығы мықты 80 окси­ген аппараты алынды. Оттегі концентраторларының саны 900 бірлікке жетіп, бүгінде өсім 95%-ды құрап отыр. Қосымша 5 ренгтен және 1 компьютерлік томограф аппараттарын алдық. Ауру­хана аймақтарынан салын­ған оттегі стансалары да екі есеге артты. Көрші елдермен шекаралас Сарыағаш пен Мақтаарал аудандарында карантиндік ста­ционарлық орындарды даярлап қойдық. Бұдан былай шекарадан өткен әрбір азаматтың қолын­да COVID-19 инфекциясына тексерілген анализ қорытындысы болуы тиіс. Болмаған жағдай­да жергілікті дәрігерлер олардан анализ алып, стационарға жатқызады. Дәл қазіргі уақытта Сарыағаштағы стационарда 10 азамат жатыр. Жалпы, облыс көлемінде науқастарға арналған 6500 төсектік-орын дайын тұр. Барлық меке­мелерде 2-3 айлық дәрі-дәр­мек қоры жасақталған. Қазір облыс­та эпидемиялық ахуал тұрақ­ты, инфекциялық стационарда екі науқас ем қабылдауда. Олар­дың жағдайы тұрақты», дейді М.Пашимов.

Облыстың бас дәрігері сондай-ақ жыл соңына дейін 122 жедел жәрдем көлігі бері­летінін жеткізді. Яғни өңірдегі жедел жәрдем көліктері 100 пайыз жаңарады. Одан бөлек жақын күндері 12 жылжымалы медициналық кешен өңірдің шалғай ауылдарына барып қыз­мет көрсетпек. Медициналық автокешен УДЗ, рентген аппараттары, зертханамен жабдықталған. Ауыл тұрғындары мұнда анализ тапсырып, дәрігерлердің тексеруінен өте алады.

Алғашқы толқында 1400-ге жуық пациентті емдеп, корона­вирус жұқтырған жүкті әйелді де аман-есен босандырып ал­ған Кентау қалалық аурухана­сы да науқастарға сапалы ме­ди­циналық көмек көрсетуге да­йын. Аурухананың бас дәрігері Гүл­бану Сыздықова 580 орын әзір тұрғанын айтады. «Бү­гін­де облыс бойынша 8 оттегі стан­сасы іске қосылған. Соның бірі осы Кентау ауруханасында орна­лас­қан. Стансаны жергілікті ме­це­нат Бекболат Бекенов өз қара­­жатына салыпты. Құны 60 млн тең­­гелік станса тәулігіне 250 от­­тегі баллонын толтыра ала­ды. Қажет болған жағдайда өзге де ме­кемелерді оттегімен қамтама­сыз ете аламыз», дейді бас дәрігер.

«Наурыз айынан бастап об­лыс­­тық қоғамдық денсаулық бас­­қар­масы тарапынан 75 млн тең­­геге дейін дәрі-дәрмек беріл­ді. Ауру­ханада 10 дана өк­пені жа­сан­ды тыныстандыру аппара­ты, 47 от­те­гі концентраторы бар. Елу төсек­тік орынға ар­нал­ған ин­фек­ция­лық госпиталь нау­қас­тарды қа­был­дауға толығы­мен дайын. Бізде ма­ман тап­шы­лы­ғы жоқ. Жалпы, 520 ме­ди­­ци­на қызметкеріміз бар. Оның 57-сі дәрігер, 220 орта буын­ды қыз­­меткер», дейді Гүлбану Жұмағалиқызы.

Ал Арыс қалалық орталық ауруханасы жеке қорғаныс киімдері мен дәрі-дәрмектің екі айлық қорымен қамтамасыз етілг­ен. Жансақтау бөлімінде 9 өк­пені жасанды тыныстандыру аппараты, қосымша 50 оттегі оксигенера­торы және басқа да қажетті медициналық құрал-жабдықтар орнатылған. Қанда оттегінің қан­шалықты қаныққанын анық­тайтын пульсоксиметрдің 144 данасы алынған. Осы құрал­дың көме­гімен дәрігерлер нау­қас­тың жағдайы қаншалықты ауыр немесе қанағаттанарлық еке­­нін анықтай алады. Сату­рация­сы 93-тен төмен пациенттер бір­ден жансақтау бөліміне жатқызылады екен. Ауруханада 40 провизорлық төсектік орын мен 20 науқасқа арналған инфек­циялық госпиталь дайын тұр. Жалпы, қазір Арыста коронавирус инфекциясымен күреске жұмыл­дырылған 19 мобильді топ халыққа қызмет көрсетуде.

Ордабасы аудандық ауруха­насы да індеттің екінші толқы­нына дайын. Емдеу мекемесі жеке оттегі стансасы, 23 өкпені жасанды тыныстандыру аппаратымен жасақталған. Аурухананың ескі ғимаратын толық жөндеуден өткіз­ген ұжым енді коронавирус инфекциясын өздері анық­тай алады. Себебі мұнда індет­ті анықтайтын зертхана іске қо­сыл­ды. ПТР сынамасы бойынша­ анықтайтын зертхананың тәулі­гіне 500-ге жуық тест қабылдауға мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта Арыс қаласы мен Бәйдібек аудандарынан сынама қабылдау жоспарлануда. Облыс бойынша мұндай 12 зертхана жұмыс істеуде.

Өңірде бүгінде халыққа қыз­мет көрсетіп жүрген 23 429 ме­ди­цина қызметкерінің 5 мың­нан астамы – дәрігер, қалған­дары – орта буын мамандары. Статис­тикалық деректерге сүйенсек, Түркістан облысында – 31, Шымкент қаласында 21 ақ халатты абзал жан пандемия кезінде ажал құшқан.

Таяуда «Оңтүстік» медицина қызметкерлері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйым­дастыруымен пандемия кезін­де көз жұмған медицина қыз­меткерлеріне құрмет көрсеті­ліп, «Дәрігерлер аллеясын­дағы» тақтайшаларға гүл шоқтары қо­йылды. Шымкент қаласындағы Абай саябағында орналасқан Өтеубойдақ Тілеуқабылұлының ескерткіші алдына жиналған қауым бір минут үнсіздікпен дәрігерлерді еске алып, Құран бағыштады. Түркістан облысы және Шымкент қаласындағы медицина мекемелерінде қызмет етіп, жұмыс барысында қаза тапқан ақ халаттылардың ет жақындары мен туыстары дәрі­гер анты жазылған тақтайша алдына гүл шоқтарын қойды. Ұйымдастырушылардың ай­туынша, іс-шара қызмет бабында аурудан көз жұмған медицина қызметкерлеріне құрмет көрсету мақсатында өткізіліп отыр. Сондай-ақ ұл-қыздары немесе ата-аналары оларды мақтан етіп, ерлікке пара-пар еңбектерін бағалап жүрсін, туыстарына рухани демеу болсын деген ниетпен арнайы медальдарды қаза тапқан медицина қызметкерлерінің туыстарына беру ұйғарылыпты. Бұл орайда, «Өмір үшін», «Алтын дәрігер» және «Мейірім» медальдары табыс етілді. Мысалы, Ордабасы аудан­дық ауруханасында 35 жыл тап­жылмай мейірбике болған Орын­күл Құралбекованың «Ме­йі­­рімін» қызы Эльмира алуға келіпті.

«Анамның қазасы жүрегіме қатты батты. Мені де жастайымнан медицина саласына баулыған анам еді. Қазір анамың ізін қуып, сол ауруханада қызмет етіп жүрмін. Пандемия кезінде терапия бөліміне науқастар өте көп түсті. Анам еңбек демалысына да сол үшін кешігіп шықты. Жұмыс барысында кейде үзіліссіз жұмыс істеп жүрді. «Науқас көп, ал маман жетіспейді. Сондықтан мен жұмыста болуым керек» деп ісіне адалдық танытты. Маусым айында медицина қызметкерлері күнінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Алғыс хатын алған болатын. Сол күні ауырып, мазасы болмай тұрған. Бұл оның көзі тірісінде алған соңғы марапаты екенін қайдан білейік. Үш күннен кейін анам ауырып, қайтыс болды», деп көзі жасау­раған Эльмира Қорған анасы­ның еңбегін бағалаған ұйымдас­тырушыларға алғысын білдірді.

Сондай-ақ қоғамдық бірлес­тік өкілдері коронавирустан көз жұмған медицина қыз­мет­келерінің өмірі мен қиындыққа толы қызмет жолдарын баяндайтын электронды кітап әзірлеп жатқандарын жеткізді.

Айта кетелік, ақ халатты жан­­­дардың ерен еңбегінің нәти­жесінде өңірде қауіпті індет­ті жұқ­­тырған 3 331 науқас толық жа­зы­­лып шыққан. Жалпы, соңғы мәлі­­меттерге сәйкес пандемия бе­лең алғалы облыста COVID-19 ин­фекциясы расталған 3 395 жағ­дай тіркелді. Олардың 2 355-інде ауру симптомсыз өткен.

 

Түркістан облысы