Экология • 27 Қазан, 2020

Ауызсумен қамтылмаған 90 ауылға су құбыры жеткізіледі

123 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауызсумен қамтамасыз етілмеген 90 ауылдық елді мекенге су құбыры жеткізіледі. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Ауызсумен қамтылмаған 90 ауылға су құбыры жеткізіледі

"Енді пайдаланып отырған топтық су құбырларының жағдайына тоқталсақ. Жоспар бойынша, 2025 жылға дейін 11 топтық су құбырлары қайта жаңартылып, жөнделеді. Оның ішінде бірқатар су құбырлары ұзартылады. Осының арқасында бұған дейін сапалы суы болмаған 87 ауылдық елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 104 мыңға жуық адамды қамтиды. Сонымен қоса, 321 ауылдық елді мекеннің ауызсу беру жүйесі жаңартылатын болады. Бұл өз кезегінде 525 мың адамды қамтиды", деді ол.

Жалпы министрдің айтуынша, "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін топтық су құбырлары жобаларына 133 млрд теңгеден астам қаражат бөлу жоспарда бар. Оның ішінде жаңадан салуға 14,5 млрд теңге, ал қайта жаңартуға 118,5 млрд теңге бөлінбек. Осының есебінен алдағы бес жылда жаңадан 1,5 мыңға жуық шақырым құбыр желілері салынады және 1720 шақырымы қайта жаңартылып, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

"Атқарылатын жұмыстардың арқасында бұрын ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 90 ауылдық елді мекенге су құбыры тартылып, 105 мың тұрғын сапалы ауыз суға қолжетімді болады. Сонымен қатар, 321 елді мекеннің ауызсу беру жүйесі жөнделіп, жаңартылады. Бұл 520 мыңнан астам адамды қамтиды. Жалпы, 5 жыл ішінде 3 мыңнан астам шақырым топтық су құбарлары салынады. Ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткішін жүз пайызға жеткізу жоспарланған. Елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі министрліктің үнемі бақылауында", деді Мағзұм Мырзағалиев.