Парламент • 27 Қазан, 2020

Қаржы секторы шағын және орта бизнесті несиелеуге мүдделі емес

237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатта "Жаңа жағдайдағы экономикалық даму: Қазақстанда шағын, орта кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты және құқықтық реттеуді жетілдіру" тақырыбына арналған Парламенттік тыңдауға дайындық аясында бизнесті қолдау тетіктері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаржы секторы шағын және орта бизнесті несиелеуге мүдделі емес

Шараны Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті ұйымдастырған болатын. Шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту мәселелерін талқылауға ҚР Ұлттық банкінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, екінші деңгейдегі банктердің өкілдері, сондай-ақ Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қатысты.

Сенаторлардың пікірінше, шағын және орта бизнес пен микробизнесті несиелеуде қаржы секторы субъектілері тарапынан көптеген кедергілер бар. Бұл мәселені депутаттар бірнеше рет көтерген болатын. Ресми статистикалық мәліметтер мен Қаржыгерлер қауымдастығының деректері бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің 4%-дан аспайтын бөлігі бизнес жүргізу үшін несие беріледі. Оның үлесі тамшыдай ғана. Сенат депутаттары қалыптасқан жағдайға көңіл толмастық білдіре отырып, қаржы институттарының шағын және орта бизнеске, оның ішінде микробизнеске несие беруді ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды ұсынады.

Кепілге қоятын мүліктің болмауына және несие алудың басқа да қиындықтарына байланысты микрокәсіпкерлер тұтынушылық несиелерді 25%-бен рәсімдеуге мәжбүр болуда. Депутаттар микробизнеске несие беруді ұлғайту үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынып отыр.

Сенаторлар келтірген деректер бойынша, өткен жылы шағын және орта бизнестің банкроттыққа ұшырауының негізгі себебі қаржының жетіспеушілігі болды. Сондықтан парламентшілер қаржы институттарына кәсіпорындарды қолдау және жабылудан сақтау тетіктерін әзірлеуді ұсынады.

Комитет мүшелері кәсіпкерлерге қатысты мәселелерді талқылау кезінде бизнестің дамуына теріс әсер еткен коронавирус пандемиясына байланысты жағдайға тағы да назар аударды. Депутаттар қаржы институттарына кредиттік төлемдерді кейінге қалдыру, пандемия кезінде қарыздар бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептемеу, болашақтағы несие беруде банктік сыйақыны төмендету, несие міндеттемелерді орындау шарттарын жеңілдету, төлемдер кестесін жұмсарту жөнінде шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыруды ұсынады.

Соңғы жаңалықтар