Аймақтар • 27 Қазан, 2020

Т.Рысқұлов ауданында рапс дақылы көптеп егілуде

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде Жамбыл облысында рапс дақылын егу жұмыстары жоғары дәрежеде жүзеге асып келеді. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданында 100 гектарға жуық алқапқа күздік рапс дақылын егу жоспарланған, - деп жазады Egemen.kz

Т.Рысқұлов ауданында рапс дақылы көптеп егілуде

Ол үшін тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде аудан шаруалары жоспарды артығымен орындап, қазіргі кезде 160 гектар алқапқа дән себуді жоспарлап отыр. Өткен аптада аудандағы шаруа қожалықтарының бірнешеуі майлы дақылды жерге бастырып та үлгерген. Ал, аудандағы Абай ауылдық округіндегі бірнеше шаруа қожалықтары күздік рапс дақылын егуге ниет танытып отыр екен. "Достық – Е" шаруа қожалығының басшысы Айтжан Ихиев аталған дақылды 10 гектарға егуде. Бұл күнде Мұрат Айтымбетов пен Андрей Исаев сияқты механизаторлар егіс алқабындағы қиын жұмыстарды еңсеріп, тынбай еңбек етіп келеді. Қожалық жетекшісінің айтуынша, бұл бастамаға аудан әкімдігі барынша қолдау көрсетіпті. Сондай-ақ, округте рапс дақылын егуге ниет танытқан "Медеу төре", "Құрманбай", "Нұрпейіс" шаруа қожалықтары бар.

Мұндай игі бастамаларды Жаңатұрмыс ауылының шаруалары да қолдап отыр. Ауылдағы "Әділ" шаруа қожалығының басшысы Қалдыбек Әділовтің айтуынша, ол өзіне тиесілі егістік алқаптың 10 гектарына рапс дақылын егіпті. Шаруа бұл дақылды екпес бұрын оны жан-жақты зерттеп көрген. Егістік алқабына аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қалыбаев пен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Әлдибек Туғанбаев арнайы барып, шаруалармен пікір алмасты.

Жалпы, күздік рапс дақылын егуге Т.Рысқұлов ауданынан 15 шаруа қожалығы ниет білдірген. Ол үшін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі 600 кило дақылды ауданға жеткізу бағытында жүйелі жұмыс атқарып, қожалықтарға үлестірген. Алдағы уақытта да аудан бойынша аталған дақылды егуге құлшыныс танытып отырған шаруалар жетерлік.

 

Жамбыл облысы