Спорт • 28 Қазан, 2020

Будапештте жүлде бұйырмады

209 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұған дейін хабарлағандай, өткен аптаның демалыс күндері Дүние­жүзілік дзюдо күрес федера­циясының (IJF) шешімімен жылда болатын дәстүрлі «Үлкен Дулыға» турнирі Мажарстан астанасы Будапешт қаласында жоғары дейгейде ұйымдастырылды.

Будапештте жүлде бұйырмады

Аталған жарыс әлемді шарпыған пандемияға байланысты көрерменсіз және сақтық шараларын сақтай отырып өткізілді. Бұл реткі турнирдің ерекшелігі – балуандарға «Токио 2021» Жазғы Олимпия ойындарына қажет ұпай жинауға мүмкіндік туғызды. Жарысқа бес құрлықтың 69 мемлекетінен 459 спортшы (287 ер, 172 әйел) қатысып, бақтарын сынады.

Жарысқа еліміз атынан 60 кило салмақта Ғұсман Қырғызбаев, 66 кило салмақта Ерлан Серікжанов пен Елдос Жұмаханов, 73 кило салмақ бойынша Жансай Смағұлов, 81 килода Дидар Хамза, 100 килода Айбек Серікбаев пен Виктор Демьяненко, +100 килода Ғалымжан Қырықбай мен Ерасыл Қажыбаев, қыздардан 57 кило салмақ дәрежесіне Севара Нишанбаева қатысты.

Жарыстың алғашқы күні татамиге шыққан С.Нишанбаева екінші белдесуден аса алмаса, 60 кило салмақта сынға түскен Ғұсман Қырғызбаев алғашқы белдесуінде әзербайжандық Давлед Маммадсойдан басым түсіп, екінші белдесуінде жергілікті балуан Нажи Давидтен ұтылды. Одан кейін жұбаныш белдесуге мүмкіндік алғанымен, моңғол балуаны Өнөболд Лхагва-Жамцдан айласын асыра алмай, үш ескертудің кесірінен жарыс жолынан шығып қалды.

66 кило салмақта күрескен ел үміті, Азия чемпионатының (2017 ж) күміс медаль иегері Елдос Жұмаханов алғашқы кездесуінде өткен жылғы Еуропа ойын­дарының чемпионы грузин балуаны 22 жастағы Баграт Ниниашвилиге шама­сы жетпеді. Ал әлем чемпионатының (Ба­ку, 2018) күміс жүлдегері, өткен жылғы Азия чемпионы, бірден-бір үмітіміз Ерлан Серік­жановтың денсаулығына байланыс­ты дә­рігерлер татамиге шығуына рұқсат етпеді.

Жарыстың екінші күні 73 кило сал­мақта сынға түскен Жансай Смағұлов бірінші кездесуінде француз балуаны М.Дубаистан басым түскенімен, келесі белдесуінде Аустрия жігіті Л. Рейтерге есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалса, 81 килода өнер көрсеткен Дидар Хамза әуелгі белдесуінде жергілікті балуан, өткен жылғы Еуропа ойындарының қола жүлдегері, тәжірибелі спортшы Аттила Унгвариды ұтқанымен, келесі кезекте өзбекстандық жас балуан Шарофиддин Болтабоевтан жеңіліп қалды.

Турнирдің соңғы күні 90 кило сал­мақ­та татамиге шыққан тәжірибелі балуан Ислам Бозбаев бірінші белдесуінде Испа­ния атынан күресіп жүрген 1996 жылы туған грузин азаматы, дзюдодан әлем чемпионы (2018 ж.) Николоз Шераза­дишви­лимен жолы түйісіп, жеңіліп қалды. Ал 100 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен жерлесіміз Виктор Демьяненко алғашқы белдесуінде сербиялық балуан, дзюдодан 2017 жылғы Еуропа чемпионы Александар Куколден таза жеңілсе, екінші үмітіміз Айбек Серікбаев бірінші белдесуінде моңғол балуанынан айласын асырғанымен, екінші кезекте әзербайжандық Зелим Коцоевтан ұтылды. Аса ауыр салмақта (+100 кило) күрес­кен қос алыбымыздың бірі – Ғалымжан Қырықбай Мажарстан спортшысы Ричард Щи­почдан алғашқы айналымда жеңілсе, ке­ле­сі үмітіміз Ерасыл Қажыбаев та гру­зин алыбы Леван Матиашвилиден ұтыл­ды.

Осылай, Еуропа төріндегі Будапешт қаласында өткен ғаламдық додадан біздің балуандарға жүлде бұйырмады.