20 Қараша, 2013

«Мен туған елімнің патриотымын»

284 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

logo

«МЕН ТУҒАН ЕЛІМНІҢ ПАТРИОТЫМЫН»– ДЕЙДІ АРТЕМ ЯКОВЕНКО

Артемға хабарластық. Біздің өтінішімізге бірден құлақ асып, қазақ тілінде екі-үш ауыз сөз қосып жауап берді. Бұл «Болашақ» стипендиясы иегерінің мем­лекеттік тілге деген құрметін байқатты. Енді, міне, сүп-сүйкімді балаң жігіт бізге өзі туралы әңгімелеп отыр.

 

«МЕН ТУҒАН ЕЛІМНІҢ ПАТРИОТЫМЫН»– ДЕЙДІ АРТЕМ ЯКОВЕНКО

getImageАртемға хабарластық. Біздің өтінішімізге бірден құлақ асып, қазақ тілінде екі-үш ауыз сөз қосып жауап берді. Бұл «Болашақ» стипендиясы иегерінің мем­лекеттік тілге деген құрметін байқатты. Енді, міне, сүп-сүйкімді балаң жігіт бізге өзі туралы әңгімелеп отыр.

–Артем, «Болашақ» бағ­дар­лама­сының стипендиаты атанған күн есіңде ме?

– Мен 2005 жылы облыс орталы­ғындағы №22 мектепті бітірдім. Әрбір жастың алдында бұл кезде толған таң­дау, мақсаттар тұрады ғой. Әрине, бас­қа қалаларға барып та оқуға болады. Бірақ, мен сол кезде өзімнің туған қа­лам Павлодардағы Сұлтанмахмұт Торай­ғыров атын­дағы мемлекеттік уни­вер­ситетті таңдаған едім. Оқу орнын таң­дағаныңмен, мамандық таңдау оңай емес. Университеттің «Басқару жүйелерін автоматтандыру» және «Метрология, стандарттау және сертификаттау» атты екі бөлімнің біріне бару керек болды. Бірақ, бір күні бәрі де күтпеген жерден өзгерді. Сол 2005 жылы мамыр айында сынып жетекшім Валентина Мелихова бізге еліміздегі «Бо­лашақ» бағдарламасы жайлы айтып берді. Және менің ҰБТ-дан алған көрсеткіштерім бұл бағдарламаның талаптарына сай келеді екен. Ата-анам қатты қуанды. Осы бағдарлама арқылы оқуға түсуге бел будым.

Сөйтіп мен Ресейде оқуды жөн санадым. Новосибирскінің мемлекеттік техникалық уни­верситетін таңдадым. Астанаға келіп математика, физика, орыс тілінен емтихан тапсырдым.

– Сонымен, күткен күн де келді.

– Иә, бұл күн естен кетпейді. Тамыз айында емтихан қоры­тындысы белгілі болып, Мәс­кеудегі авиациялық институтқа «Болашақтың» жолдамасын берді.

Осылайша, 2005 жылдың 12 қыркүйегі мәңгі есімде қалды. Қазақстандық студенттер Аста­надан Мәскеуге ұштық.

Екібастұздан барған Азат Өтешовпен бір курста оқыдық, жатақханада жерлес ретінде бірге жүрдік. Мен «Болашақ» бағдарламасының алдындағы міндетімді орындадым деп ойлаймын. Институтта жақсы оқы­дым, үнемі ізденісте жүрдім. Өндірістік тәжірибелердің бәрін де Пав­лодардағы өндіріс орындарында өткіздім.

Мен өз еліме, Қазақстанға асықтым. Оқу бітірген соң туған қалам Пав­лодарға оралдым. Жұмысқа орналасуыма еш бөгет болған жоқ. Қазір «РубиКОМ» серік­тестігінде мамандығым бойынша жұмыс істеймін. Өндірістік басқару жүйе­сінің жетекшісімін.

Мен қаланың қарапайым мектебінде оқыған оқушы ре­тінде әрқашан Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевқа алғыс айтамын. Президенттің «Болашақ» бағ­дар­ламасы арқылы өмірде өзім таңдаған мамандыққа қол жеткіздім. Мәскеуде оқып, еліме келдім. Мен – Қазақ елінің патриотымын.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

ПАВЛОДАР.



ОЛЬГАНЫҢ ОРАЛУЫ

Ольга Морозова«Алты Алаштың баласы бас қосса, мұғалiм жоғарыдан орын алуы керек» деген екен бiр кездерi Мағжан Жұмабаев. Әрине, бұл Қазан төңкерiсiнiң тұсында, қазақ даласында мұғалiм қат заманда айтылған сөз шығар, бiрақ қандай заман, қандай уақыт болса да мұғалiмнiң беделi, абыройы еш төмендемейтіні анық. Өйткені, біздің елде барлық жол мектепке апарады. Әйтеуір, бiзде осы бiр киелi шаңыраққа бас сұқпаған, бiлiм алмаған, қоңырауының сыңғырын естiмеген адам кемде-кем. Бәлкiм, жоқ та болар...

Біз әңгіме еткелі отырған Ольганың анасы мұғалім болған екен. Жас қыз кішкентайынан анасына еліктеп, осындай асқақ мамандық иесі болуды, ұстаз болуды, бала оқытуды армандап өсіпті. Әйтеуір, анасы сияқты еңбекқор, білімді, талапшыл болуға тырысыпты. Шымкент қаласының қақ ортасындағы №8 М.Х.Дулати атындағы мектеп-гимназия Оңтүстіктің ғана емес, бүкіл еліміздің білім саласында үлкен жетістікке қол жеткізіп, үнемі биіктен көрініп жүрген жайы бар. Әйтеуір, елдің бәрі балаларын осы мектепте оқытқысы келеді. Ольга да алғаш рет осы мек­тептің табалдырығын аттады. Бар ерік-жігерін, қайратын білім жолына жұмсай білген жас қыз қайда жүрсе де, қайда оқыса да үздіктердің қатарында болды. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дің әлем тілдері және қатынастары факультетін бітіргеннен кейін білімді қыздың бағы жанып, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Канада еліне жол тартты. Осындағы Манитоба аймағының Виннипек қаласында дәріс алып, екі жылдан кейін елге оралды. Шет тілдерінің маманы атанған Ольга бірден туған шаһары – Шым-қалаға тартыпты. Туған жерге ту тігіп, бүгінде белсеніп жұмыс істеп жатқанына бірнеше жылдың жүзі болған оған әңгіме барысында «Неге Астана, Алматыда қалмадың, қанша дегенмен «Болашақ» бағдар­ламасымен бітіргендерге көп жерде жол ашық, мүмкіндік зор еді ғой...» деген сұрақты да қойғанымыз рас.

«Елдің бәрі қызмет, мансап іздеп, Астана, Алматыға кете берсе, ауыл-аймақ­тың балаларына кім сабақ береді? – дейді Ольга Морозова. – Егемен еліміздің сали­қалы саясатына үлкен рахмет, біздің сапалы білім алуымызға жағдай жасады, қолдау көрсетті. Енді біз сол қамқорлықтың өтеуін адал еңбегімізбен қайтаруымыз керек емес пе? Шетелден алған білімімді, жинаған тәжірибемді, ол жақтың білім саласының жақсы жаңалығын ең алдымен өз мектебіме енгізгім келді. Туған жеріме, білім алған мектебіме оралуымның бір сыры осында. Жасыратыны жоқ, ел арасында «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқып келгендерге деген өте ерекше көзқарас бар. Бұл әрине, үлкен құрмет, үлкен сенім, жауапкершілік. Бірақ, «Мен «Болашақты» бітіріп келдім» деп ешқашанда өзімді басқалардан жоғары ұстамаймын. «Болашақ» бізді ең алдымен мәдениетті, елдің патриоты, адал перзенті болуға үйретті. Терең білім берді. Ал, қалған жетістік, табыстың бәрі тәжірибе, ерен еңбектің арқасында келеді. Шетелде білім алып жүргенде бізге де оңай болған жоқ. Ең алдымен жергілікті халықтың мінез-құлқы, тұрмыс-салты, менталитетіне үйрену қиын болды. Бірақ, елдің атына көлеңке түсірмеуге тырысып, жақсы бітіру үшін бар күшімізді салдық. Қаншама жылдан бері осы мектепте жұмыс істеп келе жатқандықтан, білім саласының проблемасын бір кісідей білемін. Мен Канадада алған білімім мен тәжірибемді ұштастыра отырып, сол мәселелерді шешуге тырыстым».

Өз мектебіне оралған Ольга­ның еңбегі еш кетпепті. Бүгінде оның бірнеше шәкірті шетелде оқып жүр. Солардың қатарында Біржан Әлімбеков пен Марина Лим Ка­надада, Константин Балакиров АҚШ-та білім алып жүргендерін айтуға болады. Одан бөлек те қаншама шәкірттері талай мамандық иесі атанып, өмірден өз жолдарын тауып кетті. «Жақсы ұстаз – шәкірттің бақыты» деген, лайым ұстаздан шәкірт оза берсін.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар