Президенттік мәдениет орталығында қазақтың біртуар перзенті, Алаштың ардақты азаматы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, көсемсөзші Міржақып Дулатовтың 125 жылдық тойына арналған салтанатты кеш болып өтті. Кешті Мәдениет министрі Мұхтар ҚҰл-МҰхаммед сөз сөйлеп ашты.
Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығы жайында арнайы түсірілген “Ұрпаққа аманат” атты бейнефильм көрермендерге ұсынылғаннан кейін ортаға шыққан министр: “Әр қазақтың жүрегінен орын алған, халқына “Оян, қазақ!” деп ұран тастаған Міржақып мұралары халқымен бірге жасай бермек. Аяулы тұлғаның мерейтойының Президенттік мәдениет орталығынан басталғаны үлкен тойдың бастауы болады деп сенемін”, – деді. Мұнан кейін кеш тізгінін жүргізуді Президенттік Мәдениет орталығының директоры, профессор Мырзатай Жолдасбеков алды. Ғалым Міржақып мұраларына біршама тоқтала келе, өткен жылы Гүлнәр Міржақыпқызының аталмыш орталықтың мұражайына әкесінің ұдайы үстінен тастамаған шекпенін тапсырғанын және сол шекпенді көрермен назарына ұсынатындығын айтты.
ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ағартушылық, демократтық бағыттағы оқыған азаматтардың бірі, талантты қаламгер, қоғам қайраткері Міржақып Дулатов еді. Алаш азаматтарының аумалы-төкпелі заманда елдің болашағы үшін атқарған күреске толы қоғамдық-саяси қызметі, ағартушылық-шығармашылық мол мұрасы – қазақ үшін баға жетпес қымбат қазына. Ал оның есімі халқы үшін аяулы, еліне құрметті болып мәңгілік жасай береді. Міржақып қоғамда да, әдебиетте де халқының тәуелсіздігін бірінші кезекке қойған жан. Ол өз шығармаларында туған елін оятуға ұмтылды. “Алаш” қозғалысының белсенді қайраткері болды. Кеңес заманында М.Дулатовтың есімі мен әдеби мұрасы туралы айтуға да, жазуға да тыйым салынды. Еліміз өз тәуелсіздігін алған тұста ғана Міржақып халқына қайтып оралды. Есімі де, шығармашылық мұрасы да толық ақталып, ол бүгінгі ұрпақтың қолына жетіп отыр.
Кеш барысында Бекболат Тілеухан, Секен Тұрысбеков, Ғазиза Жұмекенова бастаған өнер шеберлері және Астана қаласының мемлекеттік филармониясының камералық хоры өз өнерлерін ортаға салды.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.