Қоғам • 28 Қазан, 2020

Елорда әуежайында екі жолаушы отырғызу талонынсыз өтуге тырысқан

100 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көлік полицейлері елорда әуежайында Алматы қаласының екі тұрғынын әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елорда әуежайында екі жолаушы отырғызу талонынсыз өтуге тырысқан

Ағымдағы жылдың 25 қазанында Нұр-сұлтан қаласының әуежайындағы Желілік полиция бөліміне "Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайы" АҚ тексеру қызметінің инспекторы екі жолаушыға қатысты шара қабылдау туралы өтінішпен келді.

Оның айтуынша, олар балағат сөздер айтып, өздерін дөрекі ұстаған, сөйтіп "FlyArystan" әуекомпаниясының "Нұр-сұлтан – Алматы" бағытындағы әуерейсіне отырғызу талонынсыз өтуге тырысқан.

Оқиға орнында Нұр-сұлтан қаласының әуежайындағы ЖПб-нің қызметкерлері құқықбұзушыларды тыныштандыруға тырысқандарымен, олар тәртіп сақшыларының ескертулеріне құлақ аспай, бағынбаушылық танытқан.

Тексеру барысында көлік полицейлері олардың  1985 және 1986 жылы туған Алматы қаласының тұрғындары екенін анықтады. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес аталған азаматтар жеңіл дәрежедегі алкогольді масаң күйде болған.

Осы факті бойынша полицейлер ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі, яғни алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу, ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабының 1-бөлігі, яғни құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбау және ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының  1-бөлігі яғни ұсақ бұзақылық бойынша бірден үш әкімшілік хаттама толтырды.

Қоғамдық орындарда масаң күйде болу фактісі бойынша оларға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың жоғарыда көрсетілген екі бабы бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.