Футбол • 29 Қазан, 2020

Англия футболға реформа жасамақ

254 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл күндері әлем елдері пандемиядан кейін футбол қалай өзгереді және қалай өзгертеміз деген тақырыпта бас қатырып жүр. Ал Тұманды Альбион өкілдері бұл жағдайға аса қатты қинала қойған жоқ. Өйткені «Манчестер Юнайтед» және «Ливерпуль» клубтары ағылшын футболының құрылымына, яғни Премьер-лига бәсекелеріне өзгеріс енгізу туралы өз жобаларын ұсынып қойды.

Англия футболға реформа жасамақ

 

Англия футболын жаңа биікке көтереді деген жаңа жобаның аты – Project Big Picture. Кейінгі екі аптада бұл жоба Англияда қатты талқыланып жатыр. Десе де бұл өзгеріс жергілікті футбол лигасының президенті Рик Пэрридің көңілінен шығып, ол өз келісімін беріп қойған. Енді тек үздік «алтылықтың» қолдауын ғана күтіп отыр.

Сонымен, кең талқыланып жатқан жоба ағылшын футболына қандай пайда береді? Футбол отаны ала доп бәсекесіне қандай реформа жасамақ? Бүгінгі шағын мақаламызда осы сұрақтарға тоқталып, жауабын іздеп көреміз.

Жоба авторлары пандемиядан кейінгі футболды дамытудың бірнеше бағытын жасап шыққан. Оның біріншісі – Премьер-лига табысының 25 пайызын төменгі лигаларды (Чемпионшип, Лига 1 және Лига 2) дамытуға бөлінеді. Сол арқылы аталған лигалардың шығынын азайтуға көмек болады деп есептейді. Жалпы, бұл мәселе Англияда біраз жылдан бері көтеріліп келе жатса да, пандемия мұны жеделдетіп шешу керек екенін ұқтырды.

Ірі клубтар карантин уақы­тында біраз қаржыдан қағылғаны бел­гілі. Ал бұл өз кезегінде клуб­тың амбициясына, трансфер сая­сатына кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Жылдық бюдже­тінің біраз бөлігі билет сатудан түсетіндіктен, командалар биыл біраз қиындыққа тап болды. Осының салдарынан клубтарға 250 миллион фунт аванс есебімен бері­луі керек еді. Алайда ағыл­шын­дар төменгі лигаларды фут­бол баспалдағы ретінде қарай­тын­дықтан, бұл қаржыны аталған лигаларға беруді жөн деп тапты.

Сондай-ақ АПЛ коман­да­ларының санын 20-дан 18-ге дейін қысқартпақ. Турнир кес­те­сіндегі соңғы екі клуб төмен­гі лигаға сырғыса, Чемпионшипте 3-6 орын алған командалар 16-орын­дағы клубпен бір жолдаманы сарапқа салады. Жалпы, бұл жер­де мақсат – лигадағы ойын санын азайту екені айтпаса да тү­сінікті. Яғни екі команда төрт ойын үшін бір ай уақыт жоғал­тады. Онсыз да командалар ішкі лигадан бөлек, ұлттық лига, Еурокубок бәсекелеріне қатысады. Қала берді ұлттық құ­ра­ма ойындары мен жаттығу жиын­дары тағы бар. Яғни жоба ав­тор­лары қазіргі таңда футбол­шы­лардың бос уақыты болмай бара жатқанын да алға тартып отыр.

Егер алдағы уақытта АПЛ-де 18 команда өнер көрсететін бол­са, «ТОП-6» командаларынан бө­лек, ең көп ойын өткізетін тағы үш команда Премьер-лига чем­пиондығынан үміткер клубтар­дың қатарына қосылады. Бар­шаға белгілі, бұған дейін АПЛ бо­йынша кез келген мәселені шешу үшін 14 дауыс жиналса жет­кілікті еді. Ал енді бұдан былай жоғарыдағы 9 клубтың алтауы­ның қолдауы жеткілікті бола­ды. Бір қызығы, аталған коман­далар басқа клубты сатып алуға ниетті инвесторларға вето қоюы­на, сондай-ақ ережелерді, лига бас­шылығын өзгертуге де әсер ете алатын мүмкіндікке ие болады.

Сонымен қатар АПЛ табы­сының 25 пайызының 8,5 пайызы түрлі аударымға және «игі істерге» жұмсалады. Атап айтар болсақ, 6,5 пайызы 4 лигадағы стадиондарды заман талабына сай жөндеуден өткізуге, қалған 100 миллион фунт Футбол ассо­циа­ция­сына сыйлыққа беріледі. АПЛ-дан шығып қалған Чемпионшип клубтарына берілетін «қаржылай көмек» (бір клубқа үш жыл ішінде берілетін 150 миллион фунт қаржы) тізімі жойылады.

Жаңа жобада клубтардың трансляциядан түсетін табы­сының белгілі бір бөлігі клуб­тың кейінгі үш маусымдағы нәти­же­леріне қарап беріледі. Және де Лига кубогы және Англия супер­кубогын өткізу мәселесін қайта қарастыру да ұсынылған. Су­перкубок бәсекесі бір ғана ойын­нан тұратынын ескерсек, бәл­кім турнир өз жұмысын тоқта­та­тын шығар. Ал Лига кубогынан Еурокубоктарға қатысатын ко­мандалар босатылуы мүмкін.

Жоба авторлары УЕФА талабы негізінде қаржылық фэйр-плей ережелерін сақтауға және АПЛ басшылығы үшін есепшот және аударымдардың ашық болуына басымдық беріп отыр. Сонымен қатар футболды дамытудағы басым бағыттың бірі – сырт алаңда ойнайтын командалардың жанкүйерлері үшін жаңа ереже жасау. Яғни көрермендер үшін ең қымбат билеттің баға­сы 20 фунттан аспауы, жан­күйер­лердің шығындарына көмек­тесу, «қауіпсіз трибуналар» ұйым­дастыру.

Ең соңғысы, чемпионат­ты әдеттегі уақыттан кеш бас­тау. Бұл командаларға маусым ал­дындағы дайындық барысында көбірек жолдастық кездесулер өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ТОП клубтар үшін бұл аз болса да, жолдастық матч арқылы табыс табуға жақсы мүмкіндік. Бұдан бөлек, Премьер-лиганың өзі де жазғы жолдастық ойындар турнирін ұйымдастырады және әрбір бір клубты бес жылда бір рет қатысуға мәжбүрлейді.