Қоғам • 29 Қазан, 2020

Жасампаз жоба – жарқын болашақ

443 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарымен онлайн кездесу өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар қатысып, Елбасы бастамасы ретінде қабылданған аталған жобаның қоғамға ықпалы жайлы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жасампаз жоба – жарқын болашақ

Іс-шара модераторы мекеме басшысы Әмірхан Рахымжанов,онлайн жиынды ашып, сөйлеген сөзінде: «Сіздер – өзіне сенетін, бірнеше тілді меңгерген, жаһандық ақпараттық қоғамдастықтың тетігін игерген білімді, талантты, креативті ел жастарының өкілісіздер. Елбасы кітапханасы жас қазақстандықтардың тәрбиесі мен біліміне баса мән беріп, отандық және халықаралық жобалардың дамуы мен өрістеуіне белсенді атсалысады. Кітапхана сайтында «Ұлы дала тарландары» атты ақпараттық жобасы іске қосылған. Осында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының финалис­терімен видеокездесулер де бар» деді.

Содан кейін, аталған жобаның қалай дамып келе жатқаны жайлы оның кураторы Бибігүл Құламан тарқата айтып, шараны ұйымдастырушы тарапқа алғысын білдірді.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы пандемияға қарамастан жұмысын жалғастыруда. Елбасының бастамасымен құрылған жоба жастардың көңілінен шықты. Жастарымыз Қазақстан атын бар әлемге танытуда. Олардың қатарында, Иманбек Зейкенов, Әйгерім Берекешова, Айжан Жүзбай, т.б. жастар бар», деді Б.Құламан.

Жоба финалисі, 2016 жылы мүд­делестерімен бірге «Тең мүмкін­дік­тер әлемі» қоғамдық бірлестігін құрған Нұргүл Ұлжекова өз сөзінде, біз қадамымызды нық басып келеміз. Бүгінде бірқатар қалада ерекше балаларға арнап тегін бейімдеу спорт секцияларын аштық. Бұл секциялар бүлдіршіндер­дің психологиялық кедергілерін жоюға көмектеседі. Әркім тең мүмкіндіктер әлемінде өмір сүруі тиіс. Бұл түсініктің кең етек жайғанын қалаймыз. Сондықтан «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысу жұмысымыздың тиімділігін арттыруда және ерекше балалардың мәселелері туралы қоғамға мейлінше кеңірек жеткізуде өте маңызды кезең болды десе, жоба финалисі Сәулет Қалдашов, аталған жоба жерін, елін шын сүйетін, оның игілігі үшін аянбай тер төгіп жүрген жастар есімін паш етті. Бұл жандар – қоғамның дамуына еңбек сіңіріп жүрген ұлттың жанашыры, нағыз патриот азаматтар. Қазақстанның жарқын да бейбіт келешегі біздің қолымызда, – деп өз ойымен бөлісті.

Кездесу соңында мекеме басшысы Әмірхан Мұратбекұлы жиынға қатысқандары үшін жастарға алғыс білдіріп, жобаның әр жеңімпазының тәжірибесі мен тарихы қазақстандық жастар үшін мықты мотивация бола алатынын алға тартты.