Кино • 29 Қазан, 2020

Бағы жанған «Ұлболсын»

1146 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жаңа толқын» режиссерлерінің ішінде Әділхан Ержанов есімі ерекше аталады. Әсіресе француз кино мамандары мен көрермендерінің сүйікті суреткеріне айналған қазақтың қара баласы әлемнің небір үздік фестивальдарына жолдама алып, ұлттық кино өнеріміздің байрағын әманда тек биікте желбіретіп келеді. Осыдан біраз бұрын Әділханның «Қап-қара адамы» Францияда жалпыұлттық прокатқа шықты деп қуансақ, енді міне, араға аз ғана уақыт салып «Ұлболсын» туындысының тұсауы Таллинде кесіледі!» деген жағымды жаңалықпен киносүйер қауымнан тағы да сүйінші сұрамақпыз.

Бағы жанған «Ұлболсын»

«Ұлболсын» көркем фильмі осы жылдың 13-29 қараша ара­лығында Эстония астанасын­да өтетін ХХІV Таллин кино­­фес­тивалінің Black Nights («Қа­раңғы түндер») кинофес­ти­ва­лінің негізгі конкурстық бағ­дар­ламасына қатысады. Отандық кар­тина аталған бағдарламада Венгрия, Ресей, Латвия, Хорватия, Түркия, Португалия елдерінің фильмдерімен шығармашылық бәсекеге түсетін болады. Айтулы кинобайқауда атақты режиссерлер Александр Миндадзе және Анна Меликянның жаңа картиналары көрсетіледі. Сондай-ақ биыл негізгі бағдарламада бақ сынайтын сегіз картинаның ішінде «Оскар» сыйлығының лауреаты Иштван Сабоның жаңа туындысы да бар.

«Қараңғы түндердегі» көрсе­тілім Ержановтың толықметрлі 10-шы картинасы саналатын «Ұл­болсынның» әлемдік премье­ра­сы болмақ. Режиссердің осы­­­ған дейінгі «Әлемнің нә­зік немқұрайдылығы» мен «Қо­жа­­йын­дар» фильмдері PÖFF кино­­фестивалі көрермендеріне жақ­сы таныс еді, енді Эстония жұрт­­шылығы оның соңғы карти­насын да («Ұлболсын») алғаш­қы­лардың бірі болып тамашалайтын болады.

Картина осы жылдың басында Sunny Production (Қазақстан), Short Brothers (Қазақстан) және Arizona Productions (Франция) компанияларының қатысуымен Алматы облысында түсірілді. «Ұл­болсын» – режиссер Әділ­хан Ержанов пен оператор Аза­мат Дулатов арасындағы шығар­машылық тандемнің алғашқы тә­­жі­рибесі. Сценарий авторы Әділ­­­хан Ержановтың өзі. Фильм биыл ХХVІ Sarajevo Film Festival кино­байқауының Work-In-Progress секциясында бас жүлдені жеңіп алды.

– Бұл – қиын жағдайға тап бол­ған апалы-сіңлілі қыздар туралы өте қарапайым оқиға. Картинаның бас кейіпкері − қалада тұратын мықты әрі жігерлі Ұлболсын. Оның Ажар есімді сіңлісі Қара­тас ауылының орта мектебін тәмам­дағалы жатыр. Апайының сіңлісінің болашағына деген жос­пары зор: ол оған деп қо­мақты қаражат жинап, шетелдік беделді оқу орындарының біріне оқуға жібермек. Алайда Ұлбол­сын ауыл­ға келген соң, жас қызды ауыл­дың құрметті азаматы Үрген есімді жергілікті емші екінші әйел етіп алу үшін алып қашқанын біледі. Ұлболсын мұнымен келі­сер емес. Сондықтан Қаратас ауы­лының патриархалды әлемімен күресуге бел буады. Дәл осы қиын да қайшылыққа толы жағ­дай кейіпкерлердің мінез-құ­лы­ғын ашуға көмектеседі. Фильм тү­сіріліміне қатысқан бар­ша шы­­ғармашылық ұжымды «Ұл­бол­сынның» жетістігімен һәм әлем­дік премьерасымен құттық­таймын! − деді туынды режиссері Әділхан Ержанов.

Фильмнің бас продюсері әрі басты рөлін сомдаушы – Әсел ­Сә­дуақасова. Естеріңізге сала кет­сек, Ә.Сәдуақасова Ержановтың бұ­ған дейін түсірілген «Атбайдың шай­қасы» және «Сары мысық» ат­ты тағы екі туындысын шы­ға­­ру­ға атсалысқан болатын. Сің­лі­сі­нің рөлін жас актриса Динара Сағи, ал Үрген бейнесін Ерболат Әл­қожа сомдайды. Сондай-ақ кино­лен­тада Санжар Мәди, Данияр Ал­шы­нов, Берік Айтжанов, Еркен Гу­башев және басқа да актерлер өнер көрсетеді. Бір қызығы, «Қап-қара адам» фильмінде басты рөл­ді сомдаған Данияр Алшынов «Ұл­болсынның» эпизодында да ал­дың­ғы туындыдағы кейіпкері де­тектив Бекзаттың рөлінде кө­рінеді.

Карантин жағдайына бай­ла­­нысты «Қараңғы түндер» кинофес­ти­валі биыл аралас түрде, яғни кино­театр­лар мен онлайн форматта қатар өткізіледі деп жоспарлануда. Әлем­дегі эпидемиялық жағ­дайды ескерген фестиваль ұйым­­дастырушылары қазірден бас­тап барлық қауіпсіздік шара­сын қарастырып қойыпты. Қа­тысушыларға тегін бетперделер де таратылатын болады.