Қоғам • 29 Қазан, 2020

Сайыпқыран Сапура қыз

1535 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің 1 қазан күнгі санына «Көктемірдің көтерілісін кім басқарды?» деген, ал осы басылымның келесі күнгі (2 қазан) нөміріне «Көктемір» ат­ты мақала жарық көрді. Ба­сылымның Ақтөбе облысындағы тіл­ші Баян Қуандыққызының жоға­рыдағы жазбалары тарихы­мыздың тасада жатқан парағын ашқандай әсер қалдырды.

Сайыпқыран Сапура қыз

Ұлт тарихында «Көктемір» дейтін атпен белгілі Сапура Мәтенқызы тура­лы аңыз әңгімелерді біз бала кезі­мізден үлкендердің аузынан естіп өстік.

Сол уақытта батыр қыз өмір сүрген Қиылдың жері Мәртөк ауданының «Жайсан» совхозының 5-мал борда­қылау бөлімшесі еді. Жылда ерте көк­темде, қардың шеті сөгілген тұста сов­хоз малдарын жазғы жайылымға ай­дайды. Әкем жарықтық осында мал бағады. Жазғы демалыста қасында болып көмектесеміз. Кешке қарай шопандар жиналып өлкеміздің өткен тарихын таратып, әртүрлі әңгімелер шертеді.

Әсіресе Сапура Мәтенқызының көзге түс­пес бейнесі мен айлаға то­лы ерлік­тері балалық санамызды ерек­ше қызықтыратын. Дала қария­лары орыстың ұлы қолбасшысы А.Су­во­ровт­ың қазақ жерін жаулауға келген отрядын ішке өткізбей, кейін қайтуға мәжбүрлеген Сапураның сарбаздары екендігін мақтанышпен айтатын.

Одан кейін Көктемір – Сапура туралы мәліметтерді белгілі ақын, жур­налист Амантай Өтегеновтің ауызы­нан естідім. Амантай ағаның айтуын­ша, «Көп адамдар нақты мәлімет бол­маған соң білмейді. Сапураның қазақ халқына сіңірген ерлігі француз хал­қы айрықша құрметтейтін Жанна д, Арктен кем түспейді. Денсаулығым мүмкіндік берсе, Сапура батыр туралы поэма жазу ойымда бар» деуші еді.

Ел басына күн туған қиын кезең­дерде шалбарланып, атқа мініп, шашын дулыға астына түйіп, қолына қа­ру алып, жаумен жағаласқан арулар ел тарихында көптеп кездеседі. Атап өтер болсақ, Ботакөз батыр, Бақтықыз батыр, Бопай Қасымқызы, Назым, Гау­хар, Айбике қатарлы арулардың ерлік істері ел аузында.

Сапура Мәтенқызының мақсаты – Ресей патшалығы әскери отарлау экс­педициясының қазақ жеріне бой­лай кіруіне кедергі жасау болатын. Сөйтіп, отты қару зеңбірекпен мұз­дай қаруланған орыс әскерлерінің қа­зақ жеріне ендеп кіруіне төрт жыл бойы тосқауыл жасап, оларды Қобда шебінен әрі өткізбеуі баға жетпес ерлік деп есептеуге болады.

Сапураның жүйрік ат мінген жау­жүрек сарбаздары түнгі қараңғы­лық пен жер қыртыстарының ерек­шеліктерін пайдалана отырып, жаудың ат-көлігін айдап кетіп, азық-түліктерін тонап, экспедицияның алға жылжуына кедергі жасады. Өздері жау қолына түспей дер кезінде сытылып шығып, олардың берекесін алды. Сондықтан болар Сапура «Көрінбес Көктемір» деген лақап атқа ие болды. Сапура бастаған көтерілісшілер жеңілген соң да із-түзсіз жоғалып кетуінде да­налық, стратегиялық қулықтар жатқан сияқ­ты.

Сапура Мәтенқызы туралы тарихи дерек­тер азды-көпті жазылып жүр. Атап айтар болсақ, Нейля Бек­маханованың «Легенда о невидимке» атты кітабы, Бекен Қайратұлының «Суворовты сан соқтырған Сапу­ра», Жақсат Қарылғашовтың «Қазақ­тың Жанна д, Аркі», Мейірхан Ақдәу­лет­ұлының «Қазақтың Жанна д, Аркі немесе кіші жүздің Көктемірі», Самат Өтениязовтың «Сапура Мә­тен­қызы және оның ерлікке толы заманы», Исламғали Бітіктің «Сапу­ра Мәтенқызын білеміз бе?», Жі­бек Абдуллинаның «Темірмен құр­сау­ланған жұмбақ жан», Кәмшат Қопаева­ның «Салт атты Сапура қыз», Төреғали Қазиевтің «Жанна д, Арк казахская – Сапура Мәтенқызы», Іңкәр Декенованың «Сапура Матенқызы» және тағы басқа еңбектер бар.

Ал бұл жолғы жарық көрген Баян Қуандыққызының қос мақа­ласы жоға­рыдағы зерттеулерді толықты­ратын тың жазба екені анық.

 

Жақсат ҚАРЛЫҒАШОВ,

Мәртөк ауданының құрметті азаматы

 

Ақтөбе облысы