Ел ішінде «Көктемір», «Көрінбес» атанған 22 жастағы Сапура басқарған қазақ жасағы 1775-1776 жылдары Орынбор шекаралық шебінің бойындағы Жоғарғы Жайық, Қызыл, Таналық, Ор бекіністері, Ильинск және Елек әскери бекеттеріне бірнеше рет тұтқиылдан шабуылдар ұйымдастырып, жазалаушы отрядтардың қазақ жеріне ішкерілей кіру жолдарын кесті. Ол Нұралы Әбілқайырұлының Орынбор губернаторымен одақтастығына қарсы тұрып, Досалы сұлтанның қолдауымен Жайықтың бергі беті мен Қобда-Елек бойындағы қазақтардың қарсылық қозғалысын басқарды. Ел ішінен Көктемірге қосылған ерлердің саны 5 мыңнан асқанда, әскери тұрағын Қобда мен Електің арасына көшірген. Оның қолы жылдам орын ауыстыра алатын партизандық күрес тәсіліне жақсы машықтанған. 1775-1776 жылдары көтеріліс қатты қызғанда, соғыс тәсілдерін жақсы меңгергендігі мен жер жағдайын жақсы білгендігінің арқасында, соңынан түскен Нұралы ханның қуғыншылары мен жазалаушы отрядтан үнемі құтылып кетіп отырған. Ешкім көрмеген, «ерекше сиқырлы күшке ие, көріпкел және жындармен байланысты» деп қауесет таратқан Көктемір қыздың көтерілісіне Еділ бойындағы Пугачев көтерілісінің ұшқындары да себеп болған.
Сапура Мәтенқызы Пугачев жасағында шайқасқан қазақ сарбаздарымен де байланыста болғаны анық. Мұның дәлелі, белгілі тарихшы Нәйла Бекмаханованың «Көктемір туралы аңыз» кітабы мен Ізтай Мәмбетовтің «Пугачевтің нөкері», «Көктемір» поэмаларында айтылған тарихи мәліметтер.
1776 жылдың жазында Көктемір көтерілісі тез басылды. Сапура Мәтенқызы жазалаушы отрядпен шайқаста қаза тапты ма, әлде шегіне-шегіне басқа жаққа көшіп кетті ме, ұрпақтары қалды ма деген сұрақтың жауабы жоқ. Осы кезге дейін Сапура сапында шайқасқан сарбаздар туралы білетін көнекөз қарттардың әңгімесі жазып алынбай, Көктемір көтерілісін жүйелі түрде ешкім зерттемепті.
«Пугачев көтерілісін індете қазса, бізге беймәлім көптеген деректердің беті ашылар еді. Қалай болғанда да бұл істе кәсіби тарихшылардың тиянақты да адал жұмысы керек. Өйткені Сапура Мәтенқызын тану үшін ең алдымен Орынбор, Омбыдағы сол кезеңдегі қазақ тарихына қатысты деректерді, әскери есептерді сөйлету керек», дейді ақын Мейірхан Ақдәулетұлы.