Экономика • 29 Қазан, 2020

Теріскейде агросектордың табысы артты

225 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы жылы аяқталып келеді. Облыс жиын-терін жұмыстарын өз уақытында аяқтады. Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының ең маңызды саласы, оның өнімдері өңір экономикасының төрттен бірін құрайды. Саланың облыстық басқармасының бастығы Ерболат Бекшеновтің айтуына қарағанда, 9 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 4,3% өсіммен 628 млрд теңгені құраған.

Теріскейде агросектордың табысы артты

 

Биыл егіс алқабының жалпы көлемі жылдағыдай болуы­мен қатар импорт алмастыру бағ­дарламасына сәйкес әрта­рап­­тандыру жұмысы жал­ғасын тапты. Соның ішінде қарақұмық өсіру былтырғыдан 2,5 есе артып, 4,2 мың гектар жерге егілген. Бұршақ егу де былтырғыдан 30 пайызға артқан. Биыл оның кө­ле­мі 54 мың гектарға жетіп отыр.

Биылғы жаздың ауа-райы ерекше болды. Өңірдің көптеген аумағында көп уақыт бойы тамшы тамбаған ыстық күндер тұрды. Бұл нанның қамырлығына жақсы болғанымен егіннің қаулап өсуіне кедергісін келтірді. Ал күз­гі жиын-терін кезінде ауа-ра­йының қолайсыздығы көп болған жоқ. Соның нәтижесінде облыс науқанды өз уақытында төкпей-шашпай аяқтады. Жедел мә­ліметтерге қарағанда, 4,5 млн тонна астық жиналды. Гектар берекесі 15 центнерден айналды.

911 мың гектар жерге егілген майлы дақылдар да толық жиналып алынды. Облыс биыл 772 мың тонна өнім алды, ал гектар берекесі мұнда 8,5 центнерді құрады. Қазір тек аздаған күн­ба­ғыс алқаптары ғана жиналмай тұр, олар жерге алғашқы қырау түскеннен кейін толық жиналып алынады.

Биылғы орақта биік көрсет­кіш­терге қол жеткізген шар­уа­­шылықтар арасында «Зенченко и К», «Тұқым», «Но­во­ми­хай­лов-2003» ЖШС атауға болады. Олардың әрқайсысы гектарынан 28 центнерден өнім алды.

Жоғарыда айтқанымыздай, би­ылғы астықтың сапасы өте жақ­сы, қамырлылығы жоғары. Астық қабылдау тіректеріне тап­сырылған барлық 1 млн 100 мың тонна дәннің 67 пайызы – 3 класс, 24 пайызы – 4 класс және 3,6 пайызы ғана 5 класс болып отыр. Бұл 2019 жылғы астықпен салыстырғанда сапа жағынан 33 пайызға жоғары деген сөз. 4-5 кластарға жататын сапасыз астық былтырғымен салыстырғанда 30 пайызға азайды.

Мұндай сапаға қол жеткізу алдымен ауа-райының қолай­лы­лығынан болса, екіншіден ди­қан­дардың агротехникалық шара­лар­ды бұрынғыға қарағанда өз уақытында атқарғандығының нә­ти­жесінен болып отыр. Бұл қа­­тарда алдымен сапалы тұ­қым қол­данылғанын айту керек. Са­па­лы тұқым климаттың түр­лі факторларына төтеп беріп, жо­ғары өнім бере алады. Биыл бар­лық 4,2 млн га алқапқа осындай тұқымның 494 мың тоннасы егілген еді. Соның ішінде элиталық тұқымның 43 мың, су­перэлиталық тұқымның 4 мың тоннасы сіңірілді. Айта кету керек, биыл диқандар өз қам­ба­ла­ры­на келер жылға арнап 478 мың тонна сапалы тұқым құйып алды.

Қазір диқандар минералдық тыңайтқыштар қолдануды да есе­леп арттырған. Облыс басшысы Құмар Ақсақаловтың өзі осы істі жіті қадағалап, жердің құнарын сақтауды талап етіп отырады. Былтыр да бұл жұмысқа үлкен назар аударылған, ал биыл бүгінгі таңға дейін 1,8 млн гектар жерге 121 мың тонна минералды тыңайтқыштар себілді және бұл жұмыс әлі де жалғасын табуда.

Әрине, астықты егу мен жинап алуға сапалы техника қол­да­нылмаса төгіп-шашуға жол бері­ліп, ысырап көбейері сөзсіз. Облыс әкімі бұл іске де үнемі назар аударып отырады. Соңғы үш жылда облыста 89 млрд теңге тұратын 4,7 мың бірлік сапалы техника алынды. Ал биылғы 9 айда ғана 44 млрд теңгеге 1707 бірлік түрлі техникалар сатып алынды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 12 пайызға артық.

Облыста мал шаруашылығы сала­сы да белсенді дамуда. Ағым­дағы жылдың 9 айының қоры­тын­дысы бойынша 2,4% өсіммен мал шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 140 млрд тең­ге­ні құрады. Ет өндірісі 5%-ға ұлғайып 75 мың тоннаға жетті, сүт өндіру көлемі 5,3%-ға өсіп, 497 мың тоннаны құрады.

Соңғы 2 жылда 7 жаңа сүт кешені пайдалануға берілді, оны іске асыруға 6 млрд теңгеден астам қаражат құйылды. Биыл тағы да 10 заманауи сүт тауарлы ке­шенінің құрылысы жөнінде жұ­мыс жүргізілуде. Осы нысандар толық қуатына шыққан кезде қосымша 30 мың тоннадан астам сүт өндіріледі және 300-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылады.

Сондай-ақ Ақжар және Уә­ли­ханов аудандарында 13 мың басқа арналған 2 бордақылау алаңы («Береке – Ақжар» ЖШС 3 мың орын), («Жаке» ШҚ 10 мың орын), Қызылжар ауданында 1 мың басқа арналған ет бағытындағы ферма, бройлер құс фабрикасы ашылған.

Қолда бар және құрылатын кешендерге мал басын көбейту үшін ағымдағы жылы Ресей мен Еуропа елдерінен 1900-ден астам асыл тұқымды ірі қара әкелінді. Етті құс шаруашылығын дамыту үшін Петропавл қаласында «Петропавл бройлер» бройлерлік құс фабрикасының құрылысы бойынша жобаны іске асыру бас­талады. Қала халқын жұ­мыр­­т­қамен қамтамасыз ету об­лыс­­­тың құс фабрикаларында өн­­­ді­­рілетін жұмыртқа есебінен жүр­­гізіледі. Жұмыртқа бағасын тұ­рақ­тандыру мақсатында «Есіл» құс фабрикаларының бас­шы­лы­ғымен облыс орталығы әкі­мі­­­нің Петропавл қаласының тұр­­ғын­да­рын жұмыртқамен қам­­тамасыз ету бойынша келісім­шарты бар. Осы келісім шең­бе­рінде құс фабрикаларының сату бағасы бірінші санаттағы он жұмыртқа үшін 280 теңгені құрайды. Ал қала дүкендеріндегі бағасы – бүгінде 300 теңге.

«Есіл ҚФ» ЖШС айына 10 млн данадан астам жұмыртқа өндіреді, 8 айда 85 млн дана жұ­мырт­қа өндірді, бұл Петропавл қа­ласы халқының қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкін­дік береді. 2019 жылы облыстың құс фабрикаларында 637 млн дана жұмыртқа, 2020 жылдың 8 айында 320,5 млн дана жұмыртқа өндірілді.

Қорыта айтқанда, ауыл шар­уа­­шылығы саласы бойынша жо­­ғары көрсеткіштерге қол жет­­кізуде мемлекет тарапынан қуатты қолдау көрсетіліп отыр­­ғанын атап айту керек. Соңғы үш жылда облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға 116 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған. Бұл ұқсата білген жергілікті басшылық үшін орасан зор қолдау. Мемлекеттің саланы қолдауы биыл тіпті рекордтық көлемге жетті. Атап айтқанда, 2019 жылы – 39,5 млрд теңге болса, биыл 48 млрд теңгеге жетіп, 23%-ға артты. Жыл басынан бері «ҚазАгро» қаржылық институттары арқылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 45 млрд теңге сомаға 1618 өтінім қаржыландырылды.

Мемлекеттік қолдау шара­ла­рының барлық кешені елі­міз­дің және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қайта өңдеу кәсіпорындары қуат­тарының жүктемесін, ауыл шаруашылығы өнім­де­рі өн­ді­­рісінің көлемін ұлғай­туға, нә­ти­же­лі еңбек жағдай­ла­рын жасау арқылы ауыл шаруа­шы­лы­ғ­ын­дағы еңбек өнімділігін және халықтың табысты болуын қам­та­масыз етуге қуатты күш береді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы