Қоғам • 29 Қазан, 2020

Жастар сайыста шыңдалады

295 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістандық үздік волонтерлер екі күнін ауыл шаруашылығының тыныс-тіршілігімен танысуға арнады. «Ауылдағы бір күнім» телевизиялық реалити-шоуы аясында «Мал мен егін – көл-көсір өнім» сайысы өткізілді.

Жастар сайыста шыңдалады

 

Жастардың ата кәсіпті жаң­ғыр­туға назарын аудару, еңбекке баулуды мақсат еткен конкурсқа қатысуға ниет білдіргендер қарасы көп болды. Ұйымдастырушылар жас­­тарды ауыл шаруашылығы сала­­сындағы кәсіпкерлік белсен­ділікке ынталандыруды да көздеп отырғанын жеткізді.

Бұл жобаға Түркістан өңірі аудан­дарынан 30-ға жуық волонтер қатысып, «Алатау», «Қа­­­ратау», «Сырдария» және «Тұ­ран» деген төрт командаға бө­лініп жарысты.

Жарыстың алғашқы күні Қа­зы­ғұрт ауданындағы бақ­тан алма терумен басталып, жі­­гіт­­­тер қауымының қой қыр­қуына ұласты. Алғашқы сайыста «Ала­тау» құрамасы басым түс­се, қой қырқу кезінде «Сыр­да­рия» жігіттері ептілігімен алға шық­ты. Жігіттердің айтуынша, қой қырқуда қолына алғаш рет қайшы алғандары да бар, соған қарамастан олар ұйым­дас­ты­рушылардың тап­сыр­масын жоғары дәрежеде орындауға тырысты.

Ал сайыстың екінші күні Сауран ауылдық округінде картоп қазып, оны жинаумен басталды. Бұл жерде байқауға қатысу­шылардың картоп жинаудағы жыл­дамдықтары мен салмақ бо­йынша басымдылықтары есеп­теліп, нәтиже бойынша «Сыр­дария» тобы алға шықты. Әрі қа­рай қатысушылар сайысты мақта алқабында жалғастырды. Еліміздің оңтүстігі – ақ алтынның Отаны екені бәрімізге белгілі. Сондықтан бұл жарыста аталған сайыстың болуы заңды. Мақта теру кезінде қатысушыларға баға берген қазылар терілген мақ­та­ның тазалығына, салмағына жіті мән берді.

«Тұран» командасының капитаны Әйкерім: «Жарыста бе­рілген тапсырмаларды бұрын естігенімізбен, ешқашан орындап көргеніміз жоқ. Мысалы, өзім мақта алқабына бірінші рет келіп тұрмын. Алма, мақта, картоп тере жүріп, осы салада бұ­­рыннан қызмет ететін ша­руалардың ең­бегін түсініп жатырмыз. Мұндай жобалардың болуы еңбек адамдарына деген құрметті арттырады және жастарды да соған баулиды деп ойлаймын», дейді.

Жарыстың бір қызығы – жас­тар өздері туған өңірдегі кә­сіп түр­лерінен болған додада еп­тіліктерін байқатты. Мыса­лы, мақтааралдықтар мақта терім­де бі­рінші болса, «Алатау» құра­масы алма мен картоп теруде көз­ге түсті.

«Бұл – жастарды еңбекке бау­луға арналған жақсы жо­ба. Біздің Түркістан облысы хал­­қының 80 пайызы ауылда тұрады. Өңірімізде ауыл шаруа­шы­лы­ғы әлеуеті қарқынды дамып ке­леді. Бұл – атадан балаға мирас болып келе жатқан кәсіп. Ата кәсіптің жандануы, ауыл ша­руашылығындағы инно­ва­ция­лық даму, шаруашылыққа жаңа технологияларды енгізу – ендігі жастардың еншісінде. Қа­­зақстан келешекте әлемдік азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз етуде өзінің табиғи ресурс­тарына сай, лайық орнын алады деп сенеміз. Осы мақсатта қызмет етеміз», дейді «Жастар ресурстық орталығы» басшысы Амалбек Өміртай.

Жастар екі күн бойы нағыз ауыл өмірін сезініп және өздерінің еңбекке қаншалықты қабілетті екенін дәлелдеді. Жобаға ауыл­шаруашылық саласының мамандары, шаруа қожалықтарының иелері, көпбалалы аналар қазы­лық етті. Нәтиже бойынша, «Қа­ратау» командасы III орын, ал «Алатау» II орынды иеленді. I орын­ды «Сырдария» құрамасы ен­шілеп, бас жүлдені «Тұран» қанжығасына байлады. Жеңімпаз жастарға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.