Экономика • 30 Қазан, 2020

Француз компанияларына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

117 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері Қазақстан-француз "дөңгелек үстелі" мен екі елдің іскерлік кеңесінің отырысы барысында талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Француз компанияларына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

Бейнеконференция режимінде өткен іс-шараға 100-ден астам бизнес-қоғамдастықтың өкілдері, Қазақстан мен Францияның мемлекеттік органдарының, квазимемлекеттік ұйымдарының басшылары қатысты.

Форум барысында қатысушылар экономиканы жаңа жағдайда дамыту, Қазақстанда бизнес жүргізу және инвестициялар бойынша кең ауқымды мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, қазақстандық спикерлер елдің инвестициялық ахуалы, бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары және Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін кеңінен таныстырды.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауында инвестициялық саясатты іске асыру бойынша қосымша шаралар мен басымдықтарды, соның ішінде, жаңа құрал - стратегиялық инвестициялық келісімшартты енгізу туралы жариялағанын атап өтті.

«Біздің еліміз инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған реформаларды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Үкіметтің кәсіпкерлермен тікелей және ашық диалогы қамтамасыз етілуде және жаңа инвестициялар, ноу-хау және озық технологиялар тарту үшін инфрақұрылым жетілдірілуде. Қазіргі уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша стратегиялық инвестициялық келісім арқылы ірі инвесторлар үшін қосымша қолдау құралын енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы келісім инвесторларға салықтық преференциялар, жеңілдетілген қаржыландыру, мемлекет тарапынан кепілдендірілген сатып алу, сондай-ақ экспорттық қолдау түрінде мемлекеттік демеу шараларының кешенді пакетін ұсынады. Кепілді заңнама тұрақтылығы мен салалық преференциялардың болуын атап өту маңызды», - деді министрдің орынбасары.

Іс-шара аясында "BPifrance" Францияның егеменді қоры және инвестициялық банкі, "Saint-Gobain" құрылыс материалдары мен инновациялық шешімдерінің ірі өндірушісі және "Air Liquide" ірі өнеркәсіптік тобының басшылығымен екіжақты кездесулер өтті.

Франция Қазақстанның негізгі сауда-инвестициялық серіктестерінің тізіміне кіреді. 2010 жылдан бастап Франциядан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестиялар көлемі шамамен 11 млрд. АҚШ долларын құрады, бүгінде елімізде мұнай-газ секторында, уран өнеркәсібі, машина жасау, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, көлік, туризм, цифрландыру, энергетика, оның ішінде баламалы энергетика және басқаларында француз капиталының қатысуымен 166 кәсіпорын тіркелген. Олардың қатарында "Total", "Orano", "Alstom", "Air Liquidе", "Vicat", "Danone", "Soufflet" және т. б. компаниялар бар. 

Форумды ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Франциядағы Елшілігі, "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ, екі елдің іскерлік кеңесінің тең төрағалары және MEDEF француз кәсіпорындарының бірлестігі ұйымдастырды.