Аймақтар • 30 Қазан, 2020

Батыс Қазақстанда облыстық басқарма басшысы парамен ұсталды

1416 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюпов 7,8 млн теңге пара алғаны үшін қамауға алынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстанда облыстық басқарма басшысы парамен ұсталды

"Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Батыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшысы мен оның сыбайласына қатысты тергеуді бастады. Олар 2020 жылғы 12-23 қазан аралығында компания директорынан жалпы сомасы 78 000 000 теңгеге медициналық жабдықтарды (мониторларды) жеткізуге мемлекеттік сатып алу туралы ЖШС-пен бұрын жасалған шарттар бойынша орындалған жұмыстар мен ТМҚ қабылдау актілеріне кедергісіз қол қою үшін айтарлықтай мөлшерде пара түрінде жалпы сомасы 7 800 000 теңге алған", деп хабарлады бүгін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров.

Басқарма басшысы және оның сыбайласы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Процессуалдық Кодекстің 128-бабы бойынша ұсталып, Орал қалалық Полиция Басқармасыныңк уақытша ұстау абақтысына қамалған. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жарияланбаған.

1969 жылы туған Болатбек Каюпов бұл қызметіне 2020 жылдың наурыз айында тағайындалған болатын. Оған дейін Маңғыстау облыстық ауруханасының директоры болып қызмет еткен.

Соңғы екі аптада еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 85 оқиға бойынша тергеу бастап, 8 лауазымды тұлғаны қамауға алған.