Аймақтар • 30 Қазан, 2020

СҚО-да белгісіз бір адам медицина қызметкерлерін гранатамен қорқытқан

105 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда ғана СҚО Айыртау ауданында жауынгерлік граната табылғанын жазған едік. Ал кеше облыстық ПД баспасөз қызметі Петропавл қаласының №4 емханасында бір адамның гранатамен медицина қызметкерлерін қорқытып, дүрбелең тудырғанын хабарлап отыр.

СҚО-да белгісіз бір адам медицина қызметкерлерін гранатамен қорқытқан

Солтүстік Қазақстанда толып кеткен бұл не деген көп граната деп таң қалмасқа лажың жоқ. Граната бірнеше адамның өмірін бірден жалмай алатын өте қауіпті жарақ. Оның күзетілуі мен қолданылуы барынша қатаң болуы керек еді. Ал Айыртау ауданында ол пакеттің ішінде бос жатып, итін қыдыртып жүрген тұрғын абайсызда тауып алған. Егер ол байсалды кісінің емес, бала-шағаның немесе жаман ойлы адамның қолына түссе – нәтижесінің қандай боларын болжаудың өзі қиын.

Ал кеше Петропавл қаласының 58 жасар тұрғыны медицина қызметкерлерін оны көтеріп және жарамын деп айғай салып, емхананың жұмысын біршама уақытқа тоқтатып қойған. Оқиға орнына шұғыл түрде жеткен полиция қызметкерлері медицина қызметкерлері мен емханаға келген жүздеген адам эвакуацияланған. Граната көтерушінің өзі де қолға түсті. "102 арнасына дабыл сағат 9.10-да түсті. Оқиға орнына барлық қызметтер жіберілді. №4 емханадан медицина қызметкері мен 100-ден аса емделушілер шығарылды", - деді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Еңбек Сембин.

Жарғыш техник-мамандары оқ-дәріні алып, қауіпті жарылғыш заттарды тасымалдауға арналған контейнерге орналастырған. Оны ұстаған адам ұсталып, Петропавл қаласы ПБ бірінші бөліміне жеткізілді. Осы факті бойынша ҚК 287-бабы 3-бөлігіндегі "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бабымен сотқа дейінгі іс қозғалды. Тергеу аясында қажетті сараптама тағайындалатын болады. Сонымен бірге оның барысында оқиғаның себептері мен барлық мән-жайы анықталатын шығар.

Ұсталған адамның айтуынша, оның осындай әрекетке баруына медицина мекемесінің қызмет көрсету сапасына деген наразылық итермелеген. Шынында да Петропавлда көптеген медицина қызметкерлері адамдардың жүйкесін жұқартатыны шындық. Ондайлар сыпайылық дегенді атымен білмейді. Өйткені, басшылары сондай болуды талап етпейтін сияқты.

Ал ұсталған адам Ауған соғысына қатысып, жүйкесі жай да жұқарған жан екендігі белгілі болған. Сонымен қатар оның паролимпиадалық ойындарға қатысқаны да анықталды.

СҚО ПД жарғыш техник-мамандарының алдын-ала жүргізген тексерісіне қарағанда ол қолына алған Ф-1 гранатасында тұтандырғыш болмаған. Демек, оның жарылуы да мүмкін емес. Алайда көп адамды қорқытып, жүректерін шайлықтырып, жарақ көтергендіктің өзі сотта оның жауапкершілігін төмендетпейтіні хақ.

ПЕТРОПАВЛ