Қала әкімі алдымен қосымша құрылысы жүргізіліп жатқан білім нысандарында болды. Бүгінде Тұрсынбаев көшесіндегі № 84 мектептің қосымша құрылысы "Ақ ордасы" ЖШС тарапынан жүргізілуде. Мердігер компания құрылысты 25 желтоқсанда аяқтауды жоспарлауда. Бүгінде жер жұмыстары мен іргетасын құю толық аяқталған, плита жабыны 70%, қабырға жұмыстары 90% орындалып отыр.
Бас мердігер "Өмірзақ" ЖШС тарапынан жүргізіліп жатқан № 17 мектептің қосымша құрылысы наурыз айында басталған. Нысан құрылысы жыл соңына дейін ақталады деп күтілуде. Айта өту керек, №17 және 84 мектептің құрылысы "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы аясында іске асырылуда.
Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы Бекет батыр – Тәшенов көшесінің қиылысында орналасқан өнер мектебінің құрылысымен танысты. Құрылысқа жауапты бас мердігер мекеме – "РСУ – 1" ЖШС-і. Негізгі ғимараттың жұмыстары және ішкі сылақ жұмыстары толық 100% біткен, ал абаттандыру жұмыстары 90% орындалды. Мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын осы жылдың желтоқсан айында аяқтауды жоспарлап отыр.
Жалпы Шымкент қаласы бойынша жыл соңына дейін жалпы 5100 орындық 9 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда 1200 орындық 2 мектеп, 300 орындық 2 мектеп ел игілігіне берілді.
Қараша – желтоқсан аралығында қосымша әрқайсысы 300 орындық №17, 63, 84 мектеп және бір өнер мектебін пайдалануға беру жоспарланып отыр.