Медицина • 02 Қараша, 2020

Эндокринді жүйе жаңылмасын

1463 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Эндокриндік жүйе адам ағзасының гуморальды реттелуінде аса маңызды рөл атқарады. Ағзаның ішкі ортасына қажетті арнаулы биологиялық белсенді заттарды бөліп шығаратын секреция бездері қызметіне үңілген сайын қайран қаласың.

Эндокринді жүйе жаңылмасын

Бездер бөлген гормондарсыз ағза тіршілігін көзге елес­тету мүмкін емес. Қанның ағы­сымен барлық ішкі мүшеге же­тіп, олардың жұмысына әсер ете­тін гормон табиғатының те­рең­дігі сонда, ол адамның жынысын айқындауда да ерекше маңызға ие. Гормондар ішкі тұ­рақ­тылықты, яғни гомеостазды қамтамасыз етіп, жүйке және иммундық жүйелермен қосыла өсуді, ағзаның дамуын, энергияны сақтауын бақылайды.

Бұл ретте Ана мен бала ұлт­тық ғылыми орталығының эндо­кринологтарының айтары мол. Дәрігерлік практикада түрлі жайт­тар кездеседі. Соның бірі – клиникаға облыстан квотамен қаралуға келген балаға қатысты оқиға.

Оқиға былай болған. Осыдан 13 жыл бұрын отбасында алғашқы перзент – ер бала дүниеге келген. Сәбиде ер балаға тән шүметейі бар екенін көрген соң солай деп жынысы жазылғанымен, ол кіші дәретті отырып сындыра­тын. Арада жылдар өтіп, 12 жас­қа келгенде баланың сыртқы тұр­қын­дағы өзгерістер, ең бас­тысы омырау бездерінің өсуі бай­қалады. Содан оның ата-анасы дәрі­герге жүгініп, жергілікті ем­хана педиатры жасөспірімді эндо­кринологқа жібереді. Гор­мон­дарға алынған талдама оның ер бала екеніне күмән ту­ды­рады. Осылайша, бала Ұлт­тық орталыққа келіп, толық тексері­лу­­­ден өтеді. Баланың хромосома­лары да ер адамның емес, әйел жынысына тиесілі екенін көрсетті. Ультрадыбыстық зерттеу­ден де қынап, жатыр, жатыр түтікшелері мен аналық бездері барлығы көрінді. Ал керісінше еркектік белгілері болғанымен, ұмасы бос, жұмыртқасыз. Жасөспірім ер бала емес, қыз болып шығады.

Енді пластикалық хирургиямен артық етті алып тастау міндеті тұр. Ал бала физиологиялық тұрғыда болашақта толыққанды ана болып, бала көтере алады. Бірақ 13 жыл бойына ер бала ретінде жетіліп келе жат­қан жау­қазын үшін мұның қанша­лық­ты моральдық-психология­лық тұрғыда ауыр екені айдан анық. Бар болмысымен қыз екенін се­зінудің күрделі жолы тұр.

«Бала бірнеше рет генетиктің кеңесін алды, енді бірнеше зерттеу жүргізіліп барып, техникалық тұрғыда пластикалық ота жасалады деп ойлаймыз», дейді эндокринологтар.

Эндокринолог Анна Гречко «Менің алдыма жасы 16-да, ал бойы небәрі 140 см қыз бала келді. Өз жасынан 20 см тө­мен, жыныстық белгілері жетіл­ме­ген, тіпті етеккірі келмеген. Де­не­сіндегі пигментацияда да жа­ңылыс жүріп, витилиго ауруы­нан тұла бойын ақтаңдақтар жайлаған. Ал анасы болса қызы 16 жасқа жеткенше осындай жайт­тарға көңіл аудармаған. Шұғыл түрде жыныстық және өсу гормондары берілді, бірақ қыздарда өсу ер балаларға қарағанда ерте тоқтайды. Бұл – әйел жынысының физиологиялық ерекшелігі. Кө­біне қыздардың өсу гормондары 16 жаста доғарылады. Ал бұл жерде осы шекке жетіп тұр­ған болатын. Қыздың анасына «Осы кезге дейін неге қаралма­дыңыз­дар» десем, «Әжесінің де бойы кіш­кентай еді, соған тартқан шығар дедім» дейді. Тіпті бой өсуінің тежелуі қай мезгілден бас­талғанын да дөп басып айта алмады», дейді дәрігер.

Ата аналардың бауыр ет­те­рінің даму барысын жіті қадағалап отыруы өте маңызды. Бойы қалай өсіп жатыр, денесінің қай бөлігіне май жиналады, жы­ныстық белгілері қалай дамуда, ұй­қысы қалай, жүйке жүйесі жай­лы ма, бала ашулана бере ме, денесіне түк пайда болды ма, қыс­қасы ештеңені назардан тыс қал­дырмау маңызды.

Дәрігерлермен әңгіме барысында аудандар мен ауылдық жерлерде эндокринолог маман­дардың тапшылығын аңдадық. Педиатрлардың бәріне үлгеруі, медицинаның барлық саласы­на мамандануы мүмкін емес. Сон­дық­тан келешекте интернетті пайдаланып, онлайн оқуларды ұйымдастырып, ата-аналарға, педиатрларға арналған сабақтар­ды жүргізу керек деп ойладым. Осы пікірді Анна ханымға да біл­дірдік.

«Әрине, қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз, оның ішін­де сабақтың қазақ тілінде де жүруін қалар едім. Мысалы, Ресей­дің ірі орталықтарының дәрігер­лері эндокриндік жүйе­лер­дегі ауытқуларға арнап ата-ана­лар үшін түрлі мектептер ашқан. Алдыма келген ата-анаға солардың сілтемесін беремін, бірақ ол орыс тілінде. Ал бала денсаулығының жақсаруы мәсе­ленің мәнісін жете түсінуге тіке­лей байланысты. Егер бізде осын­дай жұмыстар жүргізілсе, мұндай дәрістердің қазақ тілінде таралуы ерекше маңызды дер едім», дейді ол.

Шындығы сол, шағын ауыл, аудандар түгілі ірі қалаларда да ма­ман­данған дәрігерлер жетіс­пейді. Алдын ала жазылып, айлап кезек күтесіз. Ал ауыл тұрғынына қажет болғанда эндокринологқа қаралу қол жетпес алыс армандай. Ендеше, мұны мемлекеттік тұрғыдағы мәселелердің бірі деу­ге болады. Бұл ретте ана тілінде мағлұмат алу қажеттігі бар адамдар мүддесі естен шықпай, қазақ тілінде вебинарлар жүргізу ісі де қолға алынса, оңды болар еді.