«Ордабасы» – «Тобыл» 0:3
Чемпионат басында біріншіліктің бас жүлдесіне үмітті болған «Ордабасы» мен «Тобыл» клубтары маусым аяқталар тұста жоспарларына өзгеріс енгізіп, енді жүлделі үшінші орын үшін таласқа кірісті. Осыдан бір жарым ай бұрынғы ойында «Ордабасы» «Тобылды» 4:0 есебімен ойсырата жеңіп еді. Сол есені осы турда қайтаруды көздеген қостанайлық ұжым мақсатына жетті. Тимур Сегізбаев атындағы стадионда өткен бәсекеде «Тобыл» «Ордабасы» қақпасына жауапсыз үш гол соқты. 15-турда «Каспий» қақпасына екі гол соғып, «Ордабасыға» жеңіс сыйлаған қаһарман шабуылшы Жоау Пауло бұл жолы командасына көмектесе алмады. «Тобыл» клубынан 48-минутта Руслан Валиуллин, 64-минутта Сенин Себай мергендігімен көзге түссе, 56-минутта Виктор Дмитренко абайсызда өз қақпасына гол соғып алды.
Бұл ойыннан кейін екі команда да турнир кестесіндегі өз орындарын сақтап қалды. «Ордабасы» 27 ұпаймен үшінші орында тұрса, бір ойын кем өткізген «Тобыл» 26 ұпаймен төртінші орында келеді.
«Астана» – «Қайрат» 0:1
Жанкүйерлер асыға күткен чемпионаттағы екінші «Ел-Класикода» да «Қайрат» клубының мерейі үстем болды. 4 қазандағы бірінші ойында алматылық команда 3:0 есебімен еліміздің алты дүркін чемпиондарының тас талқанын шығарса, бұл жолы 1 доп айырмасымен жеңді. Жалпы, бұл кездесудің алдында футбол мамандары «Астана» жеңіске жетеді деп болжаған-ды. Өйткені елорда клубының тізгінін ресейлік маман Андрей Тихонов ұстағаннан кейін және жарақатына байланысты бірқатар ойынды өткізіп алған негізгі құрамның футболшылары қатарға қосылған соң «Астананың» ойыны өзгеріп шыға келді. Сондай-ақ бұл кездесу табиғи емес, жасанды алаңда өтетіні де елордалықтардың жеңіске жетуіне тамаша мүмкіндік еді. Алайда ойын тағдырын жаңадан келген бас бапкер, не жасанды алаң емес, чемпионаттың сұрмергені Абат Айымбетовтің соққан жалғыз голы шешіп кетті.
Осылайша турнир кестесінде «Астанадан» 14 ұпайға алға озып кеткен «Қайрат» чемпиондыққа бір табан жақындай түсті. Егер «Қайрат» келесі турда «Ордабасы» командасын да жеңетін болса, 16 жылдан кейінгі алғашқы чемпиондығымен құттықтай беруге болады. «Астананың» «Қайраттан» бір ойын кем өткізгенін айта кетейік.
«Қайсар» – «Каспий» 0:1
Қазан айын жеңіспен бастаған «Каспий» айды жеңіспен түйіндеді. 1 қазанда «Астананы» 2:1 есебімен жеңген ақтаулықтар бұл жол «Қайсар» клубынан басым түсті. Бір қызығы, турнир кестесінде 11-орында келе жатқан «Каспий» жинаған 10 ұпайының алтауын дәл осы «Қайсардан» тартып алды. Мұнайшылардың чемпионаттағы нәтижесі өте нашар болғанымен, ойындары тәп-тәуір. Тек сәттілік жетіспей жүрген сыңайлы. Әйтпесе көп ойында қарсыластарына бір доп айырмашылығымен есе жіберіп жүр. Енді алдағы ойындарда «Каспий» жеңіс жолын жалғастырмаса, келесі жылы Бірінші лигада өнер көрсетуі әбден мүмкін. Онсыз да өздері биыл ғана жоғары лигаға шыққан болатын.
«Оқжетпес» – «Тараз» 0:0
Бұл турда гол соғылмаған жалғыз ойын «Оқжетпес» пен «Тараз» арасында өтті. Өткен матчта үш ұпайдан айырылған екі команда да бұл жолы бір-бір ұпайға разы болды. 15-турда «Оқжетпес» «Астанадан» 5:1 есебімен жеңілсе, «Тараз» «Қызылжарға» 1:0 нәтижесімен есе жіберді. Әзірше турнир кестесінде «Таразға» қарағанда «Оқжетпестің» халі мүшкіл. 15 ойында небәрі 11 ұпай жинаған көкшетаулықтар қауіпті аймақта тұр. Егер «Оқжетпестің» ойыны осылай жалғаса берсе, маусым соңында төменгі лигаға түсіп қалуы ғажап емес.
«Қызылжар» – «Жетісу» 2:1
16-турдың ең соңғы ойыны Петропавлдың «Қызылжар» және Талдықорғанның «Жетісу» командалары арасында өтті. «Жас Қыран» стадионындағы кездесуде «Қызылжар» ойын тағдырын бірінші таймда-ақ шешіп қойды. Кездесудің 36-минутында Тимур Мулдинов мергендігімен көзге түссе, 45-минутта Максим Драченко пенальтиді сәтті орындап, есепті еселей түсті. Үзілістен соң талдықорғандықтар ширақ қимылдай бастады. Кездесудің 51-минутында Артурас Жулпаның қақпаға бағыттаған соққысы қақпа торынан табылып, қонақтар есеп қысқартуға мүмкіндік алды. Ал матчтың 87-минутында өткен турлардың бірінде «Жетісудың» қаһарманына айналған Айбар Жақсылықов тәртіп бұзып, қызыл қағаз алды.