Аймақтар • 02 Қараша, 2020

Нұргелді несібесін ала келді

1803 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шарбақты ауданының орталығы Шарбақты ауылында тұратын Нұрлыбек Бекебаев пен Самал Иманқұлова – балаларын байлығы көрген қарапайым ғана отбасы. Отағасы күзетші әрі от жағушы болса, Самал мектепте оқитын балаларының сабағы мен тәрбиесіне қарайлап үй шаруасымен айналысады.

Нұргелді несібесін ала келді

Олардың отбасында Мейірбек, Исламбек, Асылбек, Жансері есімді ұлдар өсіп келеді. Жақында 9 айға тол­ған інілері Нұргелді отбасына міне, өз несібесін, қуанышын ала келді.

– Биылғы қуаныш қайырын беріп үйлі болдық. «Әр бала өз несібесін ала келеді» дейді қазақ. Бірақ әкімдік қашан көмек береді деп күтіп отырған жоқпыз. Үй берілген соң қыс та келе жатыр, қолда бар азын-аулақ ақшамызды жеткізіп, ішкі-сыртқы барлық қажетті жөндеу жұмыстарын өзіміз жасап алдық. Әрине, біз секілді көпбалалы от­басыларға жергілікті жерден көмек, қолдау, жанашырлық өте қажет-ақ. Әрбір отбасына өз үйі, өз отбасы, ошақ қасы болғанға не жетсін! Көп жыл­дан бері жалдамалы үйде тұрып келдік. Енді міне, қайырымды кәсіпкердің қамқорлығымен үйлі болдық. Бізге көмек қолын созған Нұржамал Қарашашеваға алғысымызды айтамыз, – дейді көпбалалы ана Самал Иманқұлова.

Ал біз білетін Нұржамал Қара­ша­ше­ва – ауданның тәжірибелі, жігерлі, бас­та­машыл, өзіне сенімді кәсіп­кер­лерінің бірі. Өз ісін дамыта отырып, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсенді қа­ты­сып келеді. Қайырымдылықпен және волонтерлікпен айналысады. Ауданның мұқтаж тұрғындарына өз кәсіпорнының өнім­дерімен, сондай-ақ азық-түлік, кө­көністермен қо­лы­нан келгенше көмек көрсетуде, «Мек­теп­ке жол», «Қам­қор­лық» сияқты қайы­рымдылық шаралары­на үнемі қаты­са­ды.

Қазір жалпы аудан бойынша 440 көпба­ла­лы отбасы бар, оның ішінде арнайы мем­­ле­кет­тік жәрдемақы алатын көпба­ла­лы отба­­сы саны – 251.

Тағы бір жақсы жаңалық, аудандық ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, аудандағы Есілбай ауылының жастары жалғызілікті зейнеткер Гүлнәш апаға екі айдың ішінде 2 бөлмелі үй салып беріпті. Үй ішіне қажетті тұрмыстық техникалар да сатып алынған.

– Бұрынғы ескі үйімнің төбесі шы­дама­ды, жастар өздері асар жасап маған қам­қорлықтарын көрсетіп үй салып берді. Көргені бар, имандылыққа жа­қын ауы­лым­ның балаларына ризамын. «Жа­қы­ныңа жанашыр бол» деген осы ғой, жақсылықтары балаларына бұйырсын!, – дейді Гүлнаш апа.

 

Павлодар облысы,

Шарбақты ауданы