Сұхбат • 02 Қараша, 2020

Басты құндылығымыз – қызметкерлеріміз

162 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Біздің қоғамда әлеуметтік мәселелердің бір парасы мүм­кін­дігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына ке­ліп тірелетіні мәлім. Мемлекет қанша жерден оларды қол­дау­дың жаңа тетігін ұсынғанымен, мүгедек жандардың өмір­ден өз орнын тауып, қоғамға бейімделіп кетпейінше бұл мәселе күн тәртібінен түспейді. Жақында игі іске бас­та­­машы болған, 80-нен астам адамды жұмыспен қамтып отырған әлеуметтік кәсіпкер Эмин АСКЕРОВПЕН атал­ған са­ладағы өзгерістер мен қоғамдық қызметі туралы әңгі­ме­ле­судің сәті түскен еді.

Басты құндылығымыз – қызметкерлеріміз

– Парламентте әлеуметтік кәсіп­керлікке қатысты заң жобасы әзірленіп жатқа­ны­­нан хабардармыз. Сенат жа­нынан құрылған жұмыс тобы­ның мүшесі ретінде осы жұ­мыстың қалай жүріп жат­қа­нын айта аласыз ба?

– Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөніндегі заң жобасы әзірленіп жатыр. Құжатқа жауапты жұмыс то­бы­ның құрамында мен де бар­мын. Заң жобасы келесі жылы қабылданады деп күті­лу­де. Жалпы, жұмыс тобы­ның құрамына Сенат пен Мәжіліс депутаттары мен әріп­тес­терім – әлеуметтік кә­сіп­керлер кірді. Біз күнде кез­десіп, жаңа заң жобасының нор­маларын талқылаймыз. Ең алдымен, қазір әлеуметтік кә­сіпкерлікке жауапты аппа­рат­ты анықтау, кәсіпті дамы­ту­­ға мемлекет тарапынан бері­ле­тін мүмкіндіктер қандай бола­тынын айқындаудамыз. Сон­дай-ақ жаңа бөлек заң жобасын әзірлеу керек пе әлде қолданыстағы Кәсіпкерлік туралы заңға өзгерту енгізу дұ­рыс па деген мәселелер де күн тәр­тібінде тұр.

– Жаңа заң жобасы сала­ның дамуына қалай әсер ете­­ді?

– Батыс елдерінің тәжіри­бе­сі­не сүйене отырып, құқықтық реттеулер еліміздегі әлеуметтік кә­сіпкерлікке жаңа серпін бе­ре­тініне сенімдімін. Бұл са­ла­ның құқықтық негізін әлемдегі қол­даныстағы заңдар қалап кет­ті. Бізге сол үздік үл­гі­лер­ді өзімізге бейімдеу ке­рек. Қазақ­стан­да бұл заңның қа­был­­дануы саладағы кейбір мәсе­­лелерді заң аясында шешу­ге мүмкіндік бермек.

– Елдегі әлеуметтік кәсіп­кер­ліктің бүгінгі жағдайын қа­лай бағалайсыз?

– Соңғы жылдары әлеу­мет­­тік кәсіпкерлік саласы Қазақ­станда үлкен қар­қын­мен дамып келеді. Бұл жерде мемлекет тарапынан көр­сетілген қолдау мен қы­зы­ғу­­шылықты баса айтуға бо­ла­­ды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл бастаманы үлкен мінберлерден көтеріп жүр. Мен былтыр Мемлекет басшысымен төрт рет кездесіп, соның екеуінде елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселесі сөз болды. Мемлекет басшысы саланы ілгерілетудің қаншалықты маңызды екенін айтып, кәсіпкерлерге қандай жағдай жасау керек екенін, саланың қоғамда кең етек жаюына қандай мүмкіндіктер керек екенін сұрады. Осы ретте мемлекеттік саланы дамытуға бар күш-жігерін салып жатқа­нын баса айтқым келеді.

– Жақында Ұлттық қо­ғам­дық сенім кеңесінің мү­ше­сі атанғаныңызды біле­міз. Президент жанын­да­ғы белді ұйымның мінберінде де осы әлеу­м­еттік кәсіп­кер­лік мә­се­ле­сі көтеріле ме?

– Иә, жақында Ұлттық кеңес­тің қатарына қабыл­дан­дым. Саланың ішкі мәселелерін же­тік білетін азаматтық қо­ғам өкілдеріне осындай мүм­кіндіктің берілгені қуан­тады. Мемлекеттің бұл ба­ғыт­­та атқа­­рып жатқан жұ­мы­­сын жо­ға­­ры бағалаймын. Ұлт­тық кеңес секілді беделді ұйымның ала­ңы әлеуметтік кәсіп­кер­­лік са­ласындағы өзекті мәсе­­ле­лер­ді талқылайтын орта деп есептеймін. Оны ұйым­ның даму бағдар­ла­ма­сына қосу туралы ұсыныс та біл­дір­дім. Қазір біз әлеуметтік кә­сіп­кер­­лікті дамыту бойынша қанат­қақ­ты бағдарлама әзірлеп жатыр­мыз. Егер бұл бастама Ұлт­тық кеңесте қолдау тапса, жүзеге асу ықтималдығы ж­оғары болар еді. Өткен апта­дағы соңғы отырыста сөз сөй­леуі­ме мүмкіндік болма­ды. Дегенмен жиынның екін­ші бөлімінде сала бойынша 6 топ­қа бөлініп, өзекті мәсе­ле­лерді талқыладық. Мен әлеуметтік мәселелер тобында Үкімет басшысының орынбасарымен осы мәселені талқылауға мүмкіндік алдым. Жақында кездесіп, саланы дамытудың нақты шараларын айқындауға уағдаластық.

– Қоғамдық жұмысыңыз Ұлттық кеңеспен шектеліп қалмайды. Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрінің кеңес­ші­сі қызметіне тағайын­дал­ды­­ңыз. Жұмыс қалай жүріп жа­тыр?

– Дәл осы тағайындауды мен Ұлттық кеңестің жұмыс нәти­желерінің бірі дер едім. Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрінің есеп беру кездесуінде елі­міз­де әлеуметтік кәсіп­кер­лік­ті дамытудың ма­­ңызы мен мүм­кіндіктері жай­­лы айт­қан­мын. Кейін үш күн­нен кейін ми­нистр Біржан Нұрымбетов мені өзіне ша­қы­­рып, салаға деген қы­зығу­шы­лығын білдіріп, ке­ңес­ші­сі болу туралы ұсыны­сын айтты. Осы бағытта атқа­рылып жат­қан жұмыстарға тоқта­ла кетсем, қызметке кіріскелі елі­­міздің бірнеше өңірін ара­лап келдім. Павлодар, Семей, Өскемен қалаларына іс­са­пар­мен барып, жергілікті басшылармен кездестім. Аймақ­тар­да әлеуметтік кәсіпкерлікті дамы­ту­дың жолдарын талқыладық. Себебі бұл саланы орталық деңгейде ғана емес, өңірлерде дамыту аса маңызды. Облыстар мен шағын қалалар назарымыздан тыс қалмауы керек.

– Қоғамдық жұмыстан бөлек кәсіптеріңіз жайлы да сөй­лессек. Жобаларыңыз тура­лы толығырақ айтып бер­сеңіз. Қазіргі ұстанған бағы­тыңыз қандай?

– GreenTAL компаниясы 9 түрлі бағытта қызмет атқарады. 80-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Қазір біздің бас­ты мақсатымыз өңірлердегі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту болмақ. Павлодарда алғашқы қанатқақты жобамызды қолға алдық. Ол балалар ойыншығын шығаратын әлеуметтік ағаш ұстахана болады. Жалпы, біздің елде халықтың әлеуметтік осал топтарының жұмысқа орналасуы үлкен проблема екені белгілі. Мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты аналар, балалар үйінің түлектері жұмысқа орналасарда бірқатар қиындыққа жолығады. Кей­бі­реуіне қажетті білім мен бі­лік­тілік жетпей жатса, енді біреулерін жұмыс берушілер өз қарамағына алуға ынталы емес. Оған қоса, барлық жерде оларға жағдай жасалмағаны тағы бар. Дәл осы мәселені шешу үшін 2015 жылы GreenTAL әлеуметтік шеберханасын аштық. Біз мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытып, кейін өзімізге жұмысқа қа­был­даймыз. 5 жыл бұрынғы жағ­даймен салыстырғанда, жобамыз кеңейіп, жаңа кәсіп түрлерін меңгере бастадық. Біздің басты құндылығымыз – қызметкерлеріміз. Сол себепті де оларға жайлы жұмыс орнын қалыптастыруға тырысамыз. Ағаш ұстаханада балаларға арналған ойыншықтардан бас­тап жиһазға дейін дайындаймыз. Одан бөлек тоқыма және киізден жасалған бұйымдар, экосөмкелер мен төсек-орын, құрылысшыларға арналған арнайы форма тігетін тігін цехы бар. Полиграфиялық қызмет, қоғамдық тамақтану, көлік жуу орындарын да аштық. Мұның барлығы – ын­ты­­мағы жарасқан ұжымның бесжылдық еңбегінің жемісі. Осы бағыттағы жан-жақты қызметіміз Қазақстанда жұ­мыс­­қа орналасу барлық азамат­та­рымыз үшін жеңіл болатын күнге дейін жалғасуы тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет.

1

 

Әңгімелескен

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»