Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Израильдің Индустрия, сауда және еңбек министрі Биньямин Бен-Элиэзермен кездесуде екіжақты сауда-экономикалық қызметтестікті одан әрі ұлғайту перспективалары талқыланды.
Қазақстан Премьер-Министрі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру, сол сияқты күшіне енген Кеден одағы рыногының ұлғаюы Қазақстан-Израиль сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастарының әлеуетін айтарлықтай кеңейтетінін атап көрсетті.
Түрік Республикасының Мемлекеттік министрі Зафер Чаглаянмен кездесуде екі ел арасындағы экономикалық қызметтестіктер болашағы сөз болды.
К.Мәсімов Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарын және Президенттің елді үдемелі инновациялық индустрияландыру жөніндегі бесжылдық бағдарламасын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстанда шығарылатын тауарларды Кеден одағына мүше елдердің аумағында өткізу артықшылығы аясында елдің инвестициялық әлеуетінің артып отырғанын атап өтті.
Осы күні Премьер-Министр К.Мәсімов Француз Республикасы Парламенті Сенатының қаржы комитетінің төрағасы Жан Артюс бастаған француз парламенттік делегациясымен кездесті.
Кездесу барысында екі ел президенттері қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асырудың және екі ел арасындағы экономикалық қызметтестікті одан әрі дамытудың кейбір көкейкесті мәселелері жөнінде пікір алмасылды.
К.Мәсімов сенаторларға 2007-2009 жылдары экономиканы тұрақтандыру жөнінде қабылданған шаралар мен оны дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту перспективалары туралы баяндады.
Кездесу барысында шетелдік меймандардың бәрі де Қазақстандағы экономикалық даму саясатына жоғары баға беріп, өздерінің екі жақты байланыстарды одан әрі жетілдіре түсуге мүдделі екендіктерін білдірді.