Аймақтар • 02 Қараша, 2020

Семейдегі ПТР-тест зертханасындағы кезекке қатысты түсініктеме берілді

182 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдері Семейдегі ПТР-тест зертханадағы кезекке қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Семейдегі ПТР-тест зертханасындағы кезекке қатысты түсініктеме берілді

 

Ведомство өкілдерінің айтуынша, кезекке қатысты мәселе шешімін тапқан көрінеді.

"Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде Өскемен және Семей қалаларының тұрғындары зертханаларда уақытылы ПТР-тест тапсыра алмағаны туралы хабар тарады. 2020 жылдың 2 қарашасында сағат 12:00-ге дейін осындай жағдайдың болғаны рас. Шығыс Қазақстан облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бұл проблеманы реттеп, кезекке қатысты мәселені шешті", дейді департамент өкілдері. 

3 қарашадан бастап қосымша екі зертхана ашылады. Жалпы Шығыс Қазақстан облысында 10 клиника зерттеу жүргізеді.  

"Облыс бойынша 298 547 зерттеу жүргізілді. Орта есеппен күніне 2000-2200 зерттеу жасалады", дейді ұйым өкілдері.

Айта кетейік, бүгін Семейдегі ПТР-тест зертханасының алдында ұзын-сонар кезек пайда болғаны туралы хабарланды. Зертханалардағы жағдай көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысы шыққаннан кейін басталған көрінеді. 2 қарашадан бастап шығыс қазақстандықтарға жолаушылар пойызы мен ұшаққа ПТР-тестінің нәтижесі болмаса, өңірден шығуға тыйым салынған.