Кеңтүбек пен аудан орталығы – Көктөбе ауылдарының арасы бар-жоғы 2 шақырымдық қана қара жол. Бұл жолға «Жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 10 миллион теңге қаражат бөлінген-ді. Тендерді ойнап жүріп ұтып алған мердігер компания 2 шақырымдық жолдың керісінше быт-шытын шығарғандай күйге түсірді. Қаражат та, ауыл армандаған жақсы жол да көзден бұлбұл ұшты. Жергілікті әкімдер өз ауылдарының жолына өздері бас-көз бола алмай да қалды.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, былтыр қыста бұл жолмен жүру тіпті мүмкін болмай қалыпты. Көктемде қаптаған ойдым-ойдым шұңқыр. Жылда осы. Әкімдерден не қайыр, не үміт. Олар жәй ғана келеді. Жәй ғана кетеді. Басқасын айтпай-ақ қояйықшы, ауылдың 2 шақырымдық жолын жөндеп, таза су ішкізе алмаған соң, оларға не айтарың бар?! Жәй ғана келіп-кетпесе жолды жөндеуге шамалары келер еді. Осы жолмен мимырттап әзер-әзер аудан орталығына жұмысқа баратын қыз-келіншек, көліктері сынып тұратын жігіттер, бала-шаға, кемпір-шал, той-томалақ, өлім-жітім бар дегендей.
Жер қозғалса қозғала қоймайтын әкім-қаралар енді жол жөндейді дегенге сену де қиын. Шыдам таусылды. Келе жатқан қыс болса мынау. Екі қолға бір күрек. Бас көтерер азаматтарға бұл сын. Ауылдың жігіттері енді өздері әрекет етпекке бекінді. «Ауыл-іші, ел-жұрттан ұят, бас қосып, жиналайық, асарға» десті. Сөйтіп, Асыл Жантенов бастаған жігіттер өз қаражаттарына жолға керектінің бәрін сатып алып, шұңқырларды бір-ақ күнде бітеп шықты. Ал, керек болса!
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы,
Май ауданы.