Аймақтар • 02 Қараша, 2020

Меркі ауданындағы қайғылы жағдайдың себебі анықталды

476 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше, яғни 1 қараша күні Меркі ауданының Плодовоягодное ауылындағы жеке үйде 5 адам газға уланып, оның екеуі қайтыс болған еді. Анықталғандай, қайғылы оқиғаға табиғи газбен жанатын пештің түтіндігін орнату ережелерін сақтамау себеп болған.

Меркі ауданындағы қайғылы жағдайдың себебі анықталды

Осыған орай, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін құрамында Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, Меркі ауданы әкімдігінің өкілдерінен арнайы комиссия құрылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, аталған тұрғын үйде үгіт-профилактикалық жұмыс жүргізілген. Алайда бұл шараның көмегі тимеген. 

Осыған орай, бүгін «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы, полковник Мақсат Қосыбаев брифинг өткізді. Баяндамашы әуелі жексенбі күні Меркі ауданында орын алған жағдайға тоқталды. «Аталған тұрғын үййде үгіт-профилактикалық жұмыс жүргізілген. Биылғы жылдың 15 қыркүйегінде газ және электр аспаптарын пайдалану кезінде тұрмыста өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау туралы жаднама берілген болатын. Ағымдағы жылы 17 тамыз бен 17 қыркүйек аралығында өткізілген тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығын өткізу жоспарына сәйкес, департамент қызметкерлері «ҚазТрансГазАймақ» мекемесінің өкілдерімен, волонтерлармен бірлесіп, Меркі ауданының Плодовоягодное ауылында өрттің алдын алу және халықты өрт қауіпсіздігі шараларына оқыту бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді», деді Мақсат Қосыбаев. Ал, оқиғадан зардап шеккен 3 адам жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, тиісті медициналық көмек көрсетілген. «Жансақтау бөліміне жатқызылған  адамдардың  біреуі палатаға ауыстырылып, екіншісі облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Оқиға орнында  арнайы комиссия өкілдері жұмыс істейді», дейді Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков.

Жалпы, Жамбыл облысында 1 қазанға дейін жауапты мекеме тарапынан тұрғын үйлерге профилактикалық жұмыс жүргізілген. Нәтижесінде, 2167 үйде 2863 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылықтары анықталған. Ал, 743 үйде кемшіліктер толығымен жойылған.

 

Жамбыл облысы