Қоғам • 03 Қараша, 2020

Салғырттық сан соқтырмасын

170 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлемді әуреге салған індеттің қайта бас көтере бастағаны ақ­па­рат арналарынан айтылып та, жазылып та жатқаны жасырын емес. Бірақ «аузы күйген үрлеп ішеді» дегенді ес­тісе де ескермей жүргендер жетіп артылады. Күні кеше Ден­саулық сақтау министрлігі ауырып жатқандардың ақпаратын таратып, 15 науқастың ахуалын аса ауыр деп бағалады.

Салғырттық сан соқтырмасын

Денсаулық сақтау министр­лігінің мәліметі бойынша қа­зір­гі уақытта коронавирус ин­фек­­циясынан 4 489 адам ем қабыл­дауды жалғастыруда. Олар­дың арасында 333 бала бар. Ста­цио­нарларда 2 420 науқас жатыр. 2 069 адам амбулато­риялық жағ­дайда емде­луде. Жал­­пы нау­қастардың ара­сында 150 адам­ның ахуалы нашар. Со­ның ішінде 15 нау­қас­тың ахуа­лы аса ауыр деп баға­ла­нуда. 22 науқас өкпені жасанды желде­ту аппаратында жатыр.

Министрлік бұдан былай тәуліктік нәтижелер туралы ақпа­­ратты үзбей жариялап отырады. Барлық мәлімет ресми сайт­­та және ведомствоның әлеу­меттік желілердегі парақшалары арқылы таратылады. Атап айт­қанда, науқастардың жалпы саны жөнінде, қайтыс болу деректері туралы және де қоғам үшін ма­ңыз­ды ахуалдың барлығы ресми ақпарат тарату көздерінде жедел жарияланып тұрады.

Өткен тәулікте 442 адамда ко­ронавирус індеті ПТР арқы­лы расталған. Аймақтар бойын­ша тарқатып айтсақ, Нұр-Сұл­тан қаласында – 28, Алматы қаласында – 21, Ақмола облысында – 27, Ақтөбе облысында – 4, Ал­маты облысында – 2, Атырау облысында – 3, Шығыс Қазақстан облысында – 245, Жамбыл облысында – 3, Батыс Қазақстан облысында – 13, Қарағанды облысында – 16, Қостанай облысында – 13, Маңғыстау облысында – 2, Павлодар облысында – 30, Солтүстік Қазақстан облысында 35 адамнан анықталған. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны – 112 860.

Бұл бар болғаны сандар деп салғырт қарап, науқастардың көбейіп жатқанын естісе де немқұрайлылық танытып, бейғам жүргендер жетерлік. Күн сайын газет-журналдардан бөлек, радио мен телеарналардан дамылсыз ескертулер жасалып жатса да, басына түспей бағынғысы келмейтіндер қаншама?!

Аталған індеттің алдын алу үшін республиканың кейбір аймақ­­тарында санитарлық бекет жұмысын бастайды. Дәлі­рек айтсақ, Қарағанды облы­сын­­да коронавирус бойынша эпи­демиялық жағдайды тұрақтан­дыру үшін 4 қарашада түнгі сағат 12.00-де сыртқы шекараларға кіруді/шығуды бақылау үшін үш санитарлық бекет орнатылады.

Сондай-ақ осы бекеттер ар­қылы жүріп-тұруға рұқсат беру үшін propusk.kz порталын іске қосу жоспарланып отыр. Елде аурудың өсуіне байланысты алдын алу шарасы ретінде келесі бағыт­тар бойынша санитар­лық бе­кет­тер орнату туралы шешім қа­был­данған. Бірінші, Қызылорда – Павлодар автожолы (Молодежный кенті маңында, екінші, Павлодар – Баянауыл – Бұқар жырау – Қарағанды автожолы (Үміткер кенті маңында), үшінші, Қарағанды – Аягөз – Бұғаз автожолының 271-ші ша­қы­рымы, Семей қаласы бағы­тын­да (Кентөбе кенті маңында) сани­тарлық бекет жұмысын бас­тайды.

Санитарлық бекеттер арқылы өтуді қарастыратын сапарларды жоспарлағандар propusk.kz сайтында өз деректерін көрсетуі керек. Аталған бағыттар бойынша құқық қорғау органдарына, медицина қызметкерлері мен арнайы қызметтерге, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету ұйым­дарының қызметкерлеріне, жүк көліктеріне, транзиттік көліктерге, Қарағанды облысына жергілікті тіркеумен келетін адамдарға, емделуге келетін адамдарға рұқсатнамасыз жүріп-тұруға рұқсат етіледі. Вахталық жұмыскерлер мен тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін және кері қарай жүретіндер өз деректерін propusk.kz сайтына жіберуі қажет.

Санитарлық бекеттерде поли­ция қызметкерлері мен дәрігер­лер кезекшілік етеді. Олар жүр­гізушілер мен жолаушы­лардың денсаулық жағдайын тексереді. Бақылау барысында термометрия мен сауалдама жүргізіледі.

Сонымен қатар 1 қарашадан бастап Шығыс Қазақстан облысында үйден кез келген жаққа шығу үшін маска тағу керек. Бұл туралы облыстың бас санитарлық дәрігерінің 29 қазандағы №23-1 қаулысында айтылған.

«Үйден қайда шықсаңыз да, көшеде болсын, өз көлігіңізде, кіре­бе­рісте болсын, маска тағу мін­детті. Яғни масканы үйіңіз немесе пәтеріңіз болып саналмай­тын кез келген жерде тағу керек. Қалған тыйымдар жаппай мере­келер мен отбасы­лық отырыс­тар үшін де жалғасу­да. Осы сани­тарлық ережені сақта­ма­ғаны үшін айыппұл 30 АЕК (80 000 те­ңгеден жоғары) құрай­ды. Мұ­ның орындал­уын по­ли­цейлер қада­ға­лайды. Олар хаттамалар толтырады, бірақ айыппұл сала алмайды. Сон­дық­тан оларды Тауарлар мен көр­се­тілетін қызметтердің са­­па­сы мен қауіпсіздігін бақы­лау ко­­ми­тетінің санитарлық дәрі­гер­леріне жібереді», делінген қаулыда.

Ел аумағында коронавирус ин­фекциясының таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар бағыттағы жолаушылар пойызының маршруттары қысқартылды.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жолау­шы­лар пойыздарының қоз­ға­лыс кестесіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айт­қанда, қа­рашаның 2-сінен бастап «Пав­лодар-Алматы-2» бағытындағы пойыздың Дегелең, Семей, Жаңа-Семей, Шар, Жаңғызтөбе, Жарма, Үшбиік, Аягөз, Ақтоғай стансаларында жолаушыларды отырғызуға және түсіруге ты­йым салынады. «Алматы-2-Өс­кемен-1» пойызы бұрынғыдай күн сайын емес, күнара жүретін болады. Сонымен қатар «Нұр-Сұлтан – Нұрлы Жол – Өскемен-1» по­йы­зы күн сайын емес, аптасына бір рет қатынайды.

Шығыс Қазақстан облысы­ның барлық стансаларынан түсе­тін жолаушыларда тапсы­рыл­­ғанына 3 күннен аспа­ған COVID-19 инфек­ция­сын жұқ­тыр­­мағ­андығын рас­­тай­­­тын сынама нәтижесі болуы керек. Осы­ған дейін по­йыз би­­ле­тін сатып ал­ған­дар ақша­­ларын қайтара ала­ды. Жо­лау­шы­­лар по­йыз­дары­­ның жүру кестесі тура­лы бар­лық ақпа­рат­ты «105» нө­мірі бойын­ша біле ала­ды. Тұр­­ғын­дарға ко­рона­ви­­рус пан­­демиясы кезінде дерт­­­тің та­ралуы­ның алдын алу мақ­­­сатын­да қа­был­данған шара­лар­ға түсіністікпен қарауға шақырамыз.

Әлемнің қай елін алып қара­саңыз да ахуал мәз емес. «Сүрініп жатып жығылғанға күлетін» жағ­дайда емеспіз. Екінші толқын есі­гімізден әне-міне енетіндей елең-алаң күйде отырғанымыз анық. Дей тұрғанмен саулыққа сал­­­­ғырт­тық танытып, шалдық­қан­­дар­ды көрсе де шарасыз отыр­ған қан­дастарымыз қаншама. Ұшақ­­қа мін­сең де, автобусқа кір­­­сең де, көшеде жүрсең де са­ни­­тар­лық талаптарға мән бер. Бет­перде ки. Өзіңді сақта. Жақы­ныңа жанашыр бол.