Спорт • 03 Қараша, 2020

Аркадий Топаев: Қонақбаевтың боксына қызығамын

2103 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бокс әлеміне өзіндік мәнерімен құбылыс болып келген Аркадий Топаевтай талантты былғары қолғап шеберінің спорттық тағдыры тамаша жеңістер мен тосын оқиғаларға толы болды. «Топаев» десе, бокссүйер қауымның күні бүгінге дейін елең ете қалатыны да содан болса керек. «Бокстағы басты мақсатыма жетпеген шығармын. Бірақ менің спорттық тағдырыма деген өкпем жоқ. Мен өзімді білікті бапкерге жолығып, бокс тарихында өзіндік қолтаңба қалдырған боксшының бірі ретінде санаймын», дейді КСРО-ның үш дүркін чемпионы, Азия чемпионатының жеңімпазы, Әлем кубогының иегері Аркадий Топаев.

Аркадий Топаев: Қонақбаевтың боксына қызығамын

– Аркадий, боксшы болу бала кезіңіздегі арман ба еді? Жалпы, бокс­ты таңдауыңызға не себеп болды?

– Мен бұған былайша жауап берер едім: мені боксқа алып келген 1980 жыл­ғы Мәскеу Олимпиадасындағы Серік Қо­нақ­баевтың өнері еді. Ол кезде ауылда төрт-бес үйде ғана «Весна» деген ақ-қара түсті теледидар болатын. Сол темір жәшікке телміріп, Серік ағамыздың жекпе-жектерін жүрегіміз тулай отырып тамаша­лағанымыз есімде. Бойымдағы бокс өнеріне деген сүйіспеншілік сол кезде пайда болды деп сеніммен айта ала­мын. Оның үстіне, дәл сол кездері ауылы­мыздағы мектепке Серғазы Бәкеев деген жас мұғалім келіп, бокс секциясын ашқан болатын. Сол үйірмеге алғаш­қы­лардың бірі болып жазылған мен едім. Бокстың әліп­биімен танысқаннан кейін, 1984 жылы Сер­ғазы ағамыз мені Қа­ра­ғандыға, Әлия Мол­да­ғұлова атындағы спорт мектебіне алып келіп, Қанат Жақ­сыбаевтай білікті бап­кер­ге табыстаған болатын. Міне, менің бок­сқа келуімнің қысқаша тарихы осындай...

– Демек, сіздің бойыңыздағы бокс­қа деген икемділік бала кезіңізде бай­қал­­ған ғой...

– Расын айтқанда, бала кезімде тентек болдым. Мектепте, далада көп нәрсені бүлдіріп жүрдім. Төбелеске жақын болатын­мын. Ал егер, шындап келсем, арғы атам Матақ деген кісі өңірге аты мәшһүр, батыр болған адам екен. Кенжеби деген атам да Арқадағы атақты билердің бірі болыпты.

– Бокстағы ең алғашқы қол жет­кізген табысыңыз есіңізде ме?

– 1984 жылдың жазында Петропавл қаласында өткен Қазақстан чемпионатына қатыстым. Сол жарыста бес кездесу өткі­зіп, оның төртеуінде айқын жеңіске жетіп, чемпион атандым. Менің жеңісті жолым осы Қызылжар қаласынан бастау алған еді.

– Үлкен спортта жүрген кезіңізде өзіңізді жолы болғыш боксшы ретінде сезіндіңіз бе? Жалпы, фортуна дегеннің спортшы үшін қаншалықты маңызы бар?

– Әлбетте, сәттілік, фортуна деге­ні­ңіз­дің спортшының өмірінде айтарлықтай рөл ойнайтыны рас. Бір ғана жеребе мәсе­лесін алсаңыз да көп жайтқа қаны­­ғасыз. Сондықтан да бұған атүсті қа­рауға болмайды. Жалпы, әр спорт­шы­ның маңдайға жазылған тағдыры бар. Одан қашып құтыла алмайсың. Ал өз ба­сыма келсем, үлкен спорттағы тағды­рыма өкінбеймін.

– Шаршы алаңда өнер көрсетіп жүрген кезіңізде ел ішіндегі басты қарсыластарыңыз кімдер болды?

– Қанат Шағатаев пен Василий Жиров еді. Қанат өте мықты боксшы бол­ды. Екеу­міз рингте төрт рет қолғап түйіс­тір­дік. Соның бәрінде де мен басым түсіп жүр­дім.

– Василий Жировты нокаутқа түсір­геніңіз рас па?

– Иә. Жаттығу кезіндегі спарринг жек­пе-­жегі болатын. Бастан тиген соққыдан ке­йін Вася 12 секундтай «ұйықтап» жатты...

– Жалпы, Аркадий Топаев қандай мәнердегі боксшы еді?

– Менің рингтегі басты тактикам – ал­дап ұру болатын. Бірінші раундта қар­сыласымның әлсіз тұстарын іздейтінмін. Жекпе-жек кезінде ол шіркін көзге бірден түсетін. Сонан кейін «Қасқырды аяғы асырайды» деген мәтелді сәл өзгертіп айтар болсақ, боксшыны да аяғы асырайды. Яғни шаршы алаңда боксшының аяғы жеңіл болып, лыпып тұруы керек. Менің қолайыма осындай бокс жағатын.

– Қазіргі бокстың тілімен айтқанда, сіз панчер болдыңыз ба?

– Өзімнің спорттық карьерамда но­каут­ты көп жасағаным рас.

– Өзіңіздің нокаутқа түскен кезіңіз болды ма?

– Ондайдан құдай сақтады. Ал нокдаун алған кезім болды. Рингте  мұндай жағ­дай­ды бастан кешпейтін боксшы болмайды.

– Енді 1992 жылғы Барселона Олим­пиа­дасындағы алғашқы және соңғы жекпе-жегіңізді еске алсақ...

– Барселона Олимпиадасының алдында Сергей Самойлов, атақты Исраел Акопкохянды жеңдім. Ал Олимпиададағы алғашқы жекпе-жегімде кубалық боксшы, әлем чемпионы Хуан Карлос Лемусқа тап болдым. Ол мені төрешінің «Тоқта!» деген командасынан кейін ұрды. Шынын айт­­қанда, осы соққыдан кейін өз-өзіме келе алмадым. Сол жекпе-жекте жеңгенде, жүл­­дегерлер қатарында болатыным анық еді...

– Сол соққыны алғаннан кейін жекпе-жек біткенше ес-түссіз жүріп, автоматты түрде жұдырықтаса беріпсіз. Сол рас па?

– Соққының өте жойқын болғаны рас. Сонда бір ғана ой – қаншама қазақ қарап отыр, құлап қалмау керек деген ой санам­ды аяусыз осқылаған еді! Намыстың күші­мен жекпе-жектің соңына дейін айқасып шыққаным да содан деп ойлаймын.

Негізі, заң бойынша ережені өрескел бұзғаны үшін кубалық боксшы жарыстан шеттетілуі керек еді. Бірақ ол кезде КСРО ыдырап, оның орнында пайда болған ТМД-мен ешкім есептеспейтін заман болды. Сөзіңді сөйлейтін адам болмаған соң, бұл жағдай жабулы қазан жабулы күйінде қала берген болатын. 

– Бүгінгі күнде әлемдік деңгейдегі додаларда топ жарған спортшыларымыз мол сый-сияпаттан кенде болмайды. Сіз өз заманыңызға сай мұндай қошемет-құрметті көрдіңіз бе?

–  Тәубе деу керек, осы спорттың арқасында қаладан үй алдым. 1992 жы­лы Олимпиадаға барар алдында сол кез­дегі облыс әкімі Петр Нефедов пен Қара­ған­дыдағы Совет ауданының әкімі болған Серік Әшляев ағамыздың көмегімен үш бөлмелі пәтерге ие болдым.

– Кәсіби боксқа талай мәрте ша­қыр­ту алыпсыз. Оған не себепті ауыс­па­дыңыз?

– 1994 жылы Әлем кубогын жеңіп ал­ғаннан кейін Америкадан кәсіби бокстың промоутерлері бірнеше рет телефон шалып, келісімшарт ұсынды. Бірақ ол кезде мен 1996 жылғы Олимпиаданы күтіп жүргенмін. Төрт жыл тынбай тер төгіп, Атланта Олимпиадасының қар­саң­ында нағыз спорттық бабыма енген болатынмын. Сол кездегі әлемдік рей­тингтегі мықты деген боксшыларды жеңіп, ТМД бойынша бірінші нөмірлі болып тұрғанмын. Бірақ амал қанша, тура Олимпиаданың алдында ауырып қалдым...

– Осы жайында неше түрлі қаңқу сөз бар. Анық-қанығын  айтпайсыз ба?

– Бұл жерде әңгіме деген көп. Оны қазір бықсытып жатудың қажеті де жоқ деп ойлаймын. Бұйрық болмаған соң Олимпиадаға жол түспеді. Тағдыр деген осы шығар...

– Аркадий, үлкен спортта «Жақсы спортшыдан жақсы бапкер шықпайды» деген ұғым бар... Осыны сіз бұрынғы боксшы, бүгінгі бапкер ретінде жоққа шығара аласыз ба?

– Спортта жүрген кезде көп нәрсені бап­­­кердің айтқанымен істейсің. Ал бап­кер­­лік қызметтің қамытын кигенде бәрі де кері­сінше. Яғни бұл жерде шешім­ді өзің қабылдап, жауапкершілікті де өз мой­­­ны­ңа аласың. Одан бөлек, бапкерлер ұжы­­мы­мен, айналаңдағы көптеген адамдар­мен тіл табыса жұмыс істеуің керек. Қыс­­қаша айтқанда, спортшы болу мен бап­керлік қызметтің айырмашылығы жер мен көктей. Спортта ұзақ уақыт жүріп, әлемдік биік дең­гейде өнер көрсеткен спортшы кейін бапкер болғанында, өзінің бар біл­генін шәкіртіне беруге міндетті. Меніңше, бапкерлік қызметке жүрегінің қалауымен келген спортшыдан жақсы бапкер шығады деп ойлаймын.

– Бапкерлік қызметке келуіңізге не түрткі болды?

– Бұл салаға келуіме себепші болған адам – өзімнің жеке бапкерім Қанат Қамайұлы Жақсыбаев.

Жасыратыны жоқ, үлкен спортпен қош­тасқаннан кейінгі уақытта мен үшін жұмысқа орналасу оңайға түспеді. Жұмыс сұрап барған кездерімде сол кезде об­лыстың спортын басқарып отырған кісілер түрлі сылтау айтып, сыпайы шығарып салып жүрді. Сөйтіп жүргенде, 2005 жылы жаттықтырушым Қанат Жақсыбаев шет­елге бапкерлік қызметке кететін болып, өзінің орнын маған ұсынды. Басында бас тартқаныммен, Қанат аға тақымдап қоймады. Содан Әлия Молдағұлова атындағы спорт интернатына жұмысқа тұру бақыты бұйырған еді.

Бапкерім Қанат Қамайұлының сол кез­дегі айтқан сөздері әлі есімде. «Аркадий, – деген болатын ол кісі, – сен кезінде елге танымал спортшы болдың, тәжірибең де жеткілікті. Ендігі сенің міндетің – өз білгеніңді ортаға салып, боксты өнер деп таныған өрендерді тәрбиелеу. Егер осы үдеден шыға білсең – өмірде өкінбейсің».

– Үлкен спортта жүрген кезіңізде қандай боксшыны үлгі тұттыңыз? Ал бапкерлік қызметте кімге ұқсағыңыз келеді?

– Бұл әңгіме талай жазылып, айтылған да, қазір де айтамын: менің үлгі тұтқан боксшым – Серік Қонақбаев. Интернетті ашып, бұл кісінің кезіндегі жекпе-жек­тер­ін әлі күнге дейін демімді ішіме тар­тып, қызыға тамашалаймын. Қарай бер­гім келеді, көзім тоймайды. Бір сөзбен айт­қанда, Серік ағамыз қазақтың батыры ғой!

Ал бапкерлік қызметте өзімнің жат­тық­тырушым Қанат Жақсыбаевты үлгі тұтамын. Сол кісінің жолын берсе, мен өмірде өзімді бағы жанған бапкер ретінде санар едім.

Осы орайда Қарағанды облысының спортына Темірхан Абылаев сынды жаңа басшы келгелі спортшылар мен бапкерлерге жақсы жағдай жасалып жатқанын айтқым келеді. Жетекші спортшылардың стипендиясы мен жаттықтырушылардың еңбекақысы көтерілді. Ал біздің Әлия Мол­дағұлова атындағы спорт мектеп-ин­тер­наты колледжге айналып, өрісін кеңіт­ті. Осы шаруаның басы-қасында жүрген басшымыз Ерден Халилиннің білік­ті­лігі мен ұйымдастырушылық қабілетін атап өткеннің де артықтығы жоқ деп ойлаймын.

– Бапкер ретіндегі басты мақ­са­тыңыз қандай?

– Бір ғана мақсат бар, ол – Олимпиада чемпионын даярлап шығару. Біздің мектепте 60-тан астам бала бокспен айналысады. Мұның бәрінен Олимпиада чемпионын шығарам деу бос әңгіме, әрине. Алайда осылардың арасынан бір-екеуі Серік Сәпиев сияқты олимптің шыңын бағындырып жатса, біз үшін бұл үлкен мәртебе болар еді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

 

ҚАРАҒАНДЫ