Қоғам • 03 Қараша, 2020

Жетімдерді жебейтін жоба

1069 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ежелден жетімін жылатпай, жесірін жатқа бермей, ұлағат жолын ұстанған ұлт екеніміз баршаға мәлім. Халқымыздың осындай даналығының арқасында қазақ жерінде балалар үйі деген мүлде болмаған. Ал қазір қанша жерден қарекеттенсек те, көңілі налаға, көзі жасқа толы жетімектеріміздің саны артпаса, кемімей отыр. Осы ретте Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының елордадағы филиалы биыл «Интернат ұйымдарынан кейін жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бейімдеу және қолдау жөніндегі іс-шаралар кешені» деп аталатын жобаны қолға алды.

Жетімдерді жебейтін жоба

Қазіргі уақытта бас қала­мыздың өзінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны 2 730 жанды құрайды екен. Оның ішінде 1 451-і – 18-29 жас аралығындағы жастар, 238-і зерттеу фокус-тобымен қамтылған. Жоғарыда аталған жоба аясында бүгінде интернат мекемелерінің 164 бітірушісінің әлеуметтік бейнесі түзілгенін де атап өткен жөн.

Әлеуметтік зерттеуге қатысу­шылардың 46,4 пайызы – әйел, 53,6 пайызы – ер-азаматтар. Зерт­теу нәтижелері олардың ара­сындағы қазақ және орыс ұлт­тары­ның үлес салмағы бірдей (40,8 пайыздан) екенін көрсетіп берген. Басқа ұлттар өкілдері – 18,4 пайыз көлемінде.

Респонденттердің 26,4 па­йызы­ның – орта кәсіптік, 54,4 па­йы­зының – орта, 10,4 па­йы­зы­ның – жоғары, 8,8 па­йы­зы­­ның орта техникалық білім­дері бар. Яғни олардың жар­тысына жуығы ғана орта кәсіп­тік білімді меңгерген. Бұл олар­дың әлеуметтенуі мәсе­лесін өзектендіру қажеттігін көрсетіп берді. Рас, кейбір жағ­дай­ларда, тіпті толыққанды отба­сылардан шық­қан жастардың да қаржы жетіс­пеу­шілігіне байланысты жоғары оқу орындарына түсу­ге мүмкіндіктері болмай жатады. Ал мұның жетім балалар үшін бірнеше есе ауырлық жүктей­тіні екі бастан белгілі. Міне, сон­дықтан оларға арнайы білім беруді қамтамасыз ететін салалық реформалық өзгерістер енгізу қажет секілді.

Арнайы сауалдамамен қамтылғандардың отбасылық жағдайлары да әркелкі. Олардың 64,8 пайызы әлі үйленбесе, 21,6 пайызы отбасын құрап үлгеріпті. Ал 13,6 пайызы ажы­расу, азаматтық некеге тұру сияқты түрлі отбасылық жағдай­ларды бастан өткеріп отыр екен. Өздерінің денсаулығы жөнін­де респонденттердің 60,8 па­йызы «өте жақсы», 20 пайы­зы «орташа», 14,4 пайызы «қанағат­танарлық» деп бағалайды. 4,8 пайызы – мүгедектер санатында. Олардың қатарында түрлі топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.

Зерттеуге қатысқандар хоккей, футбол, жүзу және жеңіл атлетика секілді спорттың бірнеше түрімен айналысады, бос уақытын көбінесе тоқыма тоқумен, би үйірмесіне қатысумен, сурет салумен және тамақ дайындаумен тиімді өткізуге тырысады екен.

Алынған жауаптардың негі­зінде қазіргі қоғамдағы жетім жастардың тұрғын үйге қолжетім­діліктің, өздерін қаржыландыру ісінің болмауы, халық тұтынатын бір реттік тауарларға бағаның өсуі секілді бас ауыртарлық негізгі мәселелерінің рейтингі жа­салды. Олар жұмыспен қамту­ға, мемлекет тарапынан әлеу­мет­тік көмектің болмауына, сы­бай­лас-жемқорлыққа байланыс­ты қадау-қадау мәселелерді де атап көрсетті. Олар білім беру саласында өздеріне бір­қатар мемлекеттік қолдау көрсеті­луін қалайды. Атап айтқанда, респонденттердің 21-і шебер­лік сыныптарына қатысуға, 22-сі шет тілдерін үйренуге, 18-і жоғары оқу орындарына түсуге, 4-еуі орта техникалық жоғары оқу орындарында оқуға, 26-сы жүргізуші куәлігіне қол жеткізуге ықыласты. Сондай-ақ олар танымал жастар ұйымдарының мүшесі болудан да үмітті.

Сауалдамаға қатысушылар мем­лекеттің бірінші кезекте тұр­ғын үй, сапалы білім беру, қол­же­тімді медициналық қызмет, сот төрелігі, толық емес от­басыларға (жалғыз басты ана­ларға) көмек көрсету мәселелерін бақылауына алуын қалайды. Ал жартысынан көбі тұрғын үйлер қолжетімді болса дейді. Ендеше, олар үшін бұл мәселе де өте-мөте өзекті. Зерттеу нәтижелері бо­йынша осы санаттағы балалардың анық­талған мәселелеріне қатыс­ты бірнеше бағыт бойынша тиісінше жұмыстар жүргізілді.

Қаладағы №6 кәсіптік-техни­калық колледжбен жасалынған келісімшарт аясында 80-ге жуық балалар үйінен шыққандардың жоғары оқу орындарына және 14 жасөспірімнің орта кәсіптік кол­ледж­дерге түсуіне жәрдем көр­сетілді. Қазіргі таңда осы санат­тағы жастар үшін ағылшын тілі мен тігін курстары ашылып, оқу-үйрету жұмыстары жүргі­зілуде. Сондай-ақ бүгінгі күннің сұранысына ие спорт, SММ, фотограф, жасанды кірпік салу, шаш сәндеу, бояу, инфобизнес секілді мамандықтар бойынша 10-нан аса тақырыпта вебинар және офлайн курстар да ұйымдастырылған.

Сондай-ақ жоба аясында интернат ұйымдарынан кейінгі жетім және ата-анасының қам­қор­лығынсыз қалған балалар­ды сүйемелдеу және қолдау жөнін­дегі тұжырымдама әзірленуде. Оны түзу жұмыстары сарапшылармен, мемлекеттік органдармен бірлесе жүзеге асырылып жатыр. Әлеуметтік портрет аясында анықталған мәселелер бойынша тиісті мекемелерге хаттар жазылып, ұсыныстар жолданды.

Түрлі деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында мотива­циялық жарияланымдар, соның ішінде жобамен қамтылған табысты адамдардың жетістіктері туралы 10-ға жуық мақала жария­ланды. Жобаның қамту аумағын ұлғайту және бұл істі насихаттау үшін Instagram әлеуметтік желісіндегі 5 танымал блогердің парақшаларында ақпараттық пос­тар жарық көрді.

Жоба аясында қыркүйек айы­нан бастап Е10 көшесі, 2-үй, 1-кіреберіс, №1 кабинет мекенжайы бойынша көмек кабинеті ашылды. Онда балаларға тегін психологиялық және құқықтық кеңестер беріледі.

Жобада оның негізгі тақырып­тарын ашып көрсететін әлеу­меттік бейнероликтер шығару да көзделген. Қазіргі уақытта оның 4-еуі әзірленді, 2-еуі жүзе­ге асырылуда, жобаның қоры­тынды нәтижелері жылдың соңы­на қарай жария етіледі. Онда статистикалық деректер, әлеуметтік зерттеулер нәти­же­лері, жоба барысында анықталған әлеуметтік мәселелер негізінде ақпараттық баяндама жасалады.

Нұр-Сұлтан қаласының бас са­нитарлық дәрігерінің қаулы­сына сәйкес, каратиндік шектеулердің енгізілуіне байланысты қаладағы бар­лық қоғамдық шаралар тоқ­татылған. Осыған байланысты мотивациялық кездесулер онлайн режіміне ауыстырылды. «Атамекен» ҰКП-да «Жаңа интернет-мамандықтар», «Бизнес ашуға өтеусіз мемлекеттік грант», «Жеке бренд», «Қаржылық сауат­тылық», «Күз-қыс айларында немен айналысқан дұрыс? Жастарға кеңес» тақырыптарына қатысты 5 онлайн кездесу болып өтті. Сонымен қатар Кәсіптік-техникалық колледжде жобамен қамтылған жастармен «Арманда. Жоспарла. Әрекет ет» тақырыбында 2 мотивациялық кездесу өткізілді. Сондай-ақ жо­ба­да жыл соңына дейін жаңа биз­нес-идеялар құру, ынты­мақ­тастық әріптестік қарым-қатынас жасасу, тәжірибе алмасу мақсатында жергілікті меценаттарды, ірі кәсіпкерлерді тарта отырып, 3 «Ашық есік» күнін және балалар үйінде тәрбиеленіп, қоғам белсендісі болып жүрген жастардың қатысуымен онлайн вебинарлар да өткізу қарастырылған. Белсенді қатысқандарға рюкзактар, спорттық костюмдер және басқа да оқуға қажетті керек-жарақтарды тарату жоспарлануда. Өткізілген іс-шаралардан басқа қызығушылық бойынша сауалдама негізінде жыл соңына дейін тағы 6 мотивациялық кездесу өткізу жоспарлануда.

Сондай-ақ жоба аясында одан әрі ынтымақтастық әріптестік орнату үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Кәсіптік-техникалық колледжімен меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында «Атамекен» ҰКП жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департаментімен ынтымақтастық әріптестік қарым-қатынастар негізінде колледждің 24 түлегі жұ­мысқа орналастырылды. Қазіргі уақытта WhatsApp-та чат құрылды, онда жедел жұмыс іздеу үшін жаңа бос орындар жарияланады. 23 қыркүйек пен 23 қазан аралығында аталған жастар чатына 300 жұмыс түрі ұсынылды. Жалақы көрсеткіші – орта есеппен 120 000-200 000 теңге аралығында, одан да жоғары деңгейде.

Жан-жақты талдау, ве­до­м­ство­­­аралық өзара іс-қимыл және үздік үйлестіру үшін Нұр-Сұл­тан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, тұр­ғын үй және тұрғын үй инспекциясы, білім басқармаларының, «Көлік және коммуникация жоғары колледжі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жас­тар және отбасы істері комитеті, «Атамекен» ҰКП өкілдерімен, «Алтын Қыран» халықаралық қайырымдылық қоры, Jumysbar.kz жобасы, BTS-EDUCATION.KZ ЖШС менеджерлерімен кездесулер өткізілді.

Жоба интернат ұйымдарынан кейін жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бейімдеуге және қолдауға бағытталған. Ол өзінің діттеген мақсатына да жетеді деген сенімдеміз.