Спорт • 03 Қараша, 2020

Қарсыластарын тізе бүктірді

149 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда Suleimen Promotions ком­паниясының ұйымдастыруымен өткен кәсіпқой бокс кешінде әуесқой бокс­тан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері Бекзат Нұрдәулетов пен Абылайхан Жүсіпов өнер көрсетіп, қарсыластарын айқын жеңді.

Қарсыластарын тізе бүктірді

Бокс кешінің шымылдығын 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов пен 28 жастағы танзаниялық Ибрагим Маокола ашып берді. Кәсіпқой бокста 24 жекпе-жек өткізген Маокола оның 14-інде жеңіске жетіп, тоғызында қарсыласына жол берген. Бір кездесуінде тең түскен. Аса тәжірибелі бокс­шы деп саналған танзаниялық 22 жастағы отандасымызға тек екі раундқа шыдап берді. Нұрдәулетов екі раундта да қарсыласын бір реттен нокдаунға түсіріп, екінші раундтың соңында ауыр соққысымен сұлатып салды.

Сондай-ақ осы бокс кешінде бақ сынаған әлем чемпионатының екі дүркін қола жүл­дегері Абылайхан Жүсіпов алты раун­д қорытындысы бойынша танзаниялық Ме­шак Мвакенваны тізе бүктірді. Айта кетелік, Токио Олимпиадасына дайындалу мақсатында бапкерлер Жүсіпов пен Нұрдәулетовтің кәсіби бокста бақ сынауына мүмкіндік берген болатын.