Аймақтар • 03 Қараша, 2020

"Даму" қорының көмегі зор

145 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекеттің кәсіпкерлікті, соның ішінде шағын және орта бизнесті қолдауының бір көрінісі "Даму" қорының әрекетінен көрінеді. Үкіметтің арнайы Қаулысымен құрылған бұл қордың еліміздің кәсіпкерлігін дамытуға қосып отырған үлесі орасан зор. 2013 жылдан бастап оның акцияларының 100 пайыздық үлесі тұтасымен "Байтерек" холдингі АО-ға берілген. Сөйтіп, қордың жалғыз акционері қазір "Байтерек" холдингі болып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz

"Даму" қорының көмегі зор

Қазір Қор негізінен "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасының шеңберінде кәсіпкерлердің алған несиесінің өсім пайыздарын субсидиялау арқылы қаржылық көмек агентінің рөлін атқаруда. "Даму" қорының еліміздің барлық аймақтарында филиалдары бар, олар жергілікті кәсіпкерлермен, қоғамдық ұйымдармен және жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланысады. Қордың тағы бір қызметі берілген несиелерге банктердің алдында кепілдік бере алады, лизингтік мәмілелерді жеңілдікпен қаржыландырады. Сонымен қатар бұл қор кәсіпкерлікке оқыту, консалтингтік қызмет көрсету, ақпараттық-сараптық қолдаулар білдіру сияқты қаржылық емес көмектер де көрсетеді.

Өткенде қордың баспасөз қызметі Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарына пресс-тур жасаған еді. Сол шараның барысында тек биыл ғана Қор солтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің 115 жобасын қолдап, 11,8 млрд. теңгенің мемлекеттік қолдауын көрсеткендігі белгілі болды. Осы сома тұтасымен шағын және орта бизнес өкілдерінің банктен алған несиелерінің өсім пайызын субсидияландыру түрінде беріліп отыр. Бұлардан басқа 6 млрд. теңгенің 86 жобасына кепілдік берілген.

"Биылғы "Даму" қорының 9 айдағы бізге жасаған көмегінің көлемі былтырғы толық жылдан асып отыр. Жылдың аяғына дейін бұл көмек былтырғымен салыстырғанда 20 пайызға артық болады деп болжап отырмыз", дейді "Даму" қорының аймақтық филиалының басшысы Мереке Сыздықов.

Солтүстікқазақстандық "АгроПрофи" компаниясы Сергеевка және Булаев қалаларының кейбір мекемелеріне жылу жеткізумен айналысады. Осы компания "Даму" қорының көмегін көріп отырған кәсіпорындардың бірі. Қазір олар Қордың көмегімен сатып алған қазандықтардың арқасында жылу энергиясын өздері шығарады.

"Даму" қоры компанияның АТФ банктен бес жылға 14 пайыздық өсіммен алған 86 млн теңге несиесінің 10 пайызын субсидиялап отыр.

"Біз тек 4 пайыздық өсімді төлейміз. Бұл бізге үлкен көмек болып отыр. Алдағы уақытта біз жылумен қамту көлемін арттырып, Петропавлдағы төрт мектепті, Шал ақын, Жамбыл аудандарындағы мектептерді де жылумен қамтуды жоспарлап отырмыз", дейді компанияның директоры Николай Денисов.

Айта кететін бір жайт, осы компания сатып алатын польшалық қазандықтардың сапасы жоғары және экологиялық отындарды толық жаға алады. Экологиялық отынның қатарына сабан қолданылады. Оның энергия қуатын өндірудегі тиімділігі 85 пайыз.

Қордың пайдасын көріп отырған тағы бір кәсіпкер Алтынай Сәтина. Оның кәсіпорны желдеткіш жүйесін, жылу, пеш салумен айналысады.

"Мемлекеттік қолдау қоры барын естіген соң мен одан кеңес алуға бардым. Жеңілдікпен несиелендіру жолдары туралы біліп, өзімнің жобаммен таныстырған едім. "Даму" қоры қолдаған соң оны банк те несиелендіруге қарсы болмады. Сөйтіп мен 6 пайыздық қана өсіммен 60 айға 15,6 млн несие алуға қол жеткіздім. Қазір оның біразын жөндеу жұмыстарына, біразын жаңа жабдықтар алуға жұмсадым", дейді кәсіпкер.

"Қарапайым заттар экономикасы" мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде "ЮДИ–дент" стоматологиялық қызметтерді ұсынатын компаниясы Қордың қолдауымен жылдық өсімі 6 пайызбен 29,3 млн теңге несие алды. "Біз "Даму" Қорының қолдауымен протездерді жылдам дайындауға мүмкіндік беретін "Цифрлық зертхана" жабдығын сатып алуға несие алдық. Жабдық өте қымбат тұрады, сондықтан оны өздігімізден сатып алуға мүмкіндігіміз болмады. "Даму" қорының қолдауының арқасында бұл проблемамызды шештік", дейді "ЮДИ-дент" ЖШС басшысы Юлия Редькина.

Міне, кәсіпкерлікпен айналысып жатқан солтүстікқазақстандықтарға мемлекет «Даму» қоры арқылы осындай көмектер көрсетіп жатыр. Біз көмек алғандардың арасынан бірнешеуін ғана атадық. Барлық көмектің көлемі 12 млрд. теңгенің маңында. Осы игілікті пайдаланып қазақ жігіттері де белсендірек қызмет етсе қанеки. Әйтпесе, кәсіпкерлердің көбі басқа есімді адамдар екені көрініп тұр.

Солтүстік Қазақстан облысы