Қазақстан • 04 Қараша, 2020

Газ-химия кешені отандық экономикаға серпін берер жобаға айнала ма?

1197 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Атырау облысының ғана емес, ел экономикасын өркендетудегі жетекші саланың бірі – мұнай-газ өнеркәсібі. Алайда мұнайды өңдеп, жанармай түрлері шығарылғанмен, әлі бұл сала еңсе тіктей алмай отыр. Нақтылай айтқанда, мұнай-химия өнеркәсібіне қажетті өнімдерге қол жеткен жоқ.

Газ-химия кешені отандық экономикаға серпін берер жобаға айнала ма?

Кестеден кешіккен кешен

Осы орайда Мемлекет басшы­сының биылғы Жолдауында «Қазақстанның батыс өңірлері мұнай-химия кешендерін салып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірістік циклдарын құру үшін инвестиция тартатын орталыққа айналуға тиіс. Бізде осы күнге дейін мұнай хи­миясы мен газды қайта өңдеу жүйе­сінің жоқтығы – ақылға қонбайтын қисынсыз нәрсе» деп, енді өнімді өңдірушіден өңдеуші елге айналудың кезеңі жеткенін нақтылап берді.

Шындығында, елімізде мұнай-химия өндірісін өркенде­туге толық мүмкіндік бар. Өйт­кені осы салаға шикізат көзі – этанды өзге елден тасымал­дау­дың қажеті жоқ. Мұнай-газ өнер­кә­сібіндегі білікті мамандардың пікіріне сүйенсек, біздің елімізде өндірілетін газ құрамында химия өнеркәсібіне басты шикізат бола алатын этан қоспаларының үлесі шамамен 13-16 пайыз аралығында кездеседі. Қазақстанның кен орындарындағы ілеспе газ құра­мынан этан, этилен, полиэтилен өнімдерін алудың экономикалық, сонымен бірге технологиялық тиімділігі жөнінде оқтын-оқтын айтылып қалады. Мәселен, жаңа дәуірдің жетілдірілген озық технологиясымен бір тонна этилен алуға 1,25-1,3 тонна көлемінде этан жұмсалатынын мамандар жоққа шығармайды. Бұдан өзге газ құрамындағы қоспалардан кем дегенде 20-ға жуық өнім өндіруге мүмкіндік бар. Демек еліміздегі дамуы кенжелеп қалған химия өнеркәсібін өркендетуге шикізаттық негіз бар деуге болады. Алайда біздің елімізде бұған дейін газ құрамындағы қоспалардан химия өнеркәсібі үшін түрлі өнім шығаратын озық технологиямен жабдықталған кешен болған емес.

Міне, сол себептен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ши­кі­­заттық елден өңдеуші елге айналуы қажет екенін ұдайы айтып келеді. Тіп­ті Елбасының екі Жолдауында осы жобаға маңыз берілді. Соның бірінде Атырау облысында интеграцияланған газ-химия кешенін құру туралы: «Құны 6,3 млрд доллар тұратын Атырау газ-химия кешенінің жобалық қуатына шығуын қамтамасыз ету қажет, ол жыл сайын 500 мың тонна пропилен мен 800 мың тонна полиэтилен шығаруды қамтамасыз етеді. Мұндай өнімді біз Қазақстанда әлі шығарған емеспіз» деген еді.

Бірақ Қазақстанды айтпағанда, ТМД кеңістігіндегі елдердің бірде-бірінде теңдесі болмайтын алып нысан құры­лысын жүргізу мерзімі бастапқы мерзімінен бірнеше жылға кейінге шегерілді. Мұның себебін сол кездегі Мұнай және газ министрінің орынбасары Әсет Мағауов инвестиция тартумен байланыстырып еді. Себебі мұндай ірі жобаға салынатын инвестицияның көлемі өте ауқымды еді. Сондықтан бұл жобаны шетелдік инвесторлардың қатысуынсыз жүргізудің мүмкін емесі жоққа шығарылмады. Неге?

Біріншіден, мұны Қазақстанда да, ТМД елдерінде де іске аспағанымен байланыстыруға болады. Демек елі­міз­де газ-химия кешенін тұрғызу алғаш рет қолға алынып отыр. Алайда әлем елдерінің экономикасына өз зар­да­бын тигізген қаржы дағдырысы атал­ған жо­баны іске асыруға кедергі кел­тірді. Тіп­ті кестеден әлденеше рет кеше­уіл­дет­ті.

Екіншіден, Каспий теңізінің қазақ­стандық секторынан мұнай алу мер­зі­мінің кешіктірілгені де әсер еткен секілді. Дегенмен Қазақстандағы мұ­най-газ секторын, сонымен бірге химия өнеркәсібін биік белеске көтереді делінген жобаға инвестор тарту мәсе­ле­сі тоқтаусыз жүргізілді. Жобаға бас­тап­қыда инвестиция құюға арабтар да, қытайлар мен корейлер ұмтылыс танытты.

Ал газ-химия кешені жобасының операторы – «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» (KPI) ЖШС жұмысын 2008 жылы бастады. Бұл компанияның стратегиялық мақсаты – 2021 жылға қарай полипропилен, газ өңдеу мен мұ­най химиясының басқа да өнімдерін тиімді және жоғары рентабельді отан­дық өндіруші болу. Ал газ-химия кеше­­нінің жобасы ел Үкіметінің 2004 жыл­ғы 29 қаңтардағы №101 қаулы­сымен бекітілген «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының мұнай-химия өнер­кә­сі­бін дамытудың 2008-2013 жыл­дарға арналған бағдарламасы» шең­бе­рін­де кейіннен ішкі және экспорттық нар­ықтарда өткізу үшін қосылған құны жоғары мұнай-химия өнімдерін өнд­іру кешені үшін бастапқы шикі­зат ретінде Теңіз кен орнынан газ­дың ауқымды көлемін пайдалану мақ­са­­тында әзірленді. Сол себептен бұл жоба «Қазақстанның 30 кор­по­­ра­тив­тік көшбасшысы» бағ­дар­­л­а­ма­сы­на, сондай-ақ Үкімет қау­лы­сымен бе­кі­тілген стратегиялық инвести­циялық жо­балар тізбесіне енгі­зіл­ді.

Үкімет тарапынан осындай бір­неше шешім қабылданған соң интег­ра­цияланған газ-химия кешенінің бірін­ші кезеңін 2015 жылы, екіншісін бір жылдан кейін іске қосу жоспарланып еді. Алайда жобаның алғашқы кезе­ңі әлі күнге іске қосылған жоқ. Себебі кешеннің бірінші кезеңінде жү­зе­ге асатын полипропилен өнді­рі­сінің құрылысы 2017 жылдың желтоқсанында ғана басталды. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың қатысуымен өткен «Елді жаңа индустрия­ландыру: Қазақстан бары­сының серпіні» жалпыұлттық теле­кө­пір кезін­де жарияланды. Жылына 500 мың тонна полипропилен өндіру жос­пар­ланған бірінші кезеңінің құны 2,6 млрд АҚШ долларды құрап отыр. Оның құрылысын 2021 жылы аяқтау көзделіпті. Ал жаңа технологияларды іске қосу-реттеу 2022 жылдың бірінші тоқ­санында атқарылып, жобалық қуатына 2023 жылы шығады.

«КРІ» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Денис Козыревтың айтуынша, мұндай кешенге ең озық тех­но­ло­гиялық қондырғылар орнатылады. Әлемде полимер өндірісіне лицензия беруде бай тәжірибесі жинаған америкалық «Lummus Technology Inc.» компаниясымен келісімшартқа қол қойылған. Қазір мұнда орнатылып жатқан «CATOFIN» технологиясына негізделген пропанды дегидрациялау қондырғысымен (PDH) жылына 503 мың тонна пропилен шығаруға болады. Ал «Novolen» технологиясының полимерлеу қондырғысымен (PP) жылына 500 мың тонна полипропилен алынады.

Ең ірі кешеннің құрылысын жүр­гі­зе­тін мердігерлікке қытайлық CNCEC (China National Chemical Engineering Co.) компаниясы таңдалыпты. Ал серік­тестіктің өзінде 205 маман жұмыс істейді. Ал кешен құрылысына 477 адам тартылған. Оның ішінде жергілікті 181 қызметкер бар. Ал шетелден кел­гендер – 296 адам. Айтқандай, еліміз­де қауіпті індет тіркелгенге дейін мұн­да­ғы құрылыста 2 173 адам (1 700-і – жергілікті, 473-і – шетелдік маман) жұ­мыс істеген екен.

Кешеннің алаңы Атырау қаласынан сол­түс­тік-шығысқа қарай 33 км, Қара­батан бекетінен солтүстікке қарай 8-9 км жерде орналасқан. Учаске қол­даныстағы темір жолға (9,2 км), авто­мобиль жолына (6,3 км), су құ­бы­рына, электр желісіне және тасы­мал­дауға арналған құбырларға жа­қын орналасқан. Алаңдарды таңдау және учаскелерді жоспарлау кезінде жал­пы кеңінен танылған халықаралық стандарттар мен оң инженерлік-техни­ка­лық тәжірибеге сәйкес барлық қауіп­сіз қашықтық ескерілді.

Тек бір өңірдің ғана емес, ел экономикасына серпін беретіні күтілген алғашқы жобаға басшылық жасайтын «KPI» ЖШС басшыларының айтуынша, полиолефин құрамына полиэтилен, полипропилен, полиизобутилен, этиленпропиленді каучук секілді өнімдер жатады. Мұның ішінде химия өнеркәсібі үшін полиэтилен және полипропилен өнімдері кеңінен қолданылады. Сол себептен, Атырау облысындағы газ-химия кешеніндегі технологияларда аталған екі өнімді молынан шығару көзделіп отыр. Дәл осы екі өнім өнеркәсіптік және халық шаруашылығы мақсатындағы өнім­дер­ді кең ауқымда шығаруға ши­кі­зат көзі бола алады деп түсіндіреді ма­мандар. Міне, осындай себептер бұл жобаға шетел инвесторларының қызы­ғу­шылығын тудырды.

456

 

Аустриялық инвестордың аңсары

Кешеннің екінші кезеңіндегі полиэтилен шығару жобасына қанша қаржы салынатыны әзірге белгісіз. Бұрын оған 4,3 млрд доллар жұмсалатыны айтыл­ған еді. Бірақ газ-химия кешенінің екінші кезеңінің құрылысын бастау мәсе­лесі тіптен қозғалып отырған жоқ. Тіпті аустриялық «Borealis» ком­па­ния­сы дәл осы жобаға инвестор ретінде қа­тысудан бас тартты. Бұл туралы биыл­ғы мамырда белгілі болды. Әрине, ко­мпания басшылығы мұны кор­онавирус инфекциясымен байланыс­ты­ра жақауратқанмен, шын мәнінде мәселе басқада болып шықты. Басқаша айтқанда, аустриялық инвестордың аң­сары тым асқақ екені белгілі болып қалды.

Энергетика министрінің орынбаса­ры Мұрат Жөребековтің пікірінше, «Borealis» компаниясымен екі жылға жуық келіссөздер жүргізілген. Жо­ба­ны іске асыру үшін зауыт­ты этан ши­кі­­затымен қамтуда инвес­торға қо­лай­лы баға ұсыну, сон­дай-ақ Үкі­меттің қолдауы туралы келі­сім жасау қажет болды. Бұл құжат инвес­тиция­лық ке­лісімнің бір түріне жатады. Онда негі­зінен инвестицияларды қорғау шарт­тары мен инвестор үшін әртүрлі пре­ференция көрсетіледі. Бастапқыда «Borealis» компаниясы жобаның эко­но­микалық тиімділігінің белгілі бір дең­гейін кепілдендіру бойынша талап­тар қойған.

Ал мұндай талаптарды орындау үшін мәміле конфигурациясы тал­қы­ла­ныпты. Егер жобаның құны бекі­тілгеннен жоғары болса, онда бар­лық артық шығынды қазақстандық әріп­тес ретінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ төлеу міндетін алуы тиіс екен. Бұған қоса шығарылған өнімнің әлемдік нарықтағы бағасы төмендеп, жоба тиімділігінің нақты деңгейі белгілі бір мәннен төмен болса, онда тағы да «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ дивидендтерді ассиметриялық бөлу жолымен, өз есебінен «Borealis» компаниясы тиімділігінің талап етілетін дең­г­ейін қамтамасыз етуге тиіс болады.

Аустриялық инвестор өз мүд­де­сі үшін осындай теңдессіз артық­шы­лық­ты талап етуінің астарында не бар? Мәселен, Қазақстанның Үкіметі барлық даулардың халықаралық инвес­тициялық сотта қаралуына келіс­уі керек екен. Әрине, бұл сот инвес­тор­лар­дың мүддесін ғана қорғайтыны даусыз. Сонымен қатар «Borealis» ком­­п­аниясының басшылары инвес­тор­­лықты сылтау етіп, мемлекет та­ра­­пынан өздеріне келісімшарт мер­зі­мі аяқталғаннан кейін де шексіз артықшылықтар берілгенін қалайды. Бірақ қазақстандық тарап таразының басын өзіне бұрып, орасан зор артық­шы­лықты иеленгісі келген аус­трия­­лық компанияның шарттарын қа­был­даған жоқ. Дегенмен қазақс­тан­­дық тарап ортақ мәмілеге келу үшін бірнеше нұсқаны ұсынды. Ал «Borealis» компаниясының шарттары мақұлданса, онда ел экономикасына орасан зор салмақ салар еді. Тіпті мұның экономикалық, құқықтық тәуе­кел­і де тым жоғары болатын.

Рас, бір инвестор жобадан бас тартса, оның орнын өзгесі басады. Бір-бірімен бәсекелес инвесторлар осындай ұрымтал тұсты күтіп отырады. Осы тұрғыдан айтқанда, бір компанияның бас тартуынан еліміз ұтыла қоймасы анық. Себебі тоғызыншы территорияға инвестиция салуға ынталы компаниялар көп. Бұған Қазақстанның әлемдік нарыққа энергия ресурстарын ірі жет­кізушінің бірі екені түрткі болатыны даусыз. Оның үстіне еліміздің қой­на­уында табиғи байлықтың түр-түрі бар. Мәселен, Қазақстан мұнай қоры жөнінен әлемде 12-орынды иеленіп отыр. Ал газ қоры бойынша 22-орында, уран молдығымен үштіктің бел орта­­сында тұр. Әлемде уран өндіруден бірде-бір ел біздің алдымызды орай алмайды. Көмір қоры да мол. Бұл байлықпен 8-орынды иеленеді.

Демек осындай табиғи байлықтың молдығы еліміздің инвестициялық әлеуетін еселей түседі. Ал мұндай әле­ует ел экономикасына серпін беріп, сер­пінділік стратегиясына ай­на­­лар жо­баға тағы бір инвестордың кызы­ғу­шы­лығын оятары даусыз.

 

Атырау облысы