Аймақтар • 04 Қараша, 2020

Қарулы Күштер: Борыштан жауынгерлік жаттығуға дейін

983 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қай кезде де айбынды да айбарлы Қарулы Күштері бар елдің абыройы асқақ болары даусыз. Өйткені әр мемлекеттің беделі әлеуметтік-экономикалық һәм әскери әлеуетімен биіктей түседі. Осы тұрғыдан айтқанда, тәуелсіз Қазақстанның құрлықтағы және судағы шекара шебін көздің қарашығындай қорғау алдымен әскерге жүктеледі. Қазір отандық әскердің әлеуеті артты. Әскери бөлімдер осы заманғы озық техникалармен, қару-жарақ түрлерімен қамтылды. Мұның мысалын «Батыс» өңірлік қолбасшылығы құрамындағы әскери бөлімдерден де байқауға болады. Бұл – Қарулы Күштердің құрылым­дарында жүргізілген реформалардың жемісі. Сардарлар мен сарбаздар кез келген әскери тапсырманы бұлжытпай орындап, Отан шебін қорғауға сақадай сай әзірлігін байқатып келеді. Ал бұл жастардың әскерге баруға қызығушылығын оятты. Бұған бір күнде отаншыл 100 бозбаланың әскери борышын өтеуге аттанғаны дәлел бола алады. Сондай-ақ ел ертеңіне баланған өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне де баса мән беріліп отыр

Қарулы Күштер: Борыштан жауынгерлік жаттығуға дейін

Отанды қорғау – борышың  

Күзгі әскерге шақыру науқаны бас­талды. Атырау облысынан 700-ге жуық жастың әскерге атанатыны белгілі болды. Облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары жасақтау басқармасының бастығы, ма­йор Айдос Аманғалиевтің айтуынша, шақырылушыларды әскери бөлімдерге аттандыру алдында міндетті түрде ПТР-тест әдісімен коронавирусқа қарсы зерт­ханалық зерттеу жүргізіледі. Ал әс­кери бөлімге келгеннен кейін жас сарбаздар екі апталық карантинге орналасады. Сондай-ақ  медициналық тексеру жүргізіліп, әскерге шақырылушының әлеу­меттік-психологиялық мәртебесі бел­гіленеді.

Оның айтуынша, әскерге ша­қыры­лушыларды іріктеу мен бөлу барысында денсаулық жағ­дайы, бұған дейін ал­ған мамандығы ескеріледі. Әскерге ат­т­анатындардың  қатарында Атырау қаласының тұрғыны Ерасыл Табылдиев. Ол биылғы кол­ледж бітірді.

– Біздің әулеттегі азамат­тар­дың бәрі әс­кер қатарында бол­ған. Сондықтан мен де әс­керге баруға бала кезімнен да­йын­далған едім. Әскердегі бір жылда нағыз азамат ретінде шың­­да­латыныма сенімдімін, – дейді Ера­сыл Табылдиев.

Жақында медициналық тексеруден өткен атыраулық 100 боз­­бала облыстық Қорғаныс іс­тері жөніндегі департаменті жа­­­­­нын­дағы жинақтау пунктіне жиналды. Мұнда оларға әскери киім берілді. Енді олар оңтүстік өңірдегі әскери бөлім­де қызмет етеді.

– Шақыру қағазын алған соң дереу шақыру пунктіне кел­дім. Медициналық комис­сиядан өттім. Қазақстан Респуб­ликасының азаматы ретінде Қарулы Күш­тер қатарында қызмет етуге дайынмын, –  дейді әскерге аттанып бара жатқан Равиль Жоламан.

Облыстық Қорғаныс істе­рі жөніндегі департамент басты­ғының орынбасары, капитан Жас­ұлан Сатбалдиевтің айтуын­ша, биыл облыстық медициналық комис­сияның құрамына инфек­цио­­­нист дәрігерлер енгізіліпті. Ал шақыры­лу­­шылар әскери бөлім­­дерге аттанар ал­дында мін­детті түрде ПТР әдісімен қа­уіпті індет­ке қарсы зертханалық тест тап­сы­рады. Сонымен қатар оларға ин­­фекциялық бактерияға қарсы зарарсыз­дандыру үшін гель, меди­циналық қол­ғаптар мен маскалар беріледі.

– Біздің облыстан ҰҚК Ше­кара қыз­метінің әскери бө­лім­­дерін жасақтау жос­­пары толық­тай орындалды. Ендігі кезекте Қорғаныс министрлігінің әс­ке­ри бөлімдерін толықтыру үшін ме­ди­­циналық комиссияның оң қоры­тын­дысын алған шақырылу­шыларды әс­кери бөлімдерге аттандыруды бастадық, – дей­ді облыстық Қор­ға­ныс іс­те­рі жөніндегі департамент бастығының орын­басары, капитан Жасұлан Сат­балдиев.      

Әскери техника әркез дайын

«Батыс» өңірлік қолбасшылы­ғының әскери мамандары 1500-ден астам қару-жарақ пен әс­кери техниканы қысқы жұмыс ре­жіміне ауыстыруға дайындады. Ал мұндай дайындық бірнеше кезеңнен тұрады. Дайындық ке­зінде әскери және арнайы тех­никаларға сапалы қызмет көр­сетіліп, қарудың жай-күйі тек­серіледі. Әл­­бет­те, анықталған кем­­­шіліктерді түзе­ту үшін арнайы шаралар қолға алынады.

Бастапқы кезеңде әскери бө­лім­дер­де барлық санаттағы әс­ке­ри қыз­мет­­ші­лермен ұрыс ма­ши­налардың парк­терінде мау­сымдық жұмыстарды ұйым­дастыру, сондай-ақ техникамен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау туралы сабақ­тар өткізілді. Дайындық және тех­никалық қызмет көрсету жұ­мыс­тарының технологиясы мен дәйектілігі, суық мезгілде жаб­дық­тар мен қаруды қолдану ерек­шеліктері мен тәртібі жан-жақты зерттелді. Кейін әскери қызметшілер белгіленген қызмет мерзімі өткен компоненттер мен қосалқы бөлшектерді ауыстыруды қолға алды. Сонымен қатар олар жауынгерлік машиналарды қосалқы бөлшектермен, өзге де керек-жарақтармен толықтырды.

– Қазіргі уақытта әр әскери бөлім­де сегізге жуық бекет пен қызмет көрсету аймағы ұйымдас­тырылды. Ақауларды анықтау шаралары жүргізілуде. Әскери бөлімдер мен бөлімшелер алдын ала қажетті қосалқы бөлшек­тер­мен, құ­рал­дармен, сонымен бірге жанар-жағар­май­дың бар­лық түрімен қамтамасыз етіл­ген. Әскери қызметшілерге белгілен­ген уақытта салқындататын сұ­йық­­­тықтарды, сүзгі эле­мент­­те­рін, тозған резеңке бұйым­­дар­ды, майларды ауыс­тыру, түрлі бөл­шектер мен меха­низм­дер­ді реттеп, жөн­деу жүргізді, – дей­ді «Батыс» өңірлік қол­басшы­лы­ғының техникалық қызмет көр­­сету басқармасының аға офи­­цері, подполковник Сергей Облаженко.

 

Жаттығуда қиын болғанмен...

Атырау гарнизонында «Алтын жебе – 2020» арнайы опе­­рациялар күш­терінің ком­поненттерін кешенді тексеру бас­талды. Осыған орай «Батыс» өңір­лік қолбасшылығының арнайы жасақ­тары дабыл бойынша көтерілді. Іс-шара Қорға­ныс министрінің бірінші орынба­сары – Қарулы Күштер Бас шта­­бының бастығы, генерал-лей­тенант Мұрат Бекта­нов­­тың бас­шылығымен ұйымдасты­рылды.

Дабылдың негізгі мақсаты – арнайы бөлімдердің жауын­герлік дайын­дығының жай-күйін, жауын­герлік тапсырманы уақы­тын­да орындау мүм­кін­дігін тексеру, сондай-ақ бар­лық санат­тағы әс­кери қыз­метшілердің далалық даярлық деңгейі мен кәсіби даярлығын арттыру.

– Әскери бөлімді тексеру ке­зінде бө­лімшелер дабыл бойынша көтері­ліп, оқу-жаттығу по­лигондарына шы­­ға­рылды. Әс­кери қызметшілер лауа­зым­­дарына сәйкес топография, жары­лу ісі, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс, меди­цина­­­лық дайындық жөнінде арнайы сынақтар тапсырды. Қоян-қолтық ұрыс дағдыларын көр­сетті. Сонымен қатар  әске­ри қыз­метшілер қараңғы уа­қыт­­та толық құрамда 10 шақы­рым­дық марш жасап, оқу-так­ти­калық атыстардан жақ­сы нәти­желерді көрсетті, – дейді бө­лім командирі, подполковник Ес­болат Нұре­кешев. – Тексеріс ке­зінде армиялық тактикалық атыс жат­тығуларын орындау мен артиллерия атысын түзетуге, тәу­лік бойы армиялық авиацияны жүргізуге ерекше назар аударылды.

Бұдан кейін «Батыс» өңірлік қол­басшылығының әскери бөлім­дері қоры­­тынды тексеруден өтті. Ақтау, Ақтө­бе және Атырау гар­низондарының бар­лық әске­ри бөлімінде бөлімшелердің жауын­­герлік даярлық деңгейі мен жа­уын­­герлік мүмкіндігін бағалау үшін ауқымды қорытынды тексеруге қатысты. Қорытынды тексеру әскери бөлімдердің тұрақты орналасу пункттерінде және оқу полигондарында қабылданды.

Тексеріс кезінде тактикалық, арнайы дайындық, жауынгерлік машиналарды жүргізу, әскери топография, инженерлік, дене және атыс жаттығулары толық баға­ланады. Сондай-ақ өңірлік қолбасшылық тарапынан құрыл­ған комиссиялар қару-жарақ пен­ әскери техниканың жай-кү­йін, әскери бөлімдердің жа­уын­­­герлік дайын­дықты тіке­лей басқару жөніндегі жұмыс­ты ұйым­дас­тыру жүйесін, жауын­герлік және жұмылдыру дайын­дығын тек­середі.

Әрбір сарбаздың даярлығы жалпы және арнайы пәндер бойынша баға­ланады. Мәселен, байланыс бөлім­шелерінің әскери қызметшілері үшін қорытынды тексеруден өту кезіндегі басты талап – тактикалық және арнайы дайындық. Мұнда олар бекі­тілген нормативтерге сәйкес штаттық радиостансаны, байланыс құрылғыларын орналастыру мен бөлшектеуге арналған сынақтарды орындайды. Қоры­тынды тексеріс нәтижесімен бар­лық әскери қызметшіге жеке даярлық деңгейіне сәйкес келе­тін сыныптық біліктіліктер тағайын­далатын болады.

 

Алғашқы кезеңнің жеңімпаздары

«Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына еліміздің бар­лық аймағынан 39 команда қа­тысуда. Оның ішінде респуб­лика­лық «Жас ұлан» мек­теп­тері, облыстық әскери мек­теп-интернаттары, Қарулы Күш­тер­дің әскери-патриоттық клубтары, ҰҚК Шекара қыз­меті, ІІМ Ұлттық ұланы, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың тәр­бие­ленушілері бар. Қатысу­шы­лардың жалпы саны – 585 адам. Ал «Батыс» өңірлік қол­бас­шылығының «Батыс» және Атырау облыстық дене шы­нық­тыру және спортты дамыту орта­лы­ғының «Махамбет» әс­кери-па­триот­тық клубтары «Айбын» әс­кери-патриоттық жастар жиы­ны­ның кезеңдік жеңімпазы атанды.

«Айбын» әскери-патриоттық жас­тар жиынының басты және қызықты кезеңдерінің бірі – «Саламатты жас сарбаз». Мұнда олар алғашқы медициналық көмек көрсетуге машықтанды. Атырау гарнизонының атынан екі команда әр­­түрлі санаттағы сайысқа қатысты. Мә­­селен, «Батыс» командасы өңірлік қол­­­басшылықтар мен Қарулы Күштер әскер­лерінің  командаларымен сайысқа түсті. Ал «Махамбет» командасы өзге об­лыс­тардың Қорғаныс істері жөніндегі департаменттері атынан қатысқан командалармен бақ сынады.

Конкурс екі кезеңді қамтыды. Бастап­қыда қатысушылар жиын­ның ресми сайтында орналас­тырылған видеосабақтар бойын­ша дайындалды. Ал екінші ке­зеңде командаларға әртүрлі тө­­тенше жағдайға арналған ситуа­циялық тапсырма берілді. Аты­раулық командалар «есін жоғал­тып алу» және «ашық қан кету» тап­сырмаларын орындап, үздік нә­тижемен жеңіске жетті.

– Мен «Айбын» республика­лық әскери-патриоттық байқауы­на бірінші рет қатыстым. Байқау­дың бірінші ке­зеңінде «Айбын дарыны» интеллектуалд­ы ойы­нының қорытындысымен бар­лық қатысушылар арасында екін­ші орын алдым. Біз ал­ғаш­қы медициналық көмек көр­сету кезеңінде де жақсы нәти­же көр­сете алғанымызға өте қуа­ны­штымыз. Бізге үнемі қол­дау білдірген «Батыс» өңірлік қол­­басшылығына алғысымды біл­дір­гім келеді, – дейді «Батыс» коман­дасының мүшесі Аружан Иманова.

Қазір екі команда да жеңіске жету үшін дайындықты үдетті. Енді келесі  кезеңде олар әскери-қолданбалы спорт түр­лерінен сынға түседі. Ал ақтық сында «Брейн-ринг» ойынында білік­тілік танытпақ.

 

Әскери жәдігерлер көрмесі

Қорғаныс министрлігінің өкілдері Ақтау, Атырау, Ақтө­бе және Қызылорда гарнизондары­ның шалғайдағы әскери бөлім­дерін аралады. Мұнда әлеумет­тік-тұрмыстық жағдайды зерделей­тін ақпараттық-түсіндіру орталық­тарын ұйымдастырды. Сондай-ақ жеке құрамға Әскери-тарихи музейдің жылжымалы көрмесін әкеліп, құнды жәдігерлермен таныстырды.

Ақпараттық-түсіндіру тобы­на Қор­ғаныс министрлігінің құ­­қық­тық, қар­жылық және тұр­ғын үй мәселелері жө­нінд­егі білік­ті офицерлері, сондай-ақ тәр­­биеші-офицерлер, психолог­тар мен әскери-патриоттық орта­лық өкіл­дері кірді. Әскери бөлім­дердің жеке құра­мымен Мем­лекет басшысының «Жаңа жағ­дайдағы Қазақстан: іс-қи­мыл кезеңі» атты Жолдауының негіз­гі басымдықтарын кеңінен қамты­ған арнайы сабақ өткізілді. Әс­кери қызмет­шілермен, олар­дың отбасы мүшелерімен кездес­кен топ әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дай мен әскери ұжымдардың мораль­дық-психологиялық ахуалын зерттеу мәсе­лесін әңгіме өзегіне айналдырды. Мұн­дағы мақсат – әскери бөлімдерде құ­қықбұзушылықтардың ал­дын алуды күшейтуге, әскери ұжым­дарда саламатты моральдық-психологиялық ахуалды қа­лып­­тас­тыру үшін тәрбиелік-идео­ло­гиялық жұмысты ұйым­дас­ты­руға әдістемелік-практи­калық кө­мек көрсету.

Екінші дүниежүзілік соғыста­ғы Жеңіс­тің 75 жылдығы аясында әс­кери-тарихи музейдің экспонаттары бар жылжымалы көрме таныстырыл­ды. Онда әскери төсбелгілер мен медальдардан, әскери формалардан басқа Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһар­маны, армия генералы Сағадат Нұр­мағамбетовтің жеке бұйымдары мен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқар­баев Рейхстагқа тіккен жауынгер­лік ту­дың көшірмесі ұсынылды.

– Бұл көрме Жеңістің 75 жыл­дығы аясында ұйымдастырылды. Бұған бұ­рын Шымкент пен Арыс қала­ларында жылжыма­лы көр­ме ұйымдастырған едік. Аталған көрмені еліміздің бар­лық айма­ғында көрсетуді жоспар­ладық. Біздің бас­ты мақсатымыз – Екін­ші дүниежүзілік соғыстағы май­дангерлердің ерлігін үлгі ету ар­қылы жеке құрамның әскери рухы мен патриоттық сезімін арттыру, – деді көрмеге жауапты аға лейтенант Дәулет Қадиров.

 

Атырау облысы