Ауыл шаруашылығындағы өнім өндірісінің жалпы көлемі соңғы бес жылда жылдық 3,1%-ға өскеніне қарамастан, салада әлі де аграрлық дақылдар өнімділігінің төмендігі, еңбек шығындарын ақтамайтын ескірген технологияларды пайдаланумен, сондай-ақ саладағы субъектілердің инновациялық белсенділігінің баяулығы мен еңбек өнімділігінің төмендігі байқалуда.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартудың жыл сайынғы қарқыны республикада шамамен 2% деңгейінде тұр. Бұл ретте ЭЫДҰ елдерінде осы көрсеткіш – 10-12% шамасында.
Банктер тарапынан секторды несиелеу көрсеткіші әлі де жеткіліксіз. АӨК қаржылай тұрғыда қолдау тетіктері мемлекет органдары арқылы жүзеге асып келеді.
Биыл екінші тоқсанда Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің конъюнктуралық зерттеулерінің деректері бойынша респонденттердің 48% жеңілдетілген несие ең тиімді шешім деп есептейтіні анықталған. Қазақстанда бұл бағыттағы жұмысты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ атқарып келе жатқанын айта кеткен орынды. Биыл маусым айының соңына қарай корпорацияның отандық агроөнеркәсіптік кешенді несиелеу үлесі 52,6%-ды немесе 488,1 млрд теңгені құрады.
Былтырғы есептің деректеріне сүйенсек, аталған корпорация жалпы сомасы 289,8 млрд теңгеге 8,3 мың қарыз алушыны қаржыландырды. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда, 12%-ға артып, жоспардан 16%-ға көп (250,2 млрд тг). Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнімдері өндірісіндегі негізгі субъектілерге несие беру көлемі бойынша жоспардың орындалуы тиісінше 226-214% аралығында байқалса керек.
2019 жылы несиелердің басым бөлігі «Кең дала» көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелендіру бағдарламасы бойынша (60 млрд теңге) берілді. «Агробизнес 5 бағыт» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 54,9 млрд теңгеге 78 жоба қаржыландырылды. Атап айтқанда, етті мал шаруашылығын дамытуға – 10,5 млрд теңге (442 жоба), ет және өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге – 6,6 млрд теңге (16 жоба), сүт шаруашылығын дамытуға – 0,1 млрд теңге (3 жоба), суару жүйелерін сатып алуға – 1,1 млрд теңге (17 жоба), өсімдік шаруашылығын қаржыландыруға 36,6 млрд теңге (200 жоба) берілді.
Етті мал шаруашылығын дамытудың ұлттық бағдарламасын іске асыру шеңберінде «Сыбаға» несие бағдарламасы әзірленіп, оның аясында корпорация 22,3 млрд теңгеге жобаларды қаржыландырды.
Бұған қоса несиелік серіктестіктер мен лизингтік компаниялар арқылы АӨК-ді қарқынды техникалық қайта жарақтандыру картасы шеңберінде ауыл шаруашылығы техникасын, сол секілді қажетті жабдықтарды сатып алу ісі қаржыландырылды. 2019 жылы 876,4 млн теңге сомасына 147 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығын сатып алу үшін 6 АШТӨ несиесі берілді.