Әлем • 04 Қараша, 2020

Чили музыканты Димаш әндерін испан тілінде орындады

213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Джонатан Доносо – талантты вокалистердің бірі. Ол Димаштың әндерін испан тілінде орындап, тыңдармандарға кавер арқылы жеткізіп жүргеніне бір жылдан асты. Осылай ол көпке өнерде тілдік кедергінің жоқтығын дәлелдеп, қазақстандық орындаушының шығармаларынан шабыт алып жүр. Бұл туралы dimashnews.com хабарлады.

Чили музыканты Димаш әндерін испан тілінде орындады

Чили әншісі Джонатан Доносо бала кезден шығармашылыққа бет бұрды. Сегіз жасында фестивальдарға қатысып, ән және анимациялық кештерде өнер көрсетті. Осылай музыкаға алғашқы қадам басты. Жасы 32-ге келген әншінің әлі күнге дейін ән өнеріне сүйіспеншілігі өшкен емес.

Джонатан Чилидегі шағын, бірақ өте әдемі қала Ренода дүниеге келді. Қазір ол өзінің қызы Анита Лигероспен бірге Сан-Фернандода тұрады. Эмилия, Мартин және Данай есімді үш баласы бар.

Джонатан бір жыл бұрын Димаштың «S.O.S»әнін орындап, Youtube желісіне жүктеген болатын. Өзінің айтуынша, осы сәттен бастап оның өмірі түбегейлі өзгерді.

Осыдан кейін Джонатан қазақ ұлы Димаштың шығармаларын қалт жібермей қадағалап отырды. Жаңа әндерін тағатсыздана күтуді әдетке айналдырды. Оның әндеріне кавер жасауға құштарлығы оянды. Шығарманы қайта орындау ғана емес әннің мәтінін испан тіліне аударып орындауды қолға алды.

«Әнді тыңдаған кезде мен оның мағынасын түсінбеймін, өйткені басқа тілде. Бірақ ол маған қатты ұнап, бір әрекет жасауға белгі бергендей болды. Бұл сезім Димаштың «Give Me Love» әнін тыңдаған кезде пайда болды. Әннің әуені қатты әсер етті де бірден аудармасын іздедім. Аудармасы тіпті таң қалдырды. Мәтін менің басыманан өткен қиын кезеңдер мен ойларымды сипаттағандай болып, бірден кавер жасаймын деп шештім«, – дейді вокалист.

Джонатан әннің аудармасының үш нұсқасын тауып, испан тілінде әдеби мәтін жазды. Осыдан кейін, өзінің алғашқы шығармасын орындап, вокалист оны Smule және YouTube-ке жүктеді.