22 Қараша, 2013

Жарқын істерге қол созған жасампаз өңір

275 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болып, өңірдегі экономикалық- әлеуметтік реформалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

 

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болып, өңірдегі экономикалық- әлеуметтік реформалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

01-21-1102-21-1103-21-11 «ӘУЛИЕАТА» ӘУЕЖАЙЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР

Елбасының бұл жолғы сапары «Әулиеата» халықаралық әуежай ғимараты мен ұшыру-қондыру жолағын қайта салу жұмыстарының қарқын алуымен тұспа-тұс келді.

Мемлекет басшысын облыс әкімі Қанат Бозымбаев атқарылып жатқан жаңарту жұмыстарымен таныстырды. Бүгінде ескі әуежайды заман талабына сай қайта жаңғырту үшін қаржы тартылып, құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Оған әуежай акционерлері мен «SCAT» әуе компаниясы 3,4 миллиард теңге бөліп отыр. Соның нәтижесінде жолақтың ұзындығы 3500 метр болмақшы. Бұл – «Әулиеата» әуежайы қазіргі заманғы ұшақтардың барлық түрлерін қабылдайтын болады деген сөз.

Ал әуе жолаушыларына ар­налған заманауи жаңа тер­ми­налдың көлемі 5500 шаршы метрді құрайды. Осыған орай оның бір сағатта 300 жолаушыға дейін өткізе алатын мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, жолаушылар болашақта «Әулиеата» әуежайы арқылы облыс орталықтарымен қатар, Анталия, Мәскеу және Үрімжі қалаларына тікелей ұша беретін болады. Келесі жаздан бастап Анталия мен Дубайға туристік бағыттағы чартерлік рейс­тер де ашылмақшы.

Жаңа әуежай бүгінгі заман талабына сай жоғары деңгейде жұмыс істейді деп күтілуде. Бүгінде құрылыс жұмысы қарқынды жүргізіліп жатқан жаңа әуежай 2014 жылдың алғашқы тоқсанында толық аяқталып, халық игілігіне берілетін болады.

Елбасы жаңа әуежайдың жо­басы мен ондағы құрылыс жұмы­сы­ның қарқынына ризашылық білдірді.

 

ТАРАЗ – СПОРТШЫЛАР ҚАЛАСЫ

Елбасы, сонымен бірге, жұмыс сапары аясында облыс орталығының оңтүстік батысынан бой көтерген алып сарай – «Тараз-Арена» спорт кешенінде болды.

Тараз – спортшылар қаласы. Спорттың басқа да көптеген түрлерінің үздіктерін айтпағанда, бір өзінен Олимпиаданың әр жылдардағы 4 чемпионы шыққан өңір өрендерімен қалай мақтанса да жарасады. Егер осы тізімге атақты тұлпар Абсентті де қосатын болсақ, онда Олимпиада жеңімпаздарының саны тағы бір жүйрікпен толыға түсетіні белгілі.

Бірақ, «ұста пышаққа жарымас» дегендей, боксшылар мен балуандар ұстаханасына айналған облыстың орталығы сонау кеңес өкіметінің тұсында да, одан кейінгі ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы ішінде де зәулім, кең, бір мезетте көптеген спорт түрлерімен жаттыға алатын спорт сарайына жарымай-ақ қойып еді. Қанат Алдабергенұлы облысқа әкім болып тағайындалысымен, ел ішіндегі осы бір өкінішті ескеріп, жауапты іске нартәуекел деп кірісіп кетті. Міне, сол тәуекелдің нәтижесінде небәрі екі жылдың ішінде жамбылдықтар игілігіне елге ұялмай көрсете алатын үлкен спорт кешені беріліп отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа еңсесі биік әрі сәулеті мен сәні де бөлек сарай ерекше ұнаған болуы керек, кешен табалдырығынан өте көңілді аттады. Жарық та кең әмбебап залда сұңғақ бойлы бір топ спортшы волейбол добын қақпақыл ойнатып жатса, енді бір тобы баскетбол добын қуалап жүрген. Елбасы назары «ә» дегеннен волейболшылардың шебер қимылына ауды. Қызықтап кәдімгідей аялдап та қалды. Бір волейболшының допты ұрмақ болып барып қарсыластар алаңына алдап түсірген сәтінде, тіпті, разы болып кеткені сондай, қол соғып жіберді. Бұдан кейін олармен әңгімелесіп, табыс пен жеңістер тіледі. Баскетболшы және су добы спортының аруларымен де әсерлі әңгіме өрбітіп, олардың барлығына да үлкен жарыстарда жеңіс тұғырының ең биік сатысына шығыңдар деген тілек айтты.

Жаңадан пайдалануға берілген «Тараз-Арена» сарайында бір мезгілде 2500 адам спорттың 18 түрі бойынша жаттыға алады. Ғимарат ішінде 13 зал бар. Кешеннің айналасында ашық футбол алаңы, волейбол және баскетбол алаң­дары, теннис корттары жүйесі, 260 көлікке арналған автотұрақ салынған. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолайлы пандустар және сүйеніп жүруге арналған таяныштар жүйесі орнатылған. Спорт сарайы облыстық, республикалық және кәсіби деңгейдегі жоғары маңызы бар халықаралық спорттық-көпшілік іс-шаралар өткізуге ыңғайлы. Спорт кешенінің құрылысы 2011 жылы басталып, биыл қазан айында аяқталған. Құрылыс жұмысын «Құлагер» құрылыс компаниясы» ЖШС жүргізіп, 4,87 миллиард теңге қаржыны екі жыл ішінде толық игеріп шықты.

 

«ІНЖУДІҢ» ИГІЛІКТІ ІСІ

Елбасы тапсырмасының бірі – елімізде жеке балабақшалардың қатарын көбейту екені белгілі. Облыс орталығында тұсауын кес­кен «Інжу» атты жеке балабақша кешенін балабақша әрі бастауыш мектеп деуге болады.

Гүлмира Қуатбекқызы же­тек­шілік ететін мекеме жақында ғана пайдалануға берілген. Онда 280 сәби балабақша топтарында тәрбиеленіп жатса, 80 бала «Әліп­пемен» танысып, бастауыш сыныптың бағдарламасы бойынша сапалы білім, саналы тәрбие алуда.

Осы балабақшаның жұмы­сы­мен танысқан Елбасы бүл­діршіндерге жасалған қам­қор­лыққа ризашылығын білдірді. Жергілікті биліктің жеке бала­бақ­ша ашамын деген талапкерлерге қолдау көрсетіп отырғанын мақұлдады.

Мемлекет басшысына өңірдегі мектепке дейінгі білім және орта білім беру ісін дамыту, сондай-ақ, білім беру нысандары құрылысын жүзеге асыруды қамтитын бағдар­ла­маларды іске асырудың негізгі нәтижелері туралы баяндалды. Нұрсұлтан Назарбаев облыста апатты жағдайдағы мектептерді және үш ауысыммен оқытуды жою жө­ніндегі жүйелі жұмыстарды бұдан әрі жалғастыру қажеттігіне назар аударды. Ал «Інжу» бала­бақша кешені үшін жоба бойын­ша 650 миллион теңге қажет бол­са, оның 200 миллионы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекет тарапынан жеңілдікпен беріліпті. Балабақшада 12 топ бар. Ондағы бүлдіршіндер ана тілімен бірге, орыс және ағылшын тілдерін де біліп шығатын болады.

Қазіргі күні облыс орталығында 40-қа жуық балабақша, 30-ға тарта шағын орталық бар.

 

ӨРКЕНДІ ІСТЕРГЕ БЕТ БҰРҒАН

Облыстың қаңтар мен тамыз аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытын­ды­сына байланысты деректер мен дәйектерге назар аударсақ, осы уақыттар аралығында облыс өнеркәсіп кәсіпорындары 155,3 миллиард теңгенің өнімін өндіріпті. Қаржыгерлер тілімен айтсақ, нақты көлем индексі 107,6 пайызды құраған. Бұл – еліміз бойынша жақсы көрсеткіш, яғни 102,0 пайыз деген сөз.

Сондай-ақ, «жасыл» экономи­каны жандандыруды елімізде ал­ғаш­қылардың бірі болып Жамбыл облысы қолға алды. Мысалы, биыл Қордай ауданында ерекше электр стансасы іске қосылды. Бұл – еліміздегі күн сәулесінен қуат алатын алғашқы электр стансасы. Жамбыл өңірінде жүзеге ас­қан бұл қуат көзі Отар кентінің ма­ңайына орналасқан. Өйткені, «Қазгидрометтің» деректері күн қуа­тын пайдалану үшін бұл жердің ауа райы өте-мөте қолайлы екенін растайды.

Станса құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған. Бүгінде оның қуаты 504 киловатқа жететін алғашқы кезеңі іске қосылды. Станса алғашқы тексеруден өткеннен кейін межелі 7 мегаватқа көшеді. Ерекше жобаға қаржы салып, құрылыс жұмысын өздері қолға алған «ҚазЭкоВатт» ЖШС-і қаржы көздерін тарту үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл ауқат қоры» АҚ еншілес кәсіпорны – «Самұрық-Энергомен» іскерлік байланыс орнатқан.

Сонымен қатар, 2010 жылы Мерке ауданында қуаты 1,5 Мвт құрайтын су-электр стансасы мен Қордай ауданында күші 1,5 МВт құрайтын жел-электр стансасы іске қосылды. Ал үстіміздегі жылы Шу ауданында қуаты 9,2 Мвт құрайтын Тасөткел су-электр стансасының жобасы жүзеге асырылды. Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан Каменка ауылында қуаты 2,3 мегаватты құрайтын Қарақыстақ су-электр стансасының іске қосылуы да өңір үшін үлкен жетістік.

Сондай-ақ, үстіміздегі жылы «Vista International» ЖШС жалпы қуаты 21 МВт құрайтын Қордай жел-электр стансасының 4 МВт құрайтын алғашқы кезегінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Ал 2013 және 2015 жылдарға «Fonroche Energie» француз компаниясы қуаты 24 Мвт болатын күн-электр стансасының құрылысын бастамақ.

Мемлекеттік үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасы шеңберінде облыс бо­йынша бүгінде құны 500 миллиард теңгеге жуық 31 ин­вес­тициялық жоба (6,5 мың жаңа жұмыс орны) жүзеге асырылуда. Оның 16,4 миллиард теңгені құ­райтын 8 жобасының (646 жұмыс орны) құрылыс жұмысы үстіміздегі жылы аяқталып, ел экономикасын өркендетудегі ал­ғашқы қадамдарын бастамақ. Бү­гінде осы жобалардың алғаш­қы қарлығашы – «Құрылыс-По­лимер» компаниясы өз жоба­сы­ның тұсауын кесті. Облыстағы бұл ғажайып кәсіпорынның өндірістік кеше­нінің құрамына 16 инновациялық желі енеді. Бүгінде полимерден жасалған өнімдер құрылыс индустриясында кеңінен қолданылады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың облысқа жұмыс сапары бүгін одан ары жалғасады.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.

-----------------------------------------

Суреттерді түсіргендер

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.

Соңғы жаңалықтар