Қоғам • 04 Қараша, 2020

Елбасы кітапханасы мен Білім және ғылым министрлігі ынтымақтастық меморандумына қол қойды

358 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ынтымақтастық меморандумына қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елбасы кітапханасы мен Білім және ғылым министрлігі ынтымақтастық меморандумына қол қойды

Аталмыш құжат Елбасының идеялары мен бастамаларын ілгерілетуді, бірлескен мәдени-білім беру, ғылыми-ізденіс жобаларды іске асыруды көздейді. Меморандум аяғындағы негізгі серіктестік зерттеу бағдарламаларын, ғылыми-практикалық іс-шараларды (конференция, форум, семинар, т.б.) ұйымдастыруға, ақпарат алмасуға негізделеді.

Келісімге қолды Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов пен Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрі Асхат Айтмағамбетов қойды.

"Ынтымақтастық меморандумы Тұңғыш Президенттің жаһандық идеялары мен ішкі және сыртқы саясат бастамаларына ақпараттық-имидждік қолдау көрсетуге, Қазақстанның дамуына, жалпы әлемдік қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға қосқан Елбасының үлесін жан-жақты зерттеуге бағытталған  жұмысымызды күш жұмылдырады атқаруға ықпал етеді деп ойлаймын", – деді Ә.Рахымжанов.

Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрі Асхат Айтмағамбетов Елбасы кітапханасымен бірлескен жұмыстың Қазақстандағы білім саласына маңыздылығын атап өтті:

"Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратында еліміздің тарихы тұнып тұр. "Рухани жаңғыру" атты Елбасы бағдарламасы негізінде балалар соңғы технологиялармен жабдықталған мекемеде  құнды ақпаратпен білімін тереңдете түседі. Бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылды. Жауапты іс жалғасын таба бермек. Музейге мектеп, колледж, жоғарғы оқу орындарының білім алушылары келетін болады. Дөңгелек үстел, симпозиум, конференция сияқты шаралар өткізіледі.  Жоспарланған жұмыс ауқымы үмітті ақтайтынына сенемін", – деді Асхат Аймағамбетов.

Іс-шара барысында "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың әлемнің жетекші университеттерінде оқыған дәрістері" кітабының басылымдық және электрондық нұсқаларының тұсауы кесілді. Жобаның бас редакторы –   Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кеңсесінің басшысы, саяси ғылымдардың докторы, профессор Махмұд Базарқұлұлы Қасымбеков.

Қатысушылардың назарына кітаптың мазмұнын, мақсат-міндетін таныстыратын бейнеролик ұсынылды. Оның аясында әлемнің жетекші университеттерінде Елбасының сөз сөйлеген сәттері көрсетілді.

Білім және ғылым министріне аталмыш кітап пен басылымның электронды нұсқасы жазылған диск еліміздегі жоғарғы оқу орындарына таратуға беріліп, естелікке Елбасы кітапханасы ұжымының авторлық басылымдары тарту етілді.

Соңғы жаңалықтар