Қоғам • 04 Қараша, 2020

Білім сапасын бейнекамералар бақылайтын болады

528 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда орта білім беретін 205 ұйымға қосымша бейнебақылау жүйесін орнату көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде балалар қауіпсіздігімен қатар, білім сапасын қадағалауға да мүмкіндік береді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Білім сапасын бейнекамералар бақылайтын болады

Биылғы жылдың есепті кезеңінде қаладағы 48 білім беру мекемесіне профилактикалық бақылау жүргізілген. Тексеру нәтижелеріне сәйкес орын алған кемшіліктерді жою мақсатында мекемелерге ұйғарым беріліп, заң бұзушылықтың себептері анықталған. Алматы қаласы Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі департамент басшысы Гүлнар Ермекбаева сапаны бақылау мақсатында жүргізілген мониторингтің нәтижесін жария етті. Гүлнар Ермекбаева атап өткендей, "Бейнебақылау" мониторингінің қорытындысына сәйкес, 205 орта білім беру мекемесіне бейнебақылау жүйесін орнату туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты Алматы қаласының Білім басқармасы 2021 жылы орта білім беру ұйымдарында бейнебақылау жүйелерін жаңартуды  жоспарлап отыр. Ал осы есепті мерзім ішінде департаментке келіп түскен 66 өтініш қаралып,  хат түрінде түсініктемелер берілген.

Гүлнар Ермекбаеваның айтуынша, Балалардың құқықтарын қорғау мәселесі – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Департамент балалар құқығын қорғау, балалардың қараусыз, бақылаусыз қалмауын қамтамасыз ету,  әлеуметтік жетімдіктің алдын алу бойынша мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес және басқа ұйымдармен өзара байланыс жасап келеді. Ағымдағы жылы білім туралы құжаттар бойынша 2979 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 89-ы электрондық үкімет порталы арқылы берілген. "Е-лицензиялау" порталына келіп түскен 107 өтініштің 101-іне мемлекеттік қызмет көрсетілсе, 6-уына жауап қарастырылуда.  

Алдағы уақытта кәмелетке толмаған балаларға қатысты ақпараттардың пысықталатындығын жеткізген департамент басшысы "Бала қорғау" чатында, әлеуметтік желілерде азаматтардың балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі өтініштері бойынша түсініктемелер берілетіндігін атап өтті.  

Соңғы жаңалықтар