Аталған құжат Елбасының идеялары мен бастамаларын ілгерілетуді, бірлескен мәдени-білім беру, ғылыми-ізденіс жобаларды іске асыруды көздейді. Меморандум аяғындағы негізгі серіктестік зерттеу бағдарламаларын, ғылыми-практикалық іс-шараларды (конференция, форум, семинар, тағы басқа) ұйымдастыруға, ақпарат алмасуға негізделген екен.
Қол қойылған құжаттың маңызы жайлы Елбасы кітапханасының басшысы Ә.Рахымжанов: «Ынтымақтастық меморандумы Тұңғыш Президенттің жаһандық идеялары мен ішкі және сыртқы саясат бастамаларына ақпараттық-имидждік қолдау көрсетуге, Қазақстанның дамуына, жалпы әлемдік қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға қосқан Елбасының үлесін жан-жақты зерттеуге бағытталған» десе, келесі кезекте өз ойын білдірген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратында еліміздің тарихы тұнып тұр. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында балалар соңғы технологиялармен жабдықталған мекемеде құнды ақпаратпен білімін тереңдете түсері анық. Бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылды. Жауапты іс жалғасын таба бермек. Музейге мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының білім алушылары келетін болады. Дөңгелек үстел, симпозиум, конференция сияқты шаралар өткізіледі. Жоспарланған жұмыс ауқымы үмітті ақтайтынына сенемін», деген пікірін жеткізді.
Іс-шара барысында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әлемнің жетекші университеттерінде оқыған дәрістері» кітабының басылымдық және электронды нұсқаларының тұсауы кесілді. Жобаның бас редакторы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кеңсесінің басшысы, саяси ғылымдардың докторы, профессор Махмұт Қасымбеков.
Қатысушылардың назарына кітаптың мазмұнын, мақсат-міндетін таныстыратын бейнеролик ұсынылып, шара аясында әлемнің жетекші университеттерінде Елбасының сөз сөйлеген сәттері көрсетілді.